Күн тәртібіне «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» заң жобасы қойылып, ол бірінші оқылымда ілеспе түзетулерімен мақұлданды. Жобаны әзірлеудің мақсаты адвокаттық қызмет пен заң көмегін көрсету жүйесін кешенді түрде жетілдіруге бағытталған.
Заң жобасына қатысты Әділет министрі Марат Бекетаев баяндама жасады. Ол адвокатура институтын заңнамалық ынталандыру ретінде жетілдіру үшін заң көмегін көрсету субъектілерінің біліктілігін қамтамасыз ету, кіру жарналарын алып тастау, аттестаттау өткізу тәртібін қайта қарау, адвокаттардың біліктілігін арттыру және сапасыз заң көмегін көрсеткені үшін жауаптылыққа тарту тетігін қайта қарау ұсынылатынын айтып өтті.
«Қазақстанда адвокаттық қызмет нарығы жеткілікті деңгейде дамымаған және озық елдердің көрсеткіштеріне сәйкес келмейді. Оның негізгі себептерінің бірі – адвокаттардың жетіспеуі. Бұл салаға үміткерлер үшін кіру жарналарының өте жоғары болуы негізгі мәселеге айналды. Алғашқы жарналарды алып тастау адвокаттық мамандыққа жас заңгерлердің кіруіне, олардың арасындағы бәсекелестікті күшейтуге және санының артуына мүмкіндік береді», деді М.Бекетаев.
Министрдің айтуынша, Қазақстанда адвокаттар көрсететін кәсіби қызметтердің сапасына тиімді бақылау жоқ. Сондықтан олардың кәсіби әдеп нормаларын сақтауын, тәртіптік істердің объективті және жан-жақты қаралуын қамтамасыз ету мақсатында екі деңгейлі тәртіптік комиссия құру жоспарланып отыр.
Ведомство басшысы адвокатура қызметін оңтайландыру ұсынылғанына да тоқталды. Қазіргі таңда адвокаттар шұғыл әрі уақтылы қызмет көрсетуге қажетті, маңызды ақпараттарды алуға еркін қол жеткізе алмайды. Мұны шешу үшін «Е-адвокатура» ақпараттық жүйесін құру мен қалыптастыру ескерілген. Заңгерлік көмектің құны бойынша әділ баға белгіленеді.
«Заңгерлік көмектің құны туралы ашық ақпараттың жоқтығы бағаның негізсіз көтерілуіне себеп болып отыр. Осы орайда халықтың хабардар болуын және әділ бағаның белгіленуін қамтамасыз ету мақсатында адвокаттар мен заң консультанттары көрсететін көмектің ұсынымдық сипатта тарифтік кестесін әзірлеу қарастырылады. Тарифтік кестені енгізу азаматтарға заң көмегінің орташа құнын білуге және оған артық шығынды төлемеуге мүмкіндік береді», деді министр.
М.Бекетаев бүгінде азаматтарды теріс пиғылды адвокаттар мен заң консультанттарынан қорғау тетігі қарастырылмағанын сөз етті. Соған байланысты адвокаттардың, заң консультанттарының міндетті түрде өз кәсіби жауапкершілігін сақтандыру енгізілмек. Бұдан бөлек, халықтың әлеуметтік әлсіз топтарына тегін заң көмегін көрсету қарастырылған.
«Заң жобасында халықтың әлеуметтік әлсіз топтарына адвокаттармен және заң консультанттарымен құқықтық жағдайдың басынан аяғына дейін тегін заң көмегін көрсету қарастырылған. Ол pro bono деп аталады. Осындай қызметтерді көрсету тараптардың келісуімен ерікті және өтеусіз негізде жүргізіледі. Айта кету қажет, рro bono қызметі міндет емес, ол құқықтық және оны көрсету мәжбүрлі емес», деді М.Бекетаев.
Соттарда өкілдік ететін жеке тұлғалардың заң консультанттары палаталарына міндетті түрде мүшелікте болуы қарастырылған. Жеке тәжірибемен айналысатын заңгерлердің өзін-өзі басқару ұйымдарына мүшелікте болуы заң көмегінің сапасын арттыруға негіз болады.
