Театр • 27 Наурыз, 2018

Ә.Бейсеуовтің «Батыр Бауыржан» атты операсы күні бүгінге дейін жарыққа шықпай жатқаны қалай?

1066 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Қазақ елінің абыройын асқақтатқан батыр бабаларымыз, ақын-жырауларымыз туралы болашақ ұрпаққа жеткізіп отыру, сонау заманнан ұлт санасына сіңген қасиет еді. 

Ә.Бейсеуовтің «Батыр Бауыржан» атты операсы күні бүгінге дейін жарыққа шықпай жатқаны қалай?

Ол ауыз әдебиетіміз бен мәдениетімізден молынан көрініс тапқан. Бізге жеткен тарихи мұрағаттарымыз бен шежірелерде де ән-күйлерімізде де аз емес. Соны ел болған тұста терең білу қажеттігін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында нақты дәйектеді. «Ұлттық жаңғыру деген ұғымның өзі ұлттық сананың кемелденуін білдіреді» деді Мемлекет басшысы. Шынында, сана жаңғырмай ұлт  ісі шешімін таба қоймайды. 

Отырардан шыққан әл-Фараби бабамыздың төрткүл дүниеге танылған, музыка теориясына арналған туындысы «Музыканың үлкен кітабы» деп аталады. Ғұлама бұл еңбекте математикалық тәсілдерді пайдалану арқылы музыкалық дыбыстарды өзі ойлап тапқан нотамен тұңғыш рет қағаз бетіне түсірген. Ол тек музыка теориясын ғана жазып қоймай, музыкалық аспаптарды да қолдан жасап, сол аспаптарда керемет ойнай да білген.

Қазақ домбырасын дүниеге келтірген асқан музыкант ұлы бабамыз Әбу-Насыр әл-Фараби десек, біз қателеспеген болар едік. Оған бірнеше ғылыми дәлелдер бар. Әл-Фараби жасаған музыкалық аспаптар түрі оған куә бола алады. Оның шебер орындаушылығы жөнінде шығыс халықтары арасында күні бүгінге дейін аңыздай айтылып жүр. Осылайша тізе берсек «өнерге әркімнің-ақ бар таласы» деп өзі  айтқандай, Абайдың да әндері мен күйлері, біздің бүгінгі  халық әні деп жүрген әндеріміздің бәрінде адам тағдыры, ұлт болмысы жатқаны анық. Сол үлгі сабағын үзілмей жалғасып келеді. Оның әркездегі көрнекті өкілдері қанша десеңізші!

Мен сол ұлы өнердің айтулы арысы «Алматым жүрегімде», «Армандастар», «Гүлдер», «Шақырады көктем», «Ал­тыным», «Маралдым», «Сырласу валь­сі», тағы басқа әсем әндердің авторы, за­ма­нымыздың заңғар композиторлары Әсет аға Бейсеуовтің бір керемет туындысы туралы айтсам деп едім.

Балалық шағымнан ән-жырға құлақ түріп өстім. Оған өскен ауылым мен ата-анамның ықпалы мол болды. «Әнші болар баланы, ән айтқаннан танисың», демекші үйдегі кішкентай гармонды ертелі-кеш қиқулатып жүргенімді әкем байқаған болуы керек, мені ойланбастан музыкалық мектепке беріп, жолымды ашты.

Алматы консерваторияның бірінші курсында жүрген кезімнен бастап ширек ғасырға жуық Әсет Бейсеуовтің шәкірті, өнердегі досы, әріптес інісі болып бірге жүргенімді мақтан етемін. Қазақстанның көптеген облыстарына барған гастрольдерінде, шығармашылық кездесулерде жанынан қалдырмай бірге алып жүруші еді. Менің композитор болып халыққа кеңінен танылуыма  Әсет аға мен әкем Даңғылдың еңбегі зор.

Әсет ағамен бірге жүрген кездерімде қазақтың маңдайына біткен ұлы тұл­ғалармен танысып, олармен аралас­тым. Шығармашылық жолда маған ба­ғыт-бағдар берген, ақыл кеңестерін айтқан Мұқағали Мақатаев, Еркеғали Рахмадиев, Ғазиза Жұбанова, Шәмші Қалдаяқов, Қадыр Мырза Әлі, Тұманбай Молдағалиев, Фариза Оңғарсынова және басқа да ақын жазушылар мен композиторлардың шапағатын көріп өстім.

Сондай естеліктердің бірі – Әсет Бейсеуовтің «Батыр Бауыржан» әні, кейіннен «Батыр Бауыржан» операсының дүниеге келуі менің көз алдымда өтті. Осы естелікті оқырмандарға жеткізуді өнер адамы ретіндегі парызым деп ойладым. Бұл менің өмірімдегі батыр мен композитордың арасындағы қарым-қатынастың, сыйласымдылықтың, аға мен іні арасындағы түсіністіктің Хантәңіріндей биіктігі күні бүгінге дейін жүрегімнің түкпірінде сақталып келген еді.

