«Бүгін мен Конституцияны қайта қарау туралы жобаны ұсынамын. Мен халыққа мемлекеттің негізгі заңын өзгертемін деп сөз берген едім. Осы уәдемді орындайтын кез жетті», деді Мун Чжэ Ин.
Ол Біріккен Араб Әмірліктерінде ресми сапарда жүргендіктен құжаттың электронды нұсқасына қол қойған. Заң жобасын Ұлттық жиын қолдаса, одан кейін референдум өткізілетін болады. Әзірге референдум 13 маусым күні өтеді деп жоспарланып отыр.
Егер Конституцияның жаңа нұсқасы қабылданса, президенттің өкілеттілік уақыты 5 жылдан 4 жылға дейін қысқарады. Бірақ қазіргі президент өз кандидатурасын келесі сайлауда ұсына алатын құқыққа ие болмақ. Соңғы рет Корея Республикасының конституциясына 1987 жылы өзгеріс енгізілген болатын.
Каталонияда Пучдемонның қамауға алынуына қарсы шеру өтті
Германияда каталониялық сепаратистердің көшбасшысы Карлес Пучдемонның қамауға алынғанына наразы халық шеруге шықты. Соңғы деректер бойынша Барселонадағы үш күнге созылған наразылық акциясына 55 мың адам қатысқан. Сондай-ақ Пучдемон мэр болған Жирон қаласында, Таррагон мен Льейд қалаларында да наразылық шеруі өткен.
Шеру барысында полициямен қақтығыстан 90 адам зардап шекті. Полиция 4 адамды қамауға алды. Алдағы дүйсенбі күні Пучдемон Германияда сот алдында жауап беретін болады. Ол Финляндиядан Бельгияға бара жатқанда ұсталған еді. Ал өткен жұма күні Испания соты Пучдемонның қамауға алынуына еуропалық ордер берді. Билікке қарсы шығып, бүлік шығарғаны үшін ол 30 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
АҚШ-Қытай сауда соғысы қаржы нарығының құлдырауына ықпал етті
Өткен аптада АҚШ Президенті Дональд Трамп жалпы құны 60 млрд доллардан асатын Қытайдан келетін тауарлар импортына салық енгізетінін айтқан болатын. Сондай-ақ Америка билігі Қытай компанияларын технологиялар ұрлаумен айналысады деп айыптауда. Бұған жауап ретінде Қытайдың сауда министрлігі Америкадан жеткізілетін 128 тауар импортына салықты 25 пайызға арттыруды жоспарлап отырғанын хабарлады.
Қаржы сарапшыларының айтуынша, экономикасы ең ірі әрі өзара сауда айналымы жүздеген миллиард доллардан асатын екі мемлекет арасындағы сауда соғысы бүкіл әлем бойынша қаржы нарығының құлдырауына әсер еткен. Сонымен қатар мамандар инвесторлардың АҚШ пен Қытай валютасына қызығушылығы да күрт төмендегенін айтты.
Қарсылық акциясы
АҚШ-тың 800 қаласында, оның ішінде Вашингтон, Нью-Йорк, Бостон, Чикаго және Хьюстон секілді ірі қалаларда «Өміріміз үшін шеру» акциясына жиналған халық атыс қаруын сату және алып жүруге бақылауды күшейтуді талап етті. Наразылық акциясының ұйымдастырылуына биыл ақпанда Парклендтегі мектептің бұрынғы түлегінің оқушыларға оқ атып, 17 адамның мерт болғаны түрткі болды. «Өміріміз үшін шеру» ұранымен өткен наразылық акциясына шыққандардың дені – мектеп оқушылары мен жастар.
Washington Post газетінің хабарлауынша, 1999 жылдың сәуір айынан бері АҚШ-та 190 мыңнан астам оқушы сабақ кезінде атыс-шабысқа тап болған.
Шеруді ұйымдастырушылар қару ұстауға бақылауды күшейту проблемасына назар аудартуды мақсат етті. Бұдан бөлек олар жастарға қарашада өтетін конгресс сайлауына тіркеліп, қару айналымына қатысты ереженің өзгеруіне атсалысуға шақырды.
Шолуды әзірлеген
Гүлнұр Қуанышбекқызы,
«Егемен Қазақстан»