Қойбек биді жастайынан әкесі Мыңбасы ел билеу ісіне араластырып, өмірге ерте баулып, қанатын қатайтып, билік, төрелік айтуға қатыстырып отырады. Әкесі Мыңбасы да, ержете келе Қойбек бидің де өзі үнемі көшіп-қонып жүретін тіршіліктің бір-ақ жұттық екенін тереңірек ұғынады, елді отырықшылыққа, егін салып, бау-бақша егіп, жерді игеруге қарай бейімдемесе болмайтынына көзі жете түседі, отырықшы тіршілікке бет бұруды басты мұрат тұтады.
Жері құнарлы, шөбі шүйгін, жайлау десең ала жаздай малды өріске еркін айдап салып жататын, суы мол, әрбір сай-саласының өзінен мөп-мөлдір бұлақтар жарыса ағып жатқан, жері құйқалы, тауы аршалы, арық мал майға бөгіп, ауру мал оңалатын жұпар шашқан қасиетті жер екен деп Даубаба алқабын жайлапты. Даубаба биік таулы аймақ еді. Оның шығысын Ақсу-Жабағылы, Иірсу алып жатса, күнгейінде – Ұзынмашат, Даубаба етегінде Келтемашат өзені жердің төсін тіліп ағып жатқан мына байтақ, меңіреу, мал тұяғынан басқа ештеңе тимеген жерге су шығарып егін салу, халықты диқаншылық кәсіпке үйрету мәселесі Мыңбасыны да, Қойбек биді де, ағайын бауырларын да күні-түні толғандырады, бұл ой бидің басты мұрат-арманына, мақсат-мүддесіне айналады.
Қойбек би қасына атқосшылары және кеңесшілерін алып, Оңтүстік өңірін, Әулиеата, Жетісу жерін аралап, ондағы канал құрылыстарымен танысып шығады, талай-талай білгір кісілермен, мұраптармен пікір алысып сөйлеседі, олардың тәжірибелеріне қанығады, өзі де, қасында еріп жүрген қосшылары да әртүрлі канал құрылысын көріп, көп нәрсені көңілге түйіп оралады. Мықты-мықты деген мұраптарды алдырып, болашақта жүргізілетін арықтың қазылатын жаңа арнасын анықтап, жобасын жасайды. Сөйтіп өз ісінің ісмерлері саналған, тоған салып, арық қазып ысылған азаматтарды жұмылдыра отырып Даубаба өзенін бұрынғы арнасын бұрып, шатқалды жерлермен канал қаздыруды ақыры қолға алып, іске бел шеше кірісу керек деген нық шешімге келеді.
Шамасы келгеннің бәрі де мына құрылыс жұмысынан шет қалмапты, көмектесуге тырысыпты. Арық қазып, тоған салып, тоспа жасап, суармалы жерлерге су шығару арқылы ел-жұрт жаппай жаңа кәсіпті игеретін болады.
Қойбек би таулы жерде арна суының ағысының іркіліп, судың ағу үйкелісінің жеңіл болуы үшін ені 3-4 метр, тереңдігі 2-3 метр арнаның табанын үшкіл етіп қаздырыпты, яғни үшкіл бұрыш – конус пішінді етіп қазылған. Каналдың табаны жалпақ болса, судың ағысы баяулайды, ал табаны үшкіл етіп қазылса, су жылдамырақ ағады, үйкеліс те азаяды, судың шығыны да кемиді. Қойбек би қаздырған арық Қоралас арығы аталынып кеткен, бұл канал шын мәнінде күрделі ирригациялық құрылыс, жаңа шешіммен жасалынған егістік жерлерді толықтай пайдаланудың жүйесі дерлік.
Қойбек би сауын айтып жинаған төрт жүзден астам шаңырақты Даубаба өңіріне, Қоралас арығы бойына қоныстандырады. Ел жаппай қам кірпіштен іргесін тастан қалап үй тұрғызады. Қыр төсінде жағалай қоныстанған ауылдар пайда бола бастайды. Қоралас арығы қазылып біткен кезде мыңдаған гектар алқап суармалы жерге айналып, бидай, тары, қонақ, жүгері, үш-төрт рет орып алатын жоңышқа егіледі. Елін азық-түлікпен, дәнді дақылдармен қамтамасыз етуді басты мақсат еткен би бабамыз ойлаған ісін толықтай ел-жұртты ұйымдастырып жүзеге асырыпты. Ең алдымен сусыз жатқан жерлерге су шығарылады, жеміс-жидек, бау-бақша, алма, шие, қара өрік, жүзім, қарбыз, пияз, сәбіз және т.б.егіледі, сөйтіп бүгінгі тілмен айтқанда, елді азық-түлікпен қамтамасыз етіпті.
