Қазақстан • 27 Наурыз, 2018

Елімізде халықаралық терминдерді қабылдау қағдиаттары әзірленіп жатыр

292 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстанда халықаралық терминдерді қабылдау қағдиаттары әзірленіп жатыр. Бұл туралы Үкімет отырысында «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының» өткен жылғы қорытындысын шығарған Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Елімізде халықаралық терминдерді қабылдау қағдиаттары әзірленіп жатыр

«Өздеріңізге белгілі, Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссия жанынан терминологиялық жұмыс тобы құрылған болатын. Терминологиялық жұмыс тобының отырыстарында қазақ терминологиясының қазіргі жай-күйі талқыланып, халықаралық терминдерді қабылдау қағдиаттары сараланды. Сонымен қатар барлық терминдерге тілдік, сапалық, қолданыстық тұрғыдан мониторинг жасауға кірістік. Осы жұмысты атқару барысында қазақ тілінің терминжасамдық әлеуеті, халықаралық терминдерді қабылдаудың қағдиаттары да дайындалуда. Ол үшін отандық және шетелдік ғалымдардың терминжасамдық әдістемесі мен әдіснамасы талдануда», - деді ол.

Министрдің дерегінше, 2017 жылы Үкімет жанындағы Республикалық терминология комиссиясы 3000 терминді бекітті және реттелген терминологиялық қордың жалпы саны 21 мыңды құрады. Сонымен қатар ол өткен жылғы Республикалық ономастикалық комиссияның отырыстары жайында да айтты.

«2017 жылы ҚР Үкіметі жанындағы Республикалық ономастикалық комиссияның 5 отырысы өтті. Орталық, жергілікті атқарушы органдардың ұсыныстары негізінде барлығы 1228 ұсыныс қаралып, 1153-і комиссияның оң шешіміне ие болды. Оның ішінде 64 нысан, 1085 құрамдас бөлік және 4 аудан бар», - деді Арыстанбек Мұхамедиұлы.