Жиналған қаражат CINCA синдромы дертіне шалдыққан Дильназ Әбдуғали мен Аягөз ауданынан келіп, оқып жатқан студенттерге көмек ретінде табысталмақ. Студенттердің ата-аналары Аягөз ауданында тұрады екен. Тасқын салдарынан баспанасыз қалып отыр. Осылайша кешенді көмек беруді университет ұжымы сонау 6 наурыздан бастапты. Акция «Шын жүректен!» деп аталады.
Осы бір айға жуық уақыт ішінде студент жастар Семейдегі «Аналар үйіне» де барып шығыпты. Қазақ гуманитарлық-инновациялық заң университетінің ректоры, ҚР Президенті жанындағы отбасы-демографиялық саясат және әйелдер ісі жөніндегі Ұлттық комиссия мүшесі, саясасаттану ғылымының докторы, профессор Шырын Құрманбаева алты ұл мен қызға тұсаукесер жасады. Сөйтіп, олардың болашағының баянды болуын тіледі.
-Біздің жастарымыз өзгенің басындағы қайғыға немқұрайды болмау керек,-деді Шырын Асылханқызы,-«Аналар үйінде» паналап отырған жас аналарға біздің студенттер заңгерлер ретінде құжаттарының реттеуге көмектесті. Балаларды ойнатып, бір сәт қамқорлықтарына алды. Сөйтіп, сәбилерге қуаныш сыйлады. Және сырқаты үшін 21 млн теңге қажет Дильназ Әбдуғалиге де ұжым болып қаражат жинаудамыз. Жиналған қаражат жақында Дильназдың анасына беріледі.
Наурыз тойы үстінде университет факультеттері киіз үй тігудің сайысына қатысып, бас бәйгені гуманитарлық факультет жеңіп алды. Және осы оқу орны ректорының гранты Науалы, Шүлбі елді-мекендерінен және балалар үйінен 8 адамға табысталды.
Айта кету керек, соңғы он жылда ректор грантына 220 жас ие болған екен.
Раушан Нұғманбекова
Суреттер автордыкі.
Семей