Қойбек би немесе Қоралас арығы, Қойбек би шарбағы (терассалы жерлер) деген жер аттарының сақталынып қалуының өзі күні бүгінге дейін Қойбек бидің еңбегінің тарихи куәсіндей етіп айтылатын. Оңтүстік Қазақстан облысы, Түлкібас ауданы, Даубаба өңіріндегі бір елді мекен аты, Қойбек бидің сүйегі жатқан шағын ауыл кезінде Қойбек би ауылы деп аталынған. Кеңес өкіметі жылдары бұл атау «Коньчасть» деп өзгертіліп, бөлімше осылай аталып келді.
Тәуелсіздігімізді алғаннан кейінгі кезеңде аттары ұмытылып бара жатқан ұлы тұлғалар есімі халыққа қайта оралды. Қойбек бидің есімін де ел біле бермейтін, себебі айтылмайтын, кеңестік идеология жол бермейтін. Алғаш рет Н.Төреқұлов пен М.Қазбековтің «Қазақтың би шешендері» (1993), Н.Төреқұловтың «Қазақтың 100 би-шешені» деген кітаптарында Қойбек би туралы мәлімет енгізілді. Сонымен қатар мемлекет қайраткері, заңгер М.Нәрікбаевтың «Ұлы билерімізден Жоғарғы сотқа дейін» (1999) атты еңбегінде, Қойбек биге тоқталған. Қойбек би туралы физика-математика ғылымдарының докторы, профессор С.Ерматов, өлкетанушы-геолог М.Серікбаев, белгілі жазушы С.Ақтаевтың еңбектері жарияланды, аудандық, облыстық газеттерде арнайы мақалалар жарық көрді. Жақында Қойбек би Мыңбасұлы туралы Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының сирек басылымдар қорынан тағы да бір тың дерек табылып, биге қатысты бұрын-соңды белгісіз, беймәлім мәліметтер қолымызға тиді.
ХІХ ғасырдың 30-40-шы жылдарында канал бойын жағалай ел қонған жерлердің тастан қаланған ірге тастары күні бүгінге дейін ұшырасады. Қойбек би қаздырған Қоралас арығы жүз жылдан астам уақыт бойы елге, халықтың тұрмыс-тіршілігіне, қажетіне барынша қызмет етіп келді. Ел-жұрт жайылымнан да, астықтан да, судан да тарықпады. Молшылыққа, дәулетке кенелді, күзде қамба-қамба астық алды. Қоралас арығының бойына тал-терек, қарағаш, тіпті арша да отырғызылыпты. Жаппай қоныстанып, байтақ далада берекелі тіршілік етіп жатқан халық Кеңес өкіметі тұсында Киров каналын (Оңтүстіктегі ең ірі канал) қаздыруға жаппай көшіріп, мыңдаған гектар суармалы жерлерді игеріп, пайдаланып келген ел-жұрт амалсыз туған, бауыр басқан жерінен көшірілді. Ел күштеп көшірілгеннен кейін Қоралас арығымен ағып жатқан Даубаба өзені енді бастапқы арнасына қайта құлады. Қойбек би суландырған мыңдаған гектар жер жайылымға, жаңбыр суымен шығатын егістікке айналды.
Қойбек би арығы сонымен қай жылы қазылған деген сұрақ туады. Оған нақтырақ жауапты біз жоғарыда Ұлттық кітапхананың сирек қорында сақталынып қалған кітаптан ала аламыз. Ал біз тоқталғалы отырған Сырдария облысына байланысты еңбектің толық аты былай жазылған. «Издание переселенческого управления. Материалы по Киргизскому землепользованию. Собранные и разработанные Сырь-Дарьинской статической партией. Сырь-Дарьинская область. Чимкентский уезд. Том 1. Ташкент. Типография Штаба Туркестанского военного округа. 1908 г.» Бұл кітаптың көлемі 520 беттей, кестесі, картасы қоса берілген. Кітап материалы 6 тарауға бөлініп берілген. Сырдария облысының Сырдария статистикалық партиясы 1906 жылы құрылған. Статистикалық партияның міндеті статистикалық, агрономиялық және гидрогеологиялық мәліметтерді зерттеп жинау болатын. Түркістан генерал-губернаторы фон-Кауфманның 1867-1881 жылдар уақытындағы есебінде Сырдария облысы Ташкент уезі қазақтарының (киргиз деп жазады) 80% пайызы отырықшы деп көрсетілген. Осы статистикалық партияның мәліметі Шымкент уезінің өзінде жерді пайдалану жағдайы әртүрлі екенін көрсеткен: жермен айналысуға қолайлы жерлерде егін шаруашылығы жақсы дамыған болса, енді кейбір аудандары көшіп-қонып тіршілік ететінін жазады, бұл шөлді, шөлейтті жерлер. Сырдария облысының Шымкент, Әулиеата, Ташкент уездерінің ауылшаруашылық кәсібін дамытуға қолайлы аудандарында қазақ жұртының егіншілік пен жер шаруашылығы жақсы дамығанына назар аударыпты. Суармалы жерлер, жауын көп, ылғал мол түсетін жерлер, жердің топырақ-геологиялық сапасының қолайлы болып келетін аудандарға бөлген.
