Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің таратқан соңғы мәліметтеріне сүйенсек, аймақта 600 адам қауіпсіз жерге көшіріліпті. Әсіресе Өскеменнің іргесіндегі Глубокое ауданы тұрғындарына қиын тиюде. Ауданның тоғыз бірдей ауылын (Глубокое, Предгорное, Прогресс, Алтай, Белоусовка, Винное, Ново-Ульбинка, Веселовка, Заречное) су басқан.
Облыс әкімі Даниал Ахметов кеше түнделетіп Глубокое ауданына барып, тасқыннан зардап шеккен үйлердің тұрғындарымен кездесіп, жағдайды өз көзімен көріп қайтты. Айта кетейік, кеше аталған ауданда жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай жарияланып, 406 адам (135-і – балалар) қауіпсіз жерге көшірілген-ді. Олардың бір бөлігі Глубокое кентіндегі жатақханаға, Белоусовка кентінің ауруханасына, Аграрлық колледжге, Предгорное ауылының №2 орта мектебіне, Прогресс ауылының №6 орта мектебіне, қалғандары туыстарының үйлеріне орналастырылған еді. «Глубочанка өзені арнасынан асып, осындай жағдай орын алып отыр. 2 күннің ішінде арнайы комиссия барлық су алған үйлерді тексереді. Кіру мүмкін емес болған үйлердің мәселесі су қайтқан соң қаралады. Сол тексерулер нәтижесінде тұруға жарамсыз болған үй иелеріне басқа үй немесе пәтер беріледі. Бүлінген үйлер жөнделеді» - деді аймақ басшысы тұрғындармен кездесуінде.
Д.Ахметовтың айтуынша, соңғы 3 тәулікте Глубокое ауданынан бөлек Өскемен қаласында 60 үйді, Катонқарағай ауданында 4 үйді су алған. Қазіргі уақытта Глубокое ауданы бойынша су басқан үйлердің саны 163-ке жетіп, 566 адам қауіпсіз жерге көшірілген. Әлеуметтік нысандар базасында құрылған уақытша баспаналарды солардың тек 60-ы ғана паналауда. Қалғандары туысқандарының үйіне орналасыпты. «Екі күннің ішінде 78 миллиметр жаңбыр жауған. Бұл үш айдың мөлшерінен асады. Глубокое ауданында су алған ауылдар да, Өскеменнің шетіндегі жеке секторлар да шұңқырлы жерде орналасқан.
Мезгілсіз жауын жібіп үлгермеген тоңның бетімен үйлерге жайылып отыр. Бұған дейін Аягөздегі тасқыннан зардап шеккен отбасыларға барлығы 189 млн теңге бөлінді. Ал Өскемендегі тасқынның салдарын жоюға қала бюджетінен қаржы жұмсалуда. Глубокое ауданындағы су басқан үйлердің тең жартысы тексерілді. Қалғанын 2 күннің ішінде қарап шығады. Соның нәтижесі бойынша тиісті қаржы бөлінеді» - деді облыс әкімі.
Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті бүгін Зырян ауданындағы Березовка өзені арнасынан асып, Соловьево ауылынан 18 адамның (оның 10-ы бала) қауіпсіз жерге көшіріліп, уақытша ауылдағы мектепке орналастырылғанын хабарлады. Қазір Катонқарағай мен Үлкен Нарын ауылдарындағы колледждерде эвакуациялау бекеттері ашылып, 32 тұрғын уақытша орналастырылды.
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»
Шығыс Қазақстан облысы