Қазақстан • 29 Наурыз, 2018

Адвокаттық қызмет туралы заң жобасы мақұлданды

1023 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалық етуі­мен палатаның жалпы отырысы өтті. Жиын барысында адво­кат­тық қызметке, Қазақстан халқы Ассамблеясына және аэро­на­вигациялық қызмет көрсетуге қатысты бірқатар заң жобалары талқыланып, мақұлданды.

 

 

Адвокаттық қызмет туралы заң жобасы мақұлданды

Күн тәртібіне «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» заң жобасы қойылып, ол бірінші оқылымда ілеспе түзетулерімен мақұлданды. Жобаны әзір­леудің мақсаты адвокаттық қыз­мет пен заң көмегін көрсету жүйесін ке­шенді түрде жетілдіруге бағыт­талған.

Заң жобасына қатысты Әділет ми­нистрі Марат Бекетаев баяндама жасады. Ол адвокатура инс­титутын заңнамалық ынталандыру ретін­де жетілдіру үшін заң көмегін көрсе­ту субъектілерінің біліктілігін қамта­ма­сыз ету, кіру жарналарын алып тастау, аттес­таттау өткізу тәртібін қайта қа­рау, адвокаттардың біліктілі­гін арттыру және сапасыз заң көмегін көрсеткені үшін жауап­ты­лыққа тарту тетігін қайта қа­рау ұсынылатынын айтып өтті.

«Қазақстанда адвокаттық қыз­мет нарығы жеткілікті деңгейде дамымаған және озық елдердің көрсеткіштеріне сәйкес келмейді. Оның негізгі себептерінің бірі – адвокаттардың жетіспеуі. Бұл салаға үміткерлер үшін кіру жарналарының өте жоғары болуы негізгі мәселеге айналды. Алғашқы жарналарды алып тас­тау адвокаттық мамандыққа жас заң­герлердің кіруіне, олардың ара­сындағы бәсекелестікті кү­шей­­туге және санының артуына мүм­­кіндік береді», деді М.Беке­таев.

Министрдің айтуынша, Қа­зақ­станда адвокаттар көрсететін кәсіби қызметтердің сапасына тиімді бақылау жоқ. Сондықтан олардың кәсіби әдеп нормала­рын сақтауын, тәртіптік істер­дің объективті және жан-жақты қаралуын қамтамасыз ету мақ­сатында екі деңгейлі тәртіптік комиссия құру жоспарланып отыр.

Ведомство басшысы адвока­тура қызметін оңтайландыру ұсынылғанына да тоқталды. Қа­зіргі таңда адвокаттар шұғыл әрі уақтылы қызмет көрсетуге қажетті, маңызды ақпараттарды алу­ға еркін қол жеткізе алмайды. Мұны шешу үшін «Е-адвокатура» ақпараттық жүйесін құру мен қа­лыптастыру ескерілген. Заңгерлік көмектің құны бойынша әділ баға белгіленеді.

 «Заңгерлік көмектің құны туралы ашық ақпараттың жоқтығы бағаның негізсіз көтерілуіне себеп болып отыр. Осы орайда халықтың хабардар болуын және әділ бағаның белгіленуін қамтамасыз ету мақсатында адвокаттар мен заң консультанттары көрсететін көмектің ұсынымдық сипатта тарифтік кестесін әзірлеу қарастырылады. Тарифтік кестені енгізу азаматтарға заң көмегінің орташа құнын білуге және оған артық шығынды төлемеуге мүмкіндік береді», деді министр.

М.Бекетаев бүгінде азаматтарды теріс пиғылды адвокаттар мен заң консультанттарынан қор­ғау тетігі қарастырылмағанын сөз етті. Соған байланысты адво­кат­­тардың, заң консультант­тары­ның міндетті түрде өз кәсіби жауап­кершілігін сақтандыру ен­гізіл­мек. Бұдан бөлек, халық­тың әлеуметтік әлсіз топтарына тегін заң көмегін көрсету қарас­ты­рылған.

«Заң жобасында халықтың әлеу­меттік әлсіз топтарына адво­кат­тар­мен және заң консультанттарымен құқықтық жағдайдың басынан аяғына дейін тегін заң көмегін көрсету қарастырылған. Ол pro bono деп аталады. Осын­дай қызметтерді көрсету тарап­тардың келісуімен ерікті және өтеусіз негізде жүргізіледі. Айта кету қажет, рro bono қызметі мін­дет емес, ол құқықтық және оны көрсету мәжбүрлі емес», деді М.Бекетаев.

Соттарда өкілдік ететін жеке тұлғалардың заң консультанттары палаталарына міндетті түрде мүшелікте болуы қарастырылған. Жеке тәжірибемен айналысатын заңгерлердің өзін-өзі басқару ұйымдарына мүшелікте болуы заң көмегінің сапасын арттыруға негіз болады.