Бауыржан Момышұлы атамыз қай­тыс болар жылдың жазында, Әсет аға «Балам, бүгін аты аңызға айналған батыр атаңның туған күні, жүр барып құттықтайық», деп таңертеңмен қасына ертіп алды. Жол бойы газет сататын дүңгершектен «Лениншіл жас» қазіргі («Жас алаш») газетінің бірнешеуін сатып алып, қол сөмкесіне салды. Жаңа әннің нотасы мен сөзі батыр атамыздың туған күніне орай газетке шығыпты. Жолдан қасымызға әннің сөзін жазған ақын Айтжан Байғожаев ақсақалды қосып алдық. Үшеуміз Гоголь мен Қонаев көшесінің қиылысындағы Баукеңнің үйіне бардық. Есіктің қоңырауын басып едік, үйден Жәмилә жеңгеміз шығып, «Баукең ауырып жатыр еді» деді.

Әсекең «Батыр атамызды туған күнімен құттықтап, жазған жаңа әнімізді айтып беруге келдік», деді. Жеңгей Баукеңнің рұқсатымен бізді ішке, атаның бөлмесіне алып барды. Төрде әппақ болып киінген, қолына таяғын ұстап, тіп-тік отыр екен. Көздері қыран көзіндей өткір, қос жанары жанып тұр, тіктеп қараса өңменіңнен өтіп кетердей. Өмірімде көзі өткір адамды алғаш және соңғы көруім. Әсет аға аңқылдаған ақ көңіл адам ғой, өзінің ақжарқын әдетіне салып: «Алтын ағам, батыр ағам!» деп алдына жетіп барып, құшағын жайып амандаса беріп еді: «Никакой алтын, сядь!» деп таяғымен нұқып қалды. Әсет аға сасқалақтаған күйі алдына тізерлеп отыра қалды. Мен ағадан кейін жайғастым. Бойымды үрей биледі.

Айтжан ақсақал сөз бастады: «Бауке, мен Ұлы Отан соғысының ардагерімін, ақын едім, Әсетжан екеуміз бүгінгі туған күніңізге орай, «Батыр Бауыржан» деген жаңа ән жазып едік, бүгін баспасөзге басылып шықты» деп қолындағы газетті ұсынды. «Күйсандық болса, Әсет өзі ойнап, айтып берсін» деді. «Оқы!» деген бұйрық дауыс саңқ ете қалды. Ақын аға мәнерлеп оқып берді. «Жақсы екен!» деп батыр атаның жүзі жыли бастады «Радиодан Әсет Бейсеуов дегенді жиі естимін, осы болса әні де жақсы болғаны» деді.

Әсет ағаның артында тығылып отыр­ған маған: «Сюда сядь» –  деп бұйырды. Ақырын жылжып екі ағаның ортасына барып мен де тізерлеп отырдым. Әсет аға мені таныстыра бас­тады: «Менің өкіл балам консерва­торияда  Еркеғали  Рахмадиевтің композиторлық класында оқиды», дегені сол еді, Баукең жүзі жылып  «Еркеғалида оқысаң Брусиловскийдің немересі болдың», деді. Мен «немересі қалай» деп отырмын. «Москваға барғанда Евгений Гри­горьевичтің үйінде қонақ болып аунап-қунап жатамын, ол – ұлы композитор, адамгершілігі мол адам. Кім болса да жақсы адам болса ол қазаққа жат емес. Қазақтың тұңғыш операсын, симфониясын жазған, қазақ музыкасына көп еңбегі сіңген тұлға ғой!», деп ашыла бастады.

«Әй, Жамиля!» дегені сол еді лезде «Бауке!» деп жеңгеміз бөлмеге кіріп келді. «Бауырларың келіп отыр, дастарқан даярла!» деді. Жеңгеміз: «Дастарқан дайын  төрлетіңіздер», деді.

Қарсы есіктегі үлкен бөлмеге кірсек, той­ға даярлағандай дастарқан жайнап тұр екен. Ағалар төрге жайғасты да, Бауыржан ата мені өзінің қасына отыр­ғызды. Дастарқан басында әңгіме дүкен құрып, күн ұзаққа қонақ болдық. Қайтарда Баукең: «Бауырларым, сен­дердің елеп келгендеріңе рахмет!» деп ілтипатын білдірді. Жеңгеміз: «Құр қол шықпаңдар» деп сый-сияпатын жасап, шығарып салды.

Көп ұзамай батыр атамыз дүние салды. Барша қазақ халқы қайғырды. Әсекең «Батыр Бауыржан» операсын жазуға кірісті. Операсын аяқтаған соң, опера театрына өткізді. Театрдың репертуарында бар, өкінішке қарай сол опера күні бүгінге дейін жарыққа шықпай жатыр. Батыр бейнесін  опералық шығармадан көрсек қой. Бұл ұлт  ұрпағына рух берер еді, санасын жаңғыртар еді. Сәті түскенде әннен операға жалғасқан сол батыр туралы туындыны сахнадан көреміз деген үміт бар. Тек күттіре бермесе екен.

Марат ІЛЯСОВ,
Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі,  Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі