21 Наурыз, 2018

Ұлық Наурыз, құт Наурыз

894 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Наурыз тойының табиғаты, мазмұны мен мәні, халықтың мәдени-рухани өміріндегі орны ерекше. Наурыз мерекесін жалпақ жиһанды мекендеген халықтар айрықша ынтамен қабылдаған. 

Ұлық Наурыз, құт Наурыз

Наурызды мейрамдау дәстүрінің бір­неше себептері бар. Адам баласы жылды екіге жіктеген: қыс және жаз. Қазақтар қыс пен жазды жақсылық пен жамандықтың, зұлымдық пен ізгіліктің, қайырымдылық пен қатігездіктің, суық пен жылының күресі деп ұққан. Екіншіден, астрономиялық есеп бойынша, жаратылыстың, табиғаттың жаңарып, жасарып, жайнап, құлпыруы­ның бастапқы шағымен де дөп келеді. Наурызда күн мен түн теңеледі. Қыстың сақылда­ған сары аязы, алай-дүлей бораны өтіп, табиғат оянып, ел арқасы, жер аяғы кеңіп, төрт түлік малы төлдеп, бау-бақ түрленіп, ауыз аққа тиіп, «жібек қанат жаздың» басы басталады.

Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде аяғы нәзік, сары бауыр, көк ала торғай Нәурі­зектің ұшып келуімен байланыстыра той­лаған. Яғни бұл құсты жыл басы, береке-несібе, игілік-құт хабаршысы деп білген. Жаңа жылдың беташар айында дәстүр бойынша наурызкөже беріледі. 

Дәм-тұзы мол дастарқан жайылса, әуеден жаудырады, жерден өндіре­ді, телегей-теңіз молшылыққа жеткі­зеді. Халықтың ырым-нанымдарында «Қызыр-Ілияс» деген ұғым бар. Қызыр – адам баласының қолдаушысы һәм қорғаушысы, ал Ілияс – мұхитқа батқан кемелерге қолғабыс ететін пайғамбар. Осы ыңғайда «Қызыр түні» деген бейнелі түсінік бар. Қызыр түні Наурызбен тұспа-тұс. Қазақтар «жыл бойы ақ мол, дән тасқын-тасқын, жауын-шашын көп болсын» деп Қызыр түні ыдыс атаулыны аққа (сүт, айран, шұбат, уыз, т.б.), ырысқа (бидай, тары, арпа, сұлы, жүгері, т.б.) және кәусар бұлақ суына толтырады».

Ұлыс күні қазақ толса,
Ол жылы ақ мол болар.
Ұлы кісіден бата алса,
Сонда олжалы жыл болар – деген екен.

Ұлыстың ұлы күнінде ұрлық қылма, қылмыс істеме, өтірік айтпа, шарап ішпе деген тағылымдық, тәрбиелік маңызы ерекше лебіздер туған, ән шырқалған, күй тартылған, ақындар айтысы, «Жамбы ату», «Аударыспақ», «Алты­бақан», «Ақсүйек», «Тоғызқұ­малақ», «Тең көтеру», «Арқан тартыс», «Бағанаға өрмелеу» сияқты ұлт­тық ойын­дар ұйымдастырылған, терме-тол­ғау­лар орындалған, тақпақтар мен жаңылтпаштар тыңнан шығарылған.
Қыз бен жігіт айтысы арқылы қыс пен жаздың айқасы бейнеленген және де «Қалтырауық қара кемпір», «Ақ боран» сияқты ескі ойындар наурыз көжеде екі жақтың тартысы арқылы көрсетіліп, қаһарлы қыстың сұсты кейпін суреттеген сияқты. Қыз бен жігіт айтысындағы:

Есік алды қара су бойлағаным,
Жалғанның қызығына тоймағаным.
Өлсем де кетер ме екен көкейімнен,
Қалқамен ұлыс күні ойнағаным –
деген шумақ та Наурыздың өзіндей шуақты емес пе.

Тұрмыс, тіршілік, табиғат мейрамы хақында мынадай өрнекті, суретті, айшықты тізбектер сақталып қалыпты: «Жер-Ананың тоң кеудесі жібіп, тас емшегі иіген күн», «көк құт көзін (өсім­дік) ашқан күн», «жер бетіне жақсылық ұялаған күн», «ұзақ ұшып келген күн».

Фирдауси, Рудаки, Әбу Райхан Бируни, Саид Нафиси, Ибн Балхи, Махмұд Қашғари шығармаларында шығыс халықтарының төл мерекесі туралы деректер, пікірлер кездеседі.

Ұлы ойшыл Омар Хайям «Наурыз­нама» деген еңбегінде Наурыздың шынайы табиғатына, Иранның қай патшасы қай күні белгілегеніне, не үшін тамашалайтынына, Күн планетасы қозғалысының ерекшелігіне егжей-тегжейлі тоқталады.

Тойға жиырма бес күн қалғанда: хан сарайының ауласында бидай, сұлы, арпа, жүгері, бұршақ, күріш, күнжіт және мейіз секілді дақылдар егіледі екен. Наурызда салтанатты түрде музыканың, әннің және бидің сүйемелдеуімен өсіп шыққан масақтары теріліп, той дастарқанына қойылған. Бұлар­дың түсіміне орай келешек егіннің өнімін болжаған.

Омар Хайямның түсіндіруінше, мерекелік табаққа құрамы неше түрлі тағамдар салынған. Олар: жұқа, үлбіреп піскен нан, арпа, жүгері, үрмебұршақ, күріш, күнжіт, атбұршақ, мейіз және ж­асымық дәні. Әр табақтың айналасы­на жеті-жетіден нан қалайды, сонан соң, мысалы, үйеңкі, айва, зәйтүн секілді әр­түрлі ағаштардың жеті бұтағын алып, табақты өрнектейді. Әрі олардың жапы­рақ­тарына мынадай сөздер жазылатын болған: «Көбею», «ағыл-тегіл», «өсі­ру», «мол­шылық», «қуаныш», «көңіл сер­гіту».

Омар Хайям «Наурызнама» трактатында мұның бес мың жылдық тарихы барын айтады.

Біздің Ұлық Наурызымыз, жараты­лыстың сұлу, сәулетті шағы – ұлттың сана-сезімінің, салт-дәстүрлерінің, өлке­тану жұмыстарының гүлденіп жаңаруының, рухани жаңғыруының нақты айғағындай әрі айнасындай болса екен!

Серік НЕГИМОВ,
филология ғылымдарының докторы, профессор