Баварлық бас аспаз «SES» халықаралық ынтымақтастық бағдарламасы аясында Петропавл қаласына арнайы келіп, тегін шеберлік сағаттарын өткізді. Неше түрлі тағамдардың өзіне ғана мәлім дайындау құпияларымен бөлісті. «SES» жобасының ресми өкілі Ирина Васильеваның айтуынша, Қазақстан мен Германия арасындағы еріктілердің өзара тәжірибе алмасулары 2004 жылдан бері жалғасып келеді. Осы аралықта көптеген кәсіп иелері халықаралық сертификат алып шыққан. Бүгінде бірлестіктің құрамында 10 мыңға жуық шеберлігі жоғары мамандар бар.
– Жаратқанның бере салған қасиеті ме екен, бала кезімнен ас қамдауға өте епті, бейім болдым. Бірақ ата-анам аспаз емес, басқа мамандық иесі болуымды қалады. Гимназияда оқып жүргенде көне грек, латын тілдерін меңгеріп, кейін ағылшын, хорват, орыс тілдерін үйрендім. Ат жалын тартып мінер шаққа жеткенде өз ұйғарымым бойынша 3,5 жыл оқып, даяшы және аспаз мамандықтарын алып шықтым. Аспаздықтың тылсым сырларын игерудің еш қиындығы жоқ. Ең бастысы ынта, жігер, талап болсын, дейді жарты ғасырға жуық жұмыс өтілі бар өз ісінің білгірі.
Айтуынша, Қазақстанда экология таза. Табиғи өнімдерден жасалған азық-түлік құнарлы, ағзаға сіңімді. Қазір көптеген елдер адам денсаулығын ойлағаннан гөрі тезірек табыс тауып, байығысы келеді. Жасанды дәмдеуіштер күрт көбейіп кетті. Соның салдарынан жастар түрлі кеселдерге тез шалдыққыш. Өйткені ағзада ауруға қарсы тұру иммунитеті әлсіз. Шамадан тыс семіру де белең алып барады.
Ол шеберлік сағаттарының бірінде италиялық «Фиттуччини» тағамын әзірлеудің өзіндік тәжірибесімен таныстырды. Жетпісті еңсерсе де қимылына көз ілеспейді, қолы-қолына жұқпайды. Оның ас әзірлеу машығын тапжылмай бақылып тұрған «Beer-Grad» мейрамханасының аға аспазы Александр Михеев мына ақсақалға ілесу қайда дегендей басын шайқап қояды. Баварлық брецель, нан тоқаштары мен десерттерді заматта дайындап берді. Картоп салатының онға жуық түрін жасаған оның шеберлігі шынында да қайран қалдырмай қоймайды.
«Басқа жақты қайдам, Германияда аспаздық өнер ретінде бағаланады. Кулинарлық дәріс сабақтарының бағасы 3,5 мың еуроға дейін барады. Сондықтан уақытты босқа жібермей тегін ақыл-кеңес алып қалыңыздар», деп ара-арасында қалжыңдап та қояды.
Еңбек жолын 20 жасында Мюнхендегі элиталық мейрамханалардың бірінен бастап, көп жыл бойы аға, бас аспаз болып жұмыс істепті. 44 жасында экономист-менеджер мамандығын алыпты. Араламаған мемлекеті, жеңіп алмаған жүлдесі жоқ секілді. Зейнетке шықса да, лекциялар оқуға, конкурстарға жетекшілік етуге, шеберлік сағаттарын өткізуге шақырған өтініштер аз емес.
Қазақтың ұлттық тағамдарына қалай қарайсыз, қайсысын ұнатасыз деген сұраққа «ет асу» дегендей бас бармағын көрсетті. Қазақ – ерекше жаратылған жауынгер халық, ешкімге ұқсамайды. Мінезі кең, құшағы ашық, көңілі жомарт. Алайда майлы тағамға құмарлық, дастарқан басында көп отыру жарамайды. Етті негізгі тағам ретінде тұтынуға болмайды дегені ескертудей естілді. Дастарқанға жеміс-жидектің көбірек қойылуын қалайды. Қазақтар секілді сүттен жасалған мәзірді ұнатамын, тамақты талғап жегенге не жетсін, деп қосып қойды.
Қызылжар жерінде әлі боламын. Наурыз мейрамына қатысып, қазақтың салт-дәстүрлерімен, тағамдарымен кеңірек танысқаннан кейін ұлттық шеберлік сағаттарын өткізуден бас тартпас едім. Осы күнді тағатсыздана күтіп жүрмін, деген сөздері адам жанына жылылық ұялатады.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы