Әмударияның оң жағалауындағы елдің спорт тарихы өңірде ашылған алғашқы мектептерге барып тірелетіні анық. Біз әрине, ресми түрде мойындалған спорт жайында айтып тұрмыз. 1874 жылы Петро-Александровск (Төрткүл қаласының бұрынғы атауы) қаласында бастауыш мектеп ашылған. 1885 жылы сол мектептің базасында қалалық училище пайда болып, онда тұңғыш рет гимнастикадан сабақ өткізілген. Осында алғаш рет 1939 жылы бүкілодақтық дене шынықтыру күніне орай республикалық спартакиада ұйымдастырылған екен. Онда С.Тұрсынов, Б.Жұманиязов, А.Әбдірахманов, С.Шамұратовтар жеңімпаз болған.
Екінші дүниежүзілік соғысқа байланысты бұла күші бойына сыймай жүрген атақты балуандар түгелдей дерлік майданға аттанды. Майданда қаза тапқаны қаншама. Соғыстан кейінгі жылдары Бесқала, Ташауыз, Хорезм жеріндегі тойлар күрессіз өтпейтін. Осы заманда Қожаназар балуанның өз шәкірттерін бастап, тойға баруы үлкен мейрам-тын. Ол кезде Қожаназар балуан алған жүлдесінің барлығын жоқ-жітікке таратып беруші еді.
Осындағы Қожаназар балуанның шәкірттерінің бірі – Әбиболла есімді бала. Ол қаршадайынан күрестің қыр-сырын үйреніп, жүлде үшін емес намыс үшін белдесетін. Әрі атақты Қожаназардың туған жиені-тұғын. Әбиболла әкесінен ерте айырылған, ағасы Қарлыбай соғыстан қайтпаған еді. Шешесін асырау үшін еңбекке ерте араласты. Мақта алқабында қара жұмыс істей жүріп, күрестің әдіс-тәсілдерін үйренді. 17-18 жасқа келгенде ешкімге есесін жібермейтін нағыз балуанға айналды.
Қожелі өңіріндегі атақты жылқышы Әшірбай жалғыз ұлы Нұрмұхаммедке сүндет той жасайды. Осы той Әбиболланың атын шығарды. Жас балуан бірнеше алыпты жығып, мәреге алқынбай жеткен екен.
– Бас жүлдеге тігілген түйе Әбиболлаға бұйырды, – дейді тойды жүргізіп тұрған Қожаназар балуан. – Әшірбай тағы да жүлде тігем дейді, қапы қалғандар болса, Әбиболламен күреске шықсын. Талапкерлер бар ма?
Талапкерлер көбейіп кетеді. Бұларды түгел жеңсе, түйе балуан атанатынын, жеңілсе, ұстазы Қожаназар балуанның да беделі түсетінін ұққан Әбиболла іштей Жаратқаннан жәрдем сұрап, алаңда қасқайып тұрады. Сөйтіп қарсылас шақ келтірмей бәрін жеңген Әбиболла, күрес біткесін жүлдеге алған бір түйе, екі өгіз, бес қой, түрікмен кілемін жетім-жесірге таратып беріп, елден бата сұрайды.
– Тұранды уысында ұстаған бабаң Жалаңтөс баһадүрдің аруағы жар болсын! Бабаң ақ найзаның ұшымен алған жерді ақ білектің күшімен алғайсың! Әумин! – деп бата беріпті нағашысы Қожаназар балуан.
– Әумин! Әумин! – деп бет сипады жиналған жұрт.
Ертеңіне Қожаназар балуан Қожеліден Нөкіс ауданының «1 май» ұжымшарындағы Әбиболланың үйіне қонаққа келеді. Тамақ жеп болған соң «Енді міне, түйе балуан болдың. Заман өзгерді. Атам заманнан бері тойларда күресіп, даңқы жер жарып жүрген балуандардың мысын бастың. Сен енді ауылдың тойын қой. Үкіметтік жарыстарға бар. Сонда көзге түссең үлкен жарыстарға апаратын көрінеді. Ана Сапалақ балуан 1939 жылы сол кездегі Қарақалпақстанның астанасы Төрткүлдегі жарыста жеңіп шыққан болатын. Сосын тойда күрескенді қойып, бірыңғай үкіметтің жарыстарына барды. Қазір ел оны бас балуанға балап жүр. Сен әлі жассың. Болашағың алда. Сондықтан атақты балуан болғың келсе, осылай жаса» деп өз ақылын айтты жиеніне.
Нағашысының сөзін екі етіп көрмеген Әбиболла келіскен сыңай танытып, үнсіз бас изеді.
Қожаназар балуан кеткен соң Әбиболла досы Ысмайыл Асамадиновпен бірге тынымсыз жаттығуды бастайды. Күрестің сан қилы әдістерін бірі екіншісіне үйретті. Нөкістегі жарыстарға ұжымшар атынан барып жеңіспен оралып жүреді. Сондай жарыстардың бірінде 1949 жылы ұлттық күрестен Ферғана қаласында өтетін ауыл жастарының спартакиадасына жолдама ұтып алды.
Бұл оның ауылдан ұзап шыққан алғашқы сапары-тұғын. Қатты толқыды. Жолай Хиуа, Бұқара, Самарқан, Жызақ, Ташкентті тамашалап қарақалпақстандықтар Ферғанаға жетеді. 19 жастағы Әбиболла бағы жанып, спартакиаданың жеңімпазы атанады. «Грамота» деген жазуы бар қатты қағаз бен алтын медальді алғаш көргенде, мұнысы жақсы екен «Бәленшенің тойында түйе, Түгеншенің тойында бие ұттым» деп жүрмейсің. Жеңісіңнің айғағы – медаль мен грамота, деп ойлады.