Отырыста Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин аталған заң жобасы бойынша адвокаттық тәртіптік комиссияның құрамына, жұмыстың ашық және нәтижелі болуына тоқталып, бұларды екін­ші оқылымда ескеруді ұсынды. Сондай-ақ Мәжіліс Төрағасы заң жобасын талқылау барысын­да адвокаттардың тәртіптік кеңесіне қа­тысты мәселеге айрықша назар аударды. Қаралып отыр­ған заң жобасында тәртіптік комис­сияның құрамына алты адвокат, уәкілетті органның үш өкілі және отставкадағы судья кіретіні айтылған.

«Адвокаттық тәртіптік ко­мис­сияда министрлік өкілдері­нің болуы міндетті емес, тіп­ті қажеті де жоқ. Қайта сол шенеу­ніктердің орнында қоғамдық ұйым өкілдері болса, жұмыс ашық, нәтижесі де жақсы болады», деді Н.Нығматулин.

Парламент Мәжілісінің Төр­ағасы азаматтарға заңгерлік көмек көрсету саласында бәсеке­лестіктің жоқтығына тоқталып, жылы орнынан қозғалмай отыр­ған адвокаттар алқасының басшыларын сынға алды.

«Бізде заңгерлік қызметтер мен көмекті көрсетудің сапасыз екені жиі айтылады. Сапа қай­дан болады? Еліміздегі өңірлік төралқаларда ондаған жыл бойы қатарынан бір адам тапжылмай отыр, яғни олар еш үзіліссіз осы адвокаттар алқасына басшылық етіп келеді. Мәселен, Маңғыстау облысында облыстық алқа төралқасының төрағасы 25 жыл үзіліссіз басқарды. Алматы облысында – 27 жыл, Атырау облысында – 31 жыл, ақтөбелік адвокат бәрінен асып түсті. Осы қызметте ол 33 жыл басшылықта болды. Бұл өз кезегінде азаматтарға заңгерлік көмек көрсету саласында бәсекелестіктің әлсіздігін байқатады», деді Н.Нығматулин.

Жоғарыда айтылған адво­кат­тардың тәжірибелі маман бо­луы мүмкін екенін тілге тиек ет­кен Н.Нығматулин осы салада қазіргі заманның талаптары ес­керілуі керектігіне тоқталды.

Сонымен қатар отырыста «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне адвокаттық қызмет және заң көмегі мәселелері бойынша өзге­ріс­тер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы талқыланды. Бұл «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» негізгі заң жо­­басына сәйкестендіру мақ­са­тында әзірленді. Жаңа заң жо­ба­­сы 4 кодекске және 5 заңға өз­геріс­тер мен толықтырулар ен­гі­зуді көздейді.

Талқылаудан кейін палата депутаттары заң жобасындағы жа­ңашылдықтарға қолдау білдіріп, «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Бұдан кейін «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» Қазақстан Республикасының заңына өзге­рістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы депутаттар тарапынан қолдауға ие болып, мақұлданды.

Заң жобасы туралы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы баяндама жасады. Ведомство басшысының айтуынша, заң жобасы қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті қам­та­масыз ету жөніндегі мем­лекеттік саясаттың сапалы және тиімді іске асырылуын қамтамасыз етуге бағытталған.

Жұмыс тобының шең­берін­дегі талқылау барысында депутат­тар Ассамблея Кеңесінің өкілет­тіктерін кеңейту, этносаралық қатынастар саласында құқықтық реттеудің тиімділігін арттыру, қолданыстағы заңнамадағы олқы­лықтарды жою бөлігінде түзе­тулер, сондай-ақ редакциялық сипаттағы және заң техникасы бойынша түзетулер енгізді.

А.Мұхамедиұлының сөзіне қарағанда, Ассамблеяның аясында ауқымды республикалық ак­циялар, қайырымдылық ұйым­дар мен меценаттар өкілдерінің рес­публикалық съездерін өткізу бойынша жүйелі жұмыс ұйым­дастырылып келеді. Осыған байланысты ҚХА-да қазірдің өзінде «Жомарт жан» төсбелгісі» қоғамдық наградасын тағайындау жоспарға енген.

Сондай-ақ жалпы отырыста Қазақстан мен АҚШ үкіметтері арасындағы мемлекеттік әуе кемелеріне аэронавигациялық қызмет көрсету үшін төлемақы алуға қатысты келісімді ратифи­кациялау туралы заң жоба­сы қаралып, мақұлданды.

Отырыста Мәжіліс Төрағасы Н.Нығматулин бүгіннен бастап депутаттардың аймақтарға шыға­тынын хабарлады. Ондағы негізгі мақсат – Мемлекет басшысының бес әлеуметтік бастамасын және оның ерекше мүмкіндіктерін әрбір азаматқа, әрбір отбасына жеткізу. Депутаттар 6 сәуірге де­йін өңірлерді аралайды.

 

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

 

Соңғы жаңалықтар