Отырыста Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин аталған заң жобасы бойынша адвокаттық тәртіптік комиссияның құрамына, жұмыстың ашық және нәтижелі болуына тоқталып, бұларды екінші оқылымда ескеруді ұсынды. Сондай-ақ Мәжіліс Төрағасы заң жобасын талқылау барысында адвокаттардың тәртіптік кеңесіне қатысты мәселеге айрықша назар аударды. Қаралып отырған заң жобасында тәртіптік комиссияның құрамына алты адвокат, уәкілетті органның үш өкілі және отставкадағы судья кіретіні айтылған.
«Адвокаттық тәртіптік комиссияда министрлік өкілдерінің болуы міндетті емес, тіпті қажеті де жоқ. Қайта сол шенеуніктердің орнында қоғамдық ұйым өкілдері болса, жұмыс ашық, нәтижесі де жақсы болады», деді Н.Нығматулин.
Парламент Мәжілісінің Төрағасы азаматтарға заңгерлік көмек көрсету саласында бәсекелестіктің жоқтығына тоқталып, жылы орнынан қозғалмай отырған адвокаттар алқасының басшыларын сынға алды.
«Бізде заңгерлік қызметтер мен көмекті көрсетудің сапасыз екені жиі айтылады. Сапа қайдан болады? Еліміздегі өңірлік төралқаларда ондаған жыл бойы қатарынан бір адам тапжылмай отыр, яғни олар еш үзіліссіз осы адвокаттар алқасына басшылық етіп келеді. Мәселен, Маңғыстау облысында облыстық алқа төралқасының төрағасы 25 жыл үзіліссіз басқарды. Алматы облысында – 27 жыл, Атырау облысында – 31 жыл, ақтөбелік адвокат бәрінен асып түсті. Осы қызметте ол 33 жыл басшылықта болды. Бұл өз кезегінде азаматтарға заңгерлік көмек көрсету саласында бәсекелестіктің әлсіздігін байқатады», деді Н.Нығматулин.
Жоғарыда айтылған адвокаттардың тәжірибелі маман болуы мүмкін екенін тілге тиек еткен Н.Нығматулин осы салада қазіргі заманның талаптары ескерілуі керектігіне тоқталды.
Сонымен қатар отырыста «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне адвокаттық қызмет және заң көмегі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы талқыланды. Бұл «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» негізгі заң жобасына сәйкестендіру мақсатында әзірленді. Жаңа заң жобасы 4 кодекске және 5 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейді.
Талқылаудан кейін палата депутаттары заң жобасындағы жаңашылдықтарға қолдау білдіріп, «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.
Бұдан кейін «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» Қазақстан Республикасының заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы депутаттар тарапынан қолдауға ие болып, мақұлданды.
Заң жобасы туралы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы баяндама жасады. Ведомство басшысының айтуынша, заң жобасы қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік саясаттың сапалы және тиімді іске асырылуын қамтамасыз етуге бағытталған.
Жұмыс тобының шеңберіндегі талқылау барысында депутаттар Ассамблея Кеңесінің өкілеттіктерін кеңейту, этносаралық қатынастар саласында құқықтық реттеудің тиімділігін арттыру, қолданыстағы заңнамадағы олқылықтарды жою бөлігінде түзетулер, сондай-ақ редакциялық сипаттағы және заң техникасы бойынша түзетулер енгізді.
А.Мұхамедиұлының сөзіне қарағанда, Ассамблеяның аясында ауқымды республикалық акциялар, қайырымдылық ұйымдар мен меценаттар өкілдерінің республикалық съездерін өткізу бойынша жүйелі жұмыс ұйымдастырылып келеді. Осыған байланысты ҚХА-да қазірдің өзінде «Жомарт жан» төсбелгісі» қоғамдық наградасын тағайындау жоспарға енген.
Сондай-ақ жалпы отырыста Қазақстан мен АҚШ үкіметтері арасындағы мемлекеттік әуе кемелеріне аэронавигациялық қызмет көрсету үшін төлемақы алуға қатысты келісімді ратификациялау туралы заң жобасы қаралып, мақұлданды.
Отырыста Мәжіліс Төрағасы Н.Нығматулин бүгіннен бастап депутаттардың аймақтарға шығатынын хабарлады. Ондағы негізгі мақсат – Мемлекет басшысының бес әлеуметтік бастамасын және оның ерекше мүмкіндіктерін әрбір азаматқа, әрбір отбасына жеткізу. Депутаттар 6 сәуірге дейін өңірлерді аралайды.
Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»