Қазақстан • 26 Наурыз, 2018

Қыдырма Тоқ­мур­зин ғылым үшін жаратылған жан еді

349 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Осыдан екі жыл бұрын дү­ние­ден өткен Қыдырма  Тоқ­мур­зиннің құдай қосқан қосағы Саташ апай Атырау мұнай және газ техникалық университеті ұжы­мы атынан бір топ ғылым док­торлары мен профессор-ға­лым­дарынан келген көңіл айту же­делхатты бойтұмардай сақтап жүр.

Қыдырма Тоқ­мур­зин ғылым үшін жаратылған жан еді

Онда «Қымбатты Саташ, Адай, Еділ, Шыңғыс! Қыдырма Хамитұлының тұлғалық қабілеті рухани жағынан аса бай және сан-алуан болатын. Ғылымның адал ұлының және жанкешті ғалымның аты алтын әріппен жа­зылуға лайық. Оның қазасы рес­публикамыздың ғылыми және педа­гогикалық қауымына орны тол­мас қайғы әкелді. Бірімізге адал дос, бірімізге жан жолдас, енді бірімізге ұстаз болған Қы­дырма  Хамитұлының бейнесі жүрегімізде мәңгі сақталады», деп жазылған.

Қыдырма Тоқмурзиннің Қа­­зақ­­­стан ғылымына сіңірген ең­бегі ұшан-теңіз. Қай жұмыс учас­кесі сеніп тапсырылса да, жан-тәнімен беріліп атқаратын.  Уа­қытпен  санасуды білмейтін, от­тай жалындап тұратын.  Ғылым­ның қия жолына аттанған «тар жол, тайғақ кешу» секілді ұзақ са­парда шарболаттай шың­да­лып, көптеген жетістіктер мен асулар­ды бағындырды. Са­налы ғұмырын еліміздің жо­ғары мектебіне арнап, негізгі тақырыбы химия саласы болды. Оның ішінде органикалық хи­мия сияқты екінің бірінің тісі бата бермейтін күрделі са­ла­ны таңдап алып, көптеген ғы­лыми жаңалықтар ашып, мұнай өндірісінің дамуына зор үлес қосты. Әріптестері кезінде  КСРО-ның атағынан ат үркетін беделді академиктері түсіндіріп бере алмаған реакцияны ашып, органикалық қоспалардағы төр­тінші функциялық топтар­дың өзара әсерлесуін ғылыми ай­налымға шығарғанын мақ­та­нышпен айтып отырады.  Химия ғылымдарының докторы, Ұлттық ғылым академиясының академигі атанды.

Еңбек жолын  өзі оқыған әл-Фа­раби атындағы Қазақ ұлттық университетінен бастап, Атырау мұнай және газ техникалық уни­верситетінде жалғастырды. Қа­зақ­стан Ұлттық ғылым акаде­миясының мұнай химиясы жә­не табиғи тұздар институтын бас­­қар­ды. Саналы  ғұмырының соң­ғы 18 жылында  М.Қозыбаев атын­дағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде ка­федраға жетекшілік етті. Ғы­лым­ға деген ерен құштарлығы арқасында ден қоя зерттеген са­­­ласы бойынша озық технология­лар мен инновацияларды өн­діріске енгізді. 150-ге жуық монографиялар, ғылыми мақалалар жазып, 50 авторлық куәліктер мен патенттер алды. Беделді халықаралық конференциялар мен симпозиум­дарда жасаған баян­дамалары мен тұжырымды ойлары жоғары бағаланды. Күрделі ғылыми зерттеулермен жүйелі ай­налысты. Солардың бір пара­сы мұнай битумын синтездеу ар­қылы  асфальт-бетон жолдың жа­мылғы қабатын же­тіл­діру, син­тез технологиясын қал­дықсыз қа­лыптастыру болып та­былады. Бір сөзбен айтқанда, химия ғылымына қосқан еңбегі өте зор.

– Қыдекең екеуіміздің шаңы­ра­ғымызды тамырын тереңге жайған мәуелі бәйтерекке ұқ­са­тамын. Ұлдарымыздың өмір­ден өз несібелерін теріп жеген қуа­ныштарын бөліскеніне, не­ме­релер қызығын көргеніне шү­кір­шілік деймін. Бүгінде Адай  әке жолын қуған ғалым, химия­ ғылымдарының кандидаты, ше­тел­дік мұнай компаниясында  қыз­мет етеді. Еділ мен Шыңғыс кәсіпкерлікпен айналысады.

Мені бар ғұмырын ғылымға ар­нап, еліміздің өркендеуіне қалтқысыз қызмет еткен, өшпес үлес  қосқан көрнекті ғалым, ака­демик есімі еленер деген үміт­темін. Көшеге атын беру, ол ең­бек еткен оқу орнына құрмет тақ­та орнату, бір аудиторияны есімімен атау  секілді ұлықтау рәсімдері орындалып  жатса, нұр үстіне нұр болар еді, – дейді Саташ апай сөзінің соңында.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

ПЕТРОПАВЛ