Кеше отандасымыз жүлде қоры 8 миллион долларды құрайтын жарыстың төртінші айналымына шықты. Диас екі сағатқа жалғасқан үшінші айналымда германиялық Карина Уитхофты (әлемнің 57-ракеткасы) жеңді. Бұл кездесуде Зарина қарсыласына қарағанда сауатты ойын көрсетіп, жеңіске әбден лайық екенін көрсетті.
Кездесудің бірінші сетінде Қазақстандық теннисші германиялық қарсыласынан 4:6 есебімен жеңіліп қалды. Екінші сетте де Диас Карина Уитхофқа 4:5 нәтижесімен есе жіберіп жатқан. Алайда ақылы мен күшін бір арнаға тоғыстыра білген жерлесіміз германиялық теннисшіден жеңісті жұлып алды. Есеп – 7:5. Екінші сетте Зарина оң аяғынан жарақат алып, медициналық көмек алуға мәжбүр болды. Дегенмен дәрігерлер отандасымызға дер кезінде қажетті емді қолданып, оған жарысты жалғастыруына болатынын айтты.
Ал үшінші сетте Диас Уитхофқа еш мүмкіндік қалдырмай, 6:0 есебімен айқын ұтып, бұл сетті де өз пайдасына шешті. Германиялық теннисші дәл және анық соққы жасағанымен, Зарина оның шабуылдарына тойтарыс беріп отырды. Ойындағы қорытынды есеп – 4:6, 7:5, 6:0.
Бұл екі теннисшінің өзара екінші рет кездесуі. Бұған дейін Зарина Диас пен Карина Уитхоф 2016 жылдың мамыр айында Францияда өткен French Open турнирінің алғашқы кезеңінде жолыққан. Ол ойында да отандасымыз 2:6, 6:4, 6:2 нәтижесімен жеңіске жеткен болатын. Екі теннисші арасындағы жеке кездесу бойынша Зарина Диас 2:0 есебімен алда тұр.
Зарина Диас Miami Open турнирінің екінші айналымында «Үлкен дулыға» турнирінің екі жарысын жеңіп алған (2004 жылғы АҚШ Ашық чемпионаты мен 2009 жылғы Франция Ашық чемпионаты) ресейлік теннисші Светлана Кузнецованы жарыс жолынан шығарып жіберді. Екі сетке созылған ойында Зарина Диас қарсыласынан 6:1, 6:3 есебімен басым түскен-ді. Айта кетейік, қазіргі таңда Кузнецова әлемнің 37-ракеткасы. Ал бірінші айналымда жерлесіміз америкалық Джениффер Брэдиден (әлемнің 80-ракеткасы) 7:5, 7:6 есебімен басым түскен.
Енді Зарина Диас бүгін Miami Open турнирінің ширек финалында әлемнің алтыншы ракеткасы чехиялық Каролина Плишковамен ойнайды. Жеңіске жеткен теннисші ширек финалға шығады. Майамидегі жарыс 1 сәуірде аяқталады.
Әли БИТӨРЕ,
«Егемен Қазақстан»