Ұлыбританияны Еуропадағы көптеген түйткілдер мазалаған емес. Мәселен, Таяу Шығыстан ағылған иммигранттар қарт құрлықты абдыратқан тұста, ағылшын ледилері мен мистерлері шайын жайбарақат ішіп отырған-ды. Виза беру, валюта мәселелерінде де Британия корольдігі жеке дербестігін сақтап қалған-тұғын. «Брексит» осы тыныштықты бұзып, Ирландия шекарасындағы ахуалды күрделендіре түсті.
Қазірге дейін Солтүстік Ирландия мен Ирландия арасындағы шекараны қызуқанды ирландтар емін-еркін кесіп өтіп жүрді. Соның нәтижесінде сауда-экономикалық қарым-қатынас жеңілдеп, әлеуметтік және мәдени мәселелерде халықтың жақындауына зор мүмкіндік туды. Мәселен, күніне 30 мыңнан астам адам шекараны арлы-берлі кесіп өтеді екен. Енді, мұның бәріне кедергі келтіретін «Тұманды Альбион» мен Еуропалық одақты бөлетін кедендік бақылау орнатылуы ықтимал.
«Брекситтің» әсері, әсіресе шекаралық аудандардағы халыққа айқын сезіледі. Бұған дейін бақылау деп бас қатырып, ешқандай кедергі көрмеген тұрғындар бірқатар мәселелерге тап болғалы отыр. Солтүстік Ирландия мен Ирландия республикасы арасында мұндай мысалдар жетерлік. Мәселен, қос ирландиялық мемлекеттің түйіскен тұсында орналасқан бір елді мекеннің британиялық жағы Белку, ал ирландиялық жағы Блэклайон ауылы деп аталады. Екі ортаны Белку өзені бөліп жатыр. Ауылдың тұрғындары да көп емес. Белкуде бес жүзге жуық, Блэклайонда үш жүзге жуық адам бар. Екі мемлекетке тиесілі екеніне қарамастан, халық арлы-берлі ағылады. Елді мекендегі жалғыз ет дүкені ирландиялық тарапта орналасқан. Ал шаштараз, шаруашылық дүкені Ұлыбритания аумағында тұр.
Петтиго ауылындағы жағдай да тура осындай. Екі мемлекеттің арасын шағын арна бөліп жатыр. Дәл шекарада орналасқан елді мекенді көпір байланыстырып тұр. Ең қызығы, А3 тас жолы айналдырған он шақырым қашықтықта шекараны төрт рет кесіп өтеді екен. Егер шекараға кедендік бақылау орнатылса, осы бір қашықтықты жүріп өту бас ауыртар мәселеге айналатыны айтпаса да түсінікті.
Жағдайдың бұлай өршуі келесі бір қауіптің құлағын қылтитады. Екі елдің тұрғындары бір мемлекет болуға талпынуы мүмкін. Бұл өз кезегінде келесі бір түйткілді туындатады. Қос Ирландия халқы протестанттар мен католиктер болып екіге жарылған. Осы бөлінудің нәтижесінде арал тұрғындары талай қырғынды бастан өткерді.
XX ғасырдың екінші жартысында Ирландия аралында қақтығыс өрті өршігені белгілі. Таразының бір басында Ирланд республикалық армия-
сы (IRA) Ирландияның бірігуі және британиялық басқаруды тоқтату үшін күрессе, келесі жағында Ұлыбритания қарулы күштері мен лоялистер тұрды. Адам ұрлау, партизандық соғыс, кек қайтару күнделікті жағдайға айналып кеткен-ді. ИРА сарбаздары жер-жерде жарылыс жасап, халықты үрейде ұстады. Тіпті олардың дақпырты ел астанасы Лондонға да жетіп жатты. Талай мәрте террористік актілер жасалды.
Шиеленісті реттеу үшін 1998 жылы Белфаст келісімі жасалды. Соған сәйкес екі тарап та қарулы қақтығыстарды тоқтатып, 30 жылға созылған текетіреске нүкте қойды. Алайда католиктер мен протестанттар арасындағы алшақтық әлі күнге дейін жалғасып келеді. Солтүстік Ирландия астанасы Белфаст қаласында әлі күнге дейін екі ағымның өкілдері бөлек-бөлек қоныс тепкен. Қарапайым халық арасында дінаралық байланыс жоқ. Тіпті шаһардағы орта мектептердің 90 пайызға жуығы бір ағым өкілдеріне ғана арналған. Оның үстіне, кейінгі жылдары елде католиктердің саны артып келеді.
Сондықтан түрлі қиындыққа тап болған тұрғындар арасында протестант-католик дау-жанжалы қайта өршуі қиын емес.
«Брекситтің» соңы Белфаст келісіміне зиянын тигізуі мүмкін екенін ел басшылары да жоққа шығармайды. Ирландия премьер-министрі Лео Варадкардың айтуынша, Ұлыбританияның Еуропалық одақтан шығуы ағылшындар мен ирланд халқы арасында дүрдараздық туғызуы мүмкін. Алайда Л.Варадкар осы сәтті пайдаланып, Ирландияны біріктіру туралы жасырын жоспардың жоқ екенін де атап өтті. Бұдан шығатын жалғыз жол бар. Шекарада кедергісіз халықаралық тауар айналымына мүмкіндік жасау. Қазіргі таңда Ұлыбританияда осы мәселе күн тәртібінде тұр. Соған сай, Солтүстік Ирландия кедендік одақ құрамында қала береді. Әзірге бұл бастаманың қалай жұмыс істейтіні белгісіз. Мұны толық шешу әлі де талқылауды қажет етеді.
Оның үстіне Ирландия Шенген визасы аймағына кірмейді. Алда-жалда Дублин билігі осы келісімге қосылуды шешсе, қарт құрлықтан ағылғандарға Ұлыбритания есігі айқара ашылады. Сондықтан Лондон тарапы кедендік бақылауды күшейтуге мәжбүр болады. Мұндай тексерудің қаншалықты қиын екенін жоғарыда келтірдік. BBC арнасының хабарлауынша, Дублин билігі осы мәселені тікелей Лондонмен шешуге мүдделі. Алайда Еуропалық одақтың құрамындағы кез келген елдің шешімі ұйымға мүше басқа мемлекеттердің мақұлдауынан өтуі тиіс. Яғни Ирландия мен Ұлыбритания арасындағы шекара мәселесі Дублин мен Лондонда емес, София мен Бухаресте шешіледі.
Ендігі жағдай қалай болмақ? Ұлыбритания баспасөзінде жарияланған пікірлерге сүйенсек, халықтың пікірі екіге жарылған. Бұған қоса, әзірге Дублин мен Лондон билігі Ирландия шекарасына қатысты ортақ келісімге келе алар емес. Ұлыбритания мен Еуропалық одақ арасындағы 2017 жылғы желтоқсандағы келісім бойынша «Брексит» аяқталған соң, қос ирланд мемлекетіндегі халықтың қарым-қатынасы бұрынғы қалпында қала бермек. Бірақ иммиграция, көлік қатынасы секілді бірқатар мәселелерде шектеулер бар.
Айтпақшы, таяуда Дублинге келген Еуропалық кеңес төрағасы Дональд Туск Ирландия шекарасы мәселесі шешілмейінше «Брексит» келіссөздері жүргізілмейтінін мәлімдеді. Желтоқсандағы келіссөздердің әлі де талқылайтын тұстары жетерлік екенін де айтып өтті. Ендеше шекара мәселесі толыққанды шешілді деуге әлі ерте.
Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»