Қазақстан • 29 Наурыз, 2018

Бес бастама – әл-ауқатты жақсартудың басты тетігі

216 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстан Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ғимаратында Қазақстан халқы Ассамблеясының Ғылыми-сарапшылық кеңесі «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы – Қазақстанның адами капиталын дамытудың құралы» тақырыбында жиын өткізді.


Бес бастама – әл-ауқатты жақсартудың басты тетігі

Астанада өткен бұл жиынды аш­қан әрі жүргізіп отырған Орталық Азия өңіріндегі Этносаралық және кон­фес­сияаралық қатынастарды зерттеу орта­лығының басшысы, ҚХА Ғылыми-сарапшылық кеңесінің төрағасы Айгүл Сәдуақасова Елбасының бес бастамасы халықтың әл-ауқатын әлеуметтік жобалар арқылы жақсартудың басты қазығы болғанын айтып, бұл елдің даму бағдарына тың серпін бергенін атап өтті. Сондай-ақ ол мұндай ауқымды әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға ҚХА Ғылыми-сарапшылық кеңесі де үн қосып, мемлекеттің халық алдындағы мін­деттемелерін ұтымды орындау бағы­тын­дағы шараларды талқылауды мақсат еткенін жеткізді.

Бұдан кейін Қазақстан халқы Ассам­блеясы Хатшылығының сектор меңгерушісі Азат Жолдыбаев сөз сөйлеп, мемлекеттік маңызды бағдарламалардың іске асырылуына Ассамблея да өзіндік үлесін қосып келе жатқанын атап өтті. Ол Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Ассамблеяның рөлін күшейтіп, этносаралық қарым-қатынастарды реттеу үшін «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы тапсырма бергенін еске алып, осыған байланысты заң жобасы күні кеше Мәжілістің алғашқы оқылымында мақұлданғанын жеткізді.

Жиында «Атамекен» ұлттық кәсіп­керлер палатасы департаментінің директоры Бауыржан Оразғалиев Президенттің бес әлеуметтік бастамасының бірі – шағын несие беруді көбейту мәселесіне тоқ­талды. Ол 2017 жылы жалпы сомасы 32 миллиард теңге болатын 7200 шағын несие берілгенін атап өтіп, соңғы жылдары кәсібін ашқысы келген жандарға мемлекет тарапынан қолдау көбейіп жатқанын атады. Жастарға кәсіп­керліктің қыр-сырын үйретіп, білім сапасын арттыру үшін Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп, 2 мыңға жуық оқу бағдарламасын зерттеуді бастапты. Қазіргі таңда соның 700-ге жуығы жан-жақты зерттеліп, тиісті ұсыныстар берілген. Алдағы уақытта білім сапасын арттыруға арналған бағдарламаларға халықаралық сарапшыларды тарту мәселесі де көзделіп отыр.

Бұдан кейін «Бастау Бизнес» жобасы туралы айтқан Б.Оразғалиев бұл бағдарлама негізінен әлеуметтік жағ­дайы төмен және өзін-өзі жұмыспен қам­тып жүрген азаматтарға арналғанын атап өтті.

«Бастауға», әсіресе ауыл тұр­ғын­дарының қызығушылығы жоғары екен. Осы бағдарламадан өткен азаматтардың 60 пайызы өз ісін ашуға деген ынтасы оянып, кәсіпкерлікпен айналысуға құлшына кірісетін көрінеді. Бұл біздің болжамымыздан бірнеше есе көп көрсеткіш. Енді биыл қосымша 20 миллиард теңге бөліп, шағын несиелердің жалпы сомасын 62 миллиард теңгеге жететін болса, бұл нәсібін кәсіптен тапқысы келетіндерге үлкен көмек, дейді Б.Оразғалиев.

Ғылыми-сарапшылық кеңестің отырысында Президенттің басқа да әлеуметтік бастамалары талқыланып, қатысушылар жобаларды жүзеге асыруға байланысты ойларын ортаға салды.

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ,

«Егемен Қазақстан»