Біз бұл пікірлер қаланың ең төменгі қабаттары әлі де зерттелмегендіктен туындаған үстірт жорамал деп білеміз. Қарнақтың тарихи қала екендігі, ол жерде оғыздар мекендегені ХІ ғасырда қалам тербеген М.Қашқари сөздігінен белгілі. Бұл кезеңге қатысты ескерткіштер Қарнақ қаласының маңында жүздеп саналады десек артық айтқандық болмас, соның ішінде имам Бахили, Сопы Каландар, Шапар баба, Шейх Мұхаммед, Тақия ата, Хайриддин ата, Қарабура сияқты әулиелі жерлер ерекше аталады. Қарнақтың Қазақ хандығы дәуіріндегі тарихы да әлі зерттелмек түгілі, басталған да жоқ. Ал бұл қаланың ХV-ХVІІІ ғасырларда мемлекетіміздің экономикасы мен ғылым саласында маңызды рөл атқарғаны сөзсіз.
Қарнақ – әз Тәуке хан заманында
Деректерге қарағанда Әз Тәуке заманында бұл өңірде Қазақ хандығына қарасты 32 қала болған. 1690 жылдары Түркістанға Сібір басшылығы атынан келген Тобыл казак-орыстары Федор Скибин, Матвей Трошин Сауран, Сығанақ, Түркiстан сияқты қазақ қалалары туралы тамаша сипаттамалар қалдырған: «Тобыл қаласынан Түркістанға дейінгі аралықтағы Қазақ Ордасының қалаларының тізімі: Сауран жолымен оң жақтағы бірінші қала – Сауран; Сауран қаласының артында Сырдария өзенінен төмен, Қарақалпақ жаққа қарай Сунақ (Сығнақ) қалашығы; Сығнақ пен Сауранның аралығы бір күндік жер; Саураннан оң жақ бағытта Сырдарияның түбінде Оқ-Қорған қалашығы, Саураннан бұл қалаға дейін жарты күндік жер; Сауранның солтүстік жағында – Сузақ қалашығы, бұл қалашықтан Сауранға дейін екі күндік жол; Тәуке ханның иелігіндегі Түркістан қаласы мен Сауранның аралығы күндік жер; Сауран мен Түркістан аралығында жарты жолда Күшік солтан хан қиратқан бос қалған қала бар. Осы жолдың бойында сол жақта Қарнақ қаласы орналасқан; Түркістаннан орыс жаққа қарай таудың етегінде Оранхай қаласы, Түркістаннан Оранхайға дейін 10 шақырым; Түркістаннан шығысқа қарай азаннан түске дейін жүрсе 5 шақырымда Ташанақ қаласы; Түркістаннан 20 шақырым жолда Пихан (Иқан) қаласы, һәм басқа да көптеген біз атын білмейтін, Түркістанға жақын орналасқан қалашықтар бар. Ал орталықтан Түркістанға қарай Отрар қаласы, оған дейін бір күндік жер; Түркістанның орталығынан батысқа қарай Сайран қаласы, оған дейінгі жол 2 күндік. Жалпы Қазақ ордасында қалалар саны 32».
Бұл аталған қалашықтардың Қазақ хандығының қазынасына қажетті қаражатты беріп тұрғаны белгілі. Сонымен бірге қалалық өңір көшпелі малшы елге қажетті қолөнер бұйымдары мен астықты да өздері өндіріп отырды. Әз Тәуке хан билеген кезеңде Сыр бойындағы қалалардың толыққанды жұмыс істеп отырғанын деректер дәлелдейді. Бұл өңірдегі қалалардың ішінде әсіресе, Түркістан (Яссы) саяси және діни орталық ретінде бүкіл еуразиялық аймаққа белгілі қала еді. Қалалық өңірдің жағдайы жоғарыда сипатталғандай болса, қазақтың жаз жайлауы бүкіл далалық аймақты қамтиды. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының «Әз Тәуке ханның тұсында үш жүздің баласы оңтүстіктен шөлейтке қарай жайлайды екен. Сырдың бойын жағалап, Жетісу, Алматы, Қапал тауларын өрлей отырады екен. Орта жүздің қыс қыстауы шүйгіген Сыр бойы да, жаз жайлауы Арқаның жоны екен. Сол кезде Орта жүз қазағы Есіл мен Ертістің арасын қуалай жайлайды» деуіне осы жағдай себеп .