Сырдария қоныстандыру ауданының қарамағына Сырдария, Самарқанд, Ферғана облыстары кірген, бұл жер көлемі өте үлкен аймақ. Осы облыстардың ішінен ең алдымен шаруашылық-статистикалық зерттеу жұмысын Сырдария облысынан бастау көзделінген екен. Бұл облыстың жер көлемі 443 442 шаршы шақырым аумақты алып жатты. Патша үкіметінің шаруашылық-статистикалық зерттеу жұмысы қатаң түрде отарлау мақсатында жүргізілді. Осыған орай қоныс аудару учаскелерін құруға табиғи-тарихи жағынан кедергі болмайтын аудандарды таңдау қажет болғандығын ашық жазады. Яғни Сырдария статистикалық партиясының алдында шаруашылық, статистикалық зерттеу жүргізу үшін отарлау мақсаты тұрғысынан қолайлы аудандарды таңдау тұрды. Ондай аудан алдымен Шымкент уезі болды. Бұл уездің жері өте шұрайлы, сулы, таулы, шабындықты болып келеді әрі егін шаруашылығы жақсы дамыған өңірге жататын. Арыс, Балықты, Жыланды, Ақсу, ал таулы аймақтан Даубаба, Машат, Келтемашат сияқты суы мол арналы өзендері мен бастау, бұлақтары көп сулы аймақ болатын. Сырдария статистикалық партиясының назарының мұндай жері құйқалы, шұрайлы, табиғаты көркем, сулы жерлерге аууы заңды да еді.
Ал Даубаба Шымкент уезінің Машат болысына қарайтын. 1906 жылдың басында Сырдария статистикалық партиясы өз жұмысын бастайды, отарлау мақсатында қойылған міндетті уақыт жағынан қысқа мерзімде зерттеп, анықтап, жинақталған материалдарды 1908 жылы арнайы кітап етіп бастырып шығарады. Біз біле бермейтін, уақыт өте келе ұмытылуға айналған мәліметтер мен деректер, елдің тіршілігі, шаруашылық жүргізу әдіс-тәсілдері, жерді жайылымдық, суармалы, егістік жерлердің мал-жан басының есебі, түтін саны т.б. зерттелініп, жинақталынып, қорытындыланған мол мағлұматтар топтастырылған еңбек. Бұл статистикалық партияның жүргізген зерттеу жұмысы тікелей отарлық мақсатта жасалынғанымен, тарихымызға қатысты көптеген құнды деректері зерттеушілердің ғылыми еңбектеріне пайдалануына өте қажет.
Біз тоқталып отырған Сырдария облысы, Сырдария статистикалық партиясының қырғыздардың (қазақтардың) жерді пайдалануы жөніндегі материалдарында Қойбек биге байланысты былай деп жазылыпты:
«...Суармалы жерлерді пайдалану қазылған әлгі арық жүйелерінің суын пайдаланумен тығыз байланысты. Суару үшін су әдеттегідей бас арықтан немесе өзеннен болмаса таулы жерде жиі кездесетін бұлақтан алынады, мұндай жағдай далалы аймақта жиі кездеседі. Арықтарды қазақтар көп қиындықпен, тұтас бір рудың, тіпті бірнеше рудың біріккен күшімен жүргізеді. Мысалыға, Машат болысындағы Даубаба арығын қоралас руы бұдан 70 жылдай бұрын Шаншар деген кісінің басшылығымен қаза бастаған, бірақ іс сәтсіз болды, су шықпады. Шаншардан кейін арық құрылысын Бақбасар жалғастырған, ақырында ол суды шығара алған, бірақ түптеп келгенде Даубаба арығын