Кемеден шығып, алғаш рет көкке ұшқан құс нәурізек деседі. Жерге табан тіреген адамзаттың алғаш көрген өсімдігі қылтиып шыққан бәйшешек екен. Ұзақ жолдан арып-аршып, шаршап-шалдығып жеткен кемедегі бар азық-түліктен дайындалған тағам наурызкөже болыпты. Адамзаттың жаңа өмірінің бастауы Қазығұрт пен Табиғат ананың оянып, жаңарған кезі Наурыз мерекесі бір-бірімен осылайша ұштасады. Бір аңыздарда бұл мекенде Қорқыт пен Қыдыр атаның жүргені баяндалады. Қазығұрт түркі халқының ат байлаған Қазықжұрты болғаны, яғни кіндік мекені екендігі айтылады.
Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Қазығұрт тауының баурайында ұйымдастырған «Наурыз Қазығұрттан басталады» атты шарасының түпкі идеясын жұртшылыққа осылай түсіндіріп берді. Әкімнің өзі тілге тиек еткендей, шараның басты мақсаты – той тойлау, көңіл көтеру емес, елді ынтымаққа ұйыстыру, Елбасымыздың бастамасымен жүзеге асып жатқан «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында салт-дәстүрімізді жаңғырту, Оңтүстіктің киелі мекендерін таныту, туризмнің ордасына айналдыру.
Өңірдегі тарихи орындарды туристердің орталығына айналдыруды Жансейіт Түймебаев қызметіне келе салысымен қолға алғаны белгілі. Қазығұрт пен Ордабасыда үлкен туристік жобалардың қолға алынып жатқанын облыс басшысы бұған дейін де айтқан. «Наурыз Қазығұрттан басталады» шарасында жиылған қонақтар мен зиялы қауым өкілдері осы жобалардың нақты жүзеге асып жатқанына куә болды. Облыс әкімі Қазығұрттың баурайындағы Ақбура әулие кесенесінің қасында «Кемеқалған» туристік кешенінің іргетасын қалады. Көпшілікті осы жобамен таныстырды.
Жоба бойынша теңіз деңгейінен 1670 метр биікте жатқан, аңыз бойынша Нұқ пайғамбардың кемесі қайырылған Кемеқалғанға 3,1 шақырымдық қанат жолы мен 4 шақырымдық жаяу жүргіншілер жолы салынбақ. Осы жерде ұзындығы 120 метрлік, ені 30 метрлік, биіктігі 24 метрлік кеме тәрізді монумент-ғимарат бой көтереді. Үш қабаттан тұратын ғимараттың бірінші қабатында жан-жануарлар дүниесінің музейі, екінші қабатында қонақ үй бөлмелері, үшінші қабатында биіктен айналаның ғажап көрінісін тамашалайтын көру алаңы, тамақтану орны орналасады. Кешеннің айналасында туристердің жағдайын жасайтын мейрамханалар, балалар ойын алаңшасы, басқа да нысандарды салу көзделуде.
«Наурыз Қазығұрттан басталады» іс-шарасы облыстағы 1500-ге жуық өнерпаздың қатысуымен өтті. 40-тан астам киіз үй тігіліп, этноауыл және оған кіреберіс жеріне арнайы қақпа орнатылып, алтыбақандар мен ұлттық салт-дәстүрлер көрсетілетін арнайы шағын сахналар, ұлттық ойындарға арналған алаңшалар және қолөнер шеберлері мен ұлттық тағамдардың көрмесі ұйымдастырылды. Салтанатты іс-шара өтетін үлкен сахна Нұқ пайғамбардың кемесі іспеттес безендіріліпті.
– Наурыз мерекесі – жаратылыстың өз заңымен үйлескен, табиғатпен біте қайнасқан мереке. Бұл – Жаңа жылдың бастауы. Көктем – бүкіл тіршілік атаулының жанданатын, жаңарып түлейтін кезең десек, осы бір шуақты мезгілдің бастауында тұрған әз-Наурыз күн мен түн теңесіп, тіршілік атаулы қайта түлейтін тұс. Сонымен қатар Наурыз мерекесі бүкіл ауыл-ел болып, әсіресе жастар жағы түгелдей таң шапағын қарсы алудан – тазаланған арықтарға су жіберуден, ағаш отырғызып, гүл егу рәсімін өткізуден басталатын болған. Бұл мерекені қазақтардың «Ұлыстың ұлы күні» деп атайтындарының сыры осыдан болса керек. Міне, осының бәрін есепке ала отырып, Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласының аясында «Наурыз Қазығұрттан басталады» деген ауқымды іс-шара өткізіп отырмыз. Міне, биылғы Наурыз мерекесіне еліміз толағай табыстармен жетіп отыр. Алдағы жылы атқарылар жұмыстар да аз емес. Осының барлығы мемлекеттің халықтың әл-ауқатын жақсартуға барынша жағдай жасап жатқанын көрсетеді. Ендігі жерде біз де өз еліміздің өсіп-өркендеуіне үлесімізді қосуымыз керек, – деді облыс басшысы.
Мерекеде Жансейіт Түймебаев «Туған жерге тағзым» шарасына белсене қатысқан азаматтарды алтын, күміс, қола медальдармен марапаттады. Бұдан кейін шара облыс өнерпаздарының мерекелік бағдарламасымен, ұлттық спорт түрлеріне арналған жарыстарға жалғасты.
Айрықша театрландырылған қойылымдармен көмкерілген мерекеде Дихан баба шақырылып, қыс кетіп көктемнің келуіне орай гүлдің ішінен Көктем қыздың шығуы көрсетілді. Сондай-ақ 500-ге жуық көгершін көкке ұшырылды.
Ғалымжан Елшібай,
«Егемен Қазақстан»