Қарнақ ежелден өндірісі дамыған қалашық, бұл жерде шойын қорыту, қорғасын балқыту, оқ-дәрі жасау кәсібі болғаны деректерден белгілі. Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне арналып жасалған атақты Тайқазан (Тошқазан) осы Қарнақта құйылған. Ресей патшалығының Әз Тәуке хан заманында Түркістанға келген елшілері қазақтардың оқ-дәріге қажетті қорғасынды Қаратаудан алып келіп Қарнақ қаласында дайындайтынын атап көрсетеді.
Қарнақта бірнеше медреселер болған. Бізбен әңгімелескен қарнақтық дамулла Тәджиддин ақсақал қалашықта ерте кезде 22 медресе болғанын, оның ішінде төртеуі үлкен медресе екенін айтқан еді. Қалашықта әлі күнге сақталған көне құрылыстардың бірі Шәмет ата мешіт-медресесі қазіргі күні музей болып қызмет жасап тұр. Қарнақ медреселерінде ерте заманнан бастап Кенесары-Наурызбайға шейін қазақ төрелері, елшілік қызметіне дайындалатын адамдар, сарай қызметкерлерінің балалары оқыды. Қарнақ қазаққа белгілі «зар заманның» ақыны Шортанбай Қанайұлының туған жері. Бұл дәстүр бертінге дейін жалғасқаны және көптеген қазақ азаматтары осы қалашықта оқығаны қазір анықталып жатыр.
Біздің ойымызша, Қарнақ ерте заманда гүлденген үлкен қала болып, кейін біртіндеп құлдырай бастаған сияқты. Қаратаудың қойнауына ене, тау баурайына сұғына орналасқан қалашықта ХVІІІ ғасыр зерттеушісі П.И.Рычков бар-жоғы 300 үй болды дейді. Ескі Қарнақ – төрт дарбазалы, биік қорғаны бар қышлақ. Елдің бәрі де жаз күні қалашық маңайында қызмет жасайды да, жау келді десе болды, қорғанның ішіне тығылады.
Білімге байланысты болғандықтан шығар, Қарнақта қожа әулеттері аз емес. П.И.Рычков «потом в Туркестан перешло из агарян несколько ходжей, которые и поныне тут живут и, будучи признаваемы за отродие магометово, отменно и ъа святых почитаются. Из таких ходжей доныне в туркестанской большой мечети есть гроб одного, по их закону за святого почитаемого, который именуется Ходжа Ахмет, и есть один из семи святых, коих магометане за знатнейших почитают, и великую честь их гробам воздают» деп бұл өңірде қожалардың көптігі мен беделін ескертеді. Қарнақта қылышты қожа, жүйнектік қожа, қарашықтық қожа, момын қожа, шілікті қожа, т.б. бар. Қожалармен қатар жергілікті, ертеден келе жатқан бірнеше сарт әулеттерін де атауға болады – толча, қараханлар, қозықилы, сартораш, тәбризи, т.б. Сонымен бірге тегі қазақ бірнеше ата баласы да осы қалашықты мекен етіп, жергілікті тұрмыс тәртібін қабылдап ертеде сарт болып кеткен, қазіргі күні өзбек атанады. Олардың ішінде қарағұрлық тінейлерден шыққан Тұрба әулеті, Молла Хамза әулеті, Жетімдерден Нұр әулеті, Шоқморлы, Тау тұмалық арғындар Өгіз таулық арғындар т.б. Олардан басқа қазақтың төре, төлеңгіттерінен де тұқым бар. Кеңес заманында осы әулет өкілдері Тәшкент пен Самарқанда оқып, араларынан оннан аса ғылым докторы, бірнеше ірі жазушылар, жүздеген дәрігер мен инженер шықты. Қарнақ қалашығында Әз Тәуке хан заманында өзге елдерден келген елшілерді орналастыратын қонақ үй болған. Олардың арасында айлап-жылдап жүргендері де бар, бұл жеке баяндайтын үлкен тақырыптар.