Елге келген соң Қожаназар балуан жиенінің жеңісіне қатты қуанады. Бұл оқиғаны дастарқан басында атап өтіп отырғанда, үйге Қарақалпақстанның атақты балуандары Сапалақ Шамұратов пен Қадыр Қаландаровтар кіріп келеді. Олар оқиға себепкерін құттықтап, ешқашан жауырыны жерге тимеген Қожаназар балуанмен әңгіме-дүкен құрады. Кетер кезінде екі балуан бірден оған қолқа салды:
– Балуан аға, жақсы шәкірт дайындаған екенсіз. Бұл бала әлі ұзаққа барады. Қалған жағында сүйегі сіздікі, етін бізге тапсырсаңыз...
Қожаназар балуан келісімін береді. Енді Әбиболланы Сапалақ пен Қадыр балуандар жаттықтыратын болады.
1950 жылы Өзбек ССР-нің 25 жылдығы салтанатты жағдайда атап өтілетін болып, облыстарда мерейтойға арналып спорттың әр түрінен жарыстар ұйымдастырылды. Ұлттық күрестен Қарақалпақстан чемпионаты да мерейтой аясында өтті. Ұстаздарының айтуымен артық салмақтан арылып, жеңіл салмақта күресіп жүрген Әбиболла Садықов автономиялық республиканың чемпионы атанды.
Өзбекстан чемпионаты Ташкент қаласындағы цирк ғимаратында өтті. Күрестен басқа спорт түрлері онша дами қоймаған кез емес пе, белгіленген орынға көрермен сыймай кетіпті. Күресті түргеліп тұрып тамашалағандар да көп. Осындай алқалы жиында нағыз балуан намысты қолдан беруі мүмкін бе, Әбиболла Өзбекстан чемпионы атағын жеңіп алып, жерлестерінің мерейін үстем етеді. Жеңімпаздарға Ашхабад қаласында өтетін Орталық Азия және Қазақстанның спартакиадасына жолдама берілген.
Әбиболла Садықов машықтанып жүріп, арадан екі жыл өткенін байқамай да қалады. 1952 жылы Ашхабадта Түрікменстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Қазақстан құрамалары дәуірдің айтулы жарысы саналған спартакиадаға жиналады. Қарақалпақстандық Әбиболла Садықов додаға Өзбекстан құрамасы сапында қатысады.
Қарақұм қойнауындағы әлі мәрмәр қала атана қоймаған Ашхабад 22 жастағы Әмудария жағалауынан келген қазақтың қара баласын арманның асқарына жеткізді. Финалда Қазақстан чемпионын жеңген Әбиболла Садықов ұлттық күрестен Орталық Азия және Қазақстанның абсолюттік чемпионы деген атаққа қол жеткізеді. Бұған дейін бірде-бір қазақ ұлтының өкілі мұндай атақты иеленбеген еді.
Әбиболланың ұлтын біліп қалған Қазақстан құрамасының бапкерлері оны атажұртқа әкету үшін Нөкіске келеді. Алайда Қарақалпақстан билігі ірі жарыста жеңіске жеткен тұңғыш балуанын бермеу үшін қатты қарсылық көрсеткен. Атажұртқа бармақшы болған арманы адыра қалған Әбиболла жүнжіп кетті. Соның салдарынан Өзбекстан Республикасы «Пахтакор» спорт қоғамының 1952 жылы 3-6 қыркүйекте Бұқарада, 1953 жылы 16-20 шілдеде Самарқанда өткізілген спартакиадасында үшінші, екінші орындарды қанағат қылды.
«Айналаңдағылардың саған деген қарым-қатынасын білгің келсе, олардан оқ бойы озып көр» деген халық даналығы дұрыс екен. Ресми Нөкіс пен Ташкент оны Одақ көлеміндегі жарыстардан үнемі шеттетіп отырды. Осы жолы барамын-ау деп дайындалып жүргенде тасадағы біреулердің мұны аттап өтіп кеткенін біліп талай қынжылды. Амал қанша?
Өмірінің мазмұны балуандықта деп білген Әбиболла күресті жалғастыра берді. 1954-1955 жылғы Қарақалпақстан спартакиадасында, 1957 жылғы Қарақалпақстан чемпионатында жеңімпаз болса, «Пахтакор» спорт қоғамының 1959 жылы Нөкісте өткізілген спартакиадасында 2-орынды алды. 1954-1955 жылдары Ташкент қаласында өткен Өзбекстан чемпионатында жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді.
Әбиболла Садықов спорттағы карьерасын аяқтаған соң Нөкіс қаласындағы «Пахтакор» спорт қоғамында, ішкі істер органында қызмет атқарды. Ол 1991 жылы 6 қыркүйекте Нөкіс қаласында дүниеден өтті.
1993 жылы 15 мамырда балуан Әбиболла Садықовты еске алу мақсатында ұлттық күрестен алғашқы турнир өткізілді. Содан бері бұл турнир ішінара өткізіліп келеді. Нөкіс қаласындағы бір көше даңқты балуанның есімімен аталады.
Бегабат ҰЗАҚОВ,
журналист
Оңтүстік Қазақстан облысы