Қарнақ атауы көне тарихқа бастайды
«Қарнақ» атауының ғылыми этимологиясы әлі де жасалмаған, соған байланысты халық арасында кереғар пікірлер көп. Халық аузында «Қарнақ» атауының келіп шығуы туралы әртүрлі аңыздар, деректер кездеседі. Соларға сүйеніп Махмұд Қашқари «Диуани лұғат-ат түрік» кітабында «Қарнақ – оғыздар қаласының бірі» – дей отырып, «қарнақ» атауы «іші үлкен адам» деген мағына береді дейді. Осыған байланысты жергілікті өлкетанушылар «қарнақ» атауын «қарынлық» сөзінен шығарғанды дұрыс көреді, яғни төңірегі биік, ортасы терең ойпат болған жер. Кейбір ғалымдардың айтуынша, «Түркістан қаласы маңындағы бірқатар ауыл аттары туынды зат есім саналады. Мысалы: Созақ, Қарнақ, Ташанақ, Шобанақ, Шорнақ атаулары ауылдар орналасқан жерлердің географиялық орнына қарай берілген болуы да мүмкін». Жергілікті өлкетанушылар да осы пікірге құлап, Қарнақ ауылы жоғарыда айтқанымыздай, төңірегі созылып кеткен байтақ дала ортасында, қарында жатқандай көрінеді дейді. Біз бұл пікірмен келісе алмаймыз, себебі Қарнақ қалашығы бір жағынан ғана, яғни солтүстігінен Қаратау жоталарымен жабылады, ал оңтүстік, шығыс, батыс жақтары жазық, яғни ашық алаңқай. Бұған қарап оны қарында орналасқан қалашық дей алмайсың!
Осы тақырыпта біраз еңбек жасаған тарих ғылымдарының кандидаты М.Тұяқбаев «Қарнақ» сөзіндегі «қарды» Махмұд Қашқари сөздігіндегі «қаршы» – хан ордасы деген мағынамен байланыстырады. Қарнақ қаласының ерте орта ғасырға сәйкес келетін Ғартөбе қала жұртының жанында «Хантөбе» деп аталатын төбе бар. Жергілікті халық арасындағы аңызға сүйенсек, осында Әмір Темір өз әскерлерімен тоқтап, дем алған. Осы ойды дамыта түссек, «қала Хан ордасы болды» деген жергілікті халық аңызымен ұштасатын дерек пайда болады. Ал Ғартөбе атауы «ғар» парсы тілінен аударғанда, «үңгір» деген мағынаны білдіріп, осында ислам дінінің кең қанат жайғанынан кейін сопы-тақуалар өмір сүрген үңгірлер болғандықтан қалыптасқан атау болса керек. «Қарнақ» сөзінің анықтамасына келер болсақ, М.Тұяқбаев «қарнақ» – қар көп жауатын аумақ, ал «ғарнақ» – сопылар өмір сүрген үңгірлер көп орналасқан аймақ мағынасын береді» – деген ой тұжырымдайды.
Қарнақ атауына қатысты осы сияқты пікірлер көп. Себебі Қарнақтың қазақ тарихындағы орны да ересен, оның саяси, экономикалық қызметіне қатысты деректер әрқилы. Біз, біріншіден, Қарнақ атауының мағынасын табу үшін осы сөзде қолданылатын «нақ» жалғауына үлкен көңіл бөліну керек дейміз. Түркістан аймағында «нақ» жалғауымен бірнеше қалашық кездеседі. Оларды санамалайтын болсақ – Қарнақ, Сунақ (Сығанақ), Ташанақ, Шобанақ, Шорнақ, Жүйнақ (Жүйнек). Түркістан аймағында осы жеті «нақ» өзара жер асты жолдарымен жалғасқан, жау шапқанда ел бір қаладан екіншісіне жан сақтап кетіп отырады екен деген аңыз бар. Екіншіден, «нақ» жалғауы бар сөздер бір дүниені ұлғайту мақсатында қолданылса керек деген пікірмен келіспейміз. Керісінше, «нақ» жалғауын қазақ тіліндегі «нақты» деген ұғыммен байланыстырған жөн. Егер бұл сөздің тамырын қуалайтын болсақ, онда тым ерте, яғни біздің жыл санауымызға дейінгі үшінші-екінші мыңжылдықтардағы арий-тур сөздік қорындағы «нақ» сөзіне барып жалғанатынын анықтаймыз. Түркі тілдерінде бұл көне сөз – қазақтың нақ, нақты деген ұғымдарында, хорезм түріктерінде саяси мағынадағы – инак атауында сақталған. Инақ сөзінің мағынасы жақын дегенді білдіреді, яғни ханның жақыны, жанашыры, ақылшысы. Орыс тіліндегі анықтамасы: «инак- букв. “доверенное лицо»; как должность и титул в разное время и в разных местах имело разные значения; в нашем тексте, означает придворных, лично близких к хану».
Сонымен нақ сөзінің көне мағынасын қабылдасақ, Сунақ – суға жақын қала, Ташанак – тасқа жақын қала, Қарнақ – Қаратау баурайындағы, Қаратауға жақын елді мекен. Оның алғашқы түпнұсқасы «Қара нақ» болса керек деген пікірдеміз. Қара (Хара) – бұл жерде Қаратаудың көне заманнан бергі атауы. «Авестада» айталатын «Как Солнце, что через Хару, летит в своем полете, Вот так же, о Спитама, я снизойду к молитве» дейтін Хара өзіміздің Қаратау екені анық. Тек «Авестаны» зерттеу ісіне біздің ғалымдар араласпады да, И.Стеблин-Каменский сияқты, Орталық Азияның адамзат тарихындағы орнын қабылдай қоймайтын адамдар Хараны – Гиндукуш жүйесіндегі мифтік таулар деген жорамал жасады: «Хара – мифические горы, окружающие землю. Название Хара-Бэрэзайти, дословано «Высокая Хара», позднее было перенесено на горы Эльбрус на севере Ирана и на Эльбрус на севере Кавказа. В основе представлений о Выской Харе, или Харайти, лежат, возможно, воспоминания о Памиро-Гиндукуше». Шын мәнінде «Авеста» аталатын көне заманның ғаламат естелігі Еуразиялық Ұлы даланың бүкіл тарихи географиясын қамтып тұр.
Қайткенде де Қарнақ атауының көне заманға баратыны анық болса керек. Ең бастысы біз осы атаудың этимологиясын іздеу барысында Францияның батыс аймағы Бретаньда орналасқан Қарнақ атты көне қорымның, Мысырдың оңтүстігінде, Ніл дариясының бастауында тұрған Қарнақ ғибадатханасының тарихы өзіміздің Түркістан алқабымен, Қасиетті Қаратау мен Сырдария жағалауымен байланысты екенін аңғарамыз. Біздің жыл санауымызға дейінгі екінші мыңжылдықтағы ұлы көштердің заманында Қарнақ атауы Еуропаға да, Африкаға да барып қалғанына дау болмаса керек.
Қарнақ туралы әңгімелерден көне заманның иісі бұрқырап тұр. «Атамыз алаш, керегеміз ағаш» деген қазақтың қария сөздерінен энеолит дәуіріндегі жылқышы тайпалардың тұрмыс-тіршілігін көрсек, Қарнақ атауынан біз отырықшы өнеркәсіпті тұрмыстың бастауында тұрған, адамзат баласының алдынан өркениет есігін ашқан арий, яғни үнді-герман текті тайпаларды аңғарамыз. Ежелгі дүние шежіресінде әлемдік бес өркениеттің басын қосып, мидай араласып, нәсіл мен нәсілді, мәдениет пен мәдениетті тоғыстыратын дәнекер қызметін атқарушы, адамзат тарихына жүйе беруші күш Еуразия ұлыстары болатын. Қаратау баурайындағы Қарнақ атты шағын қалашық сол дәнекерлердің бірі болғаны анық.
Жамбыл АРТЫҚБАЕВ,
тарих ғылымдарының докторы,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия университетінің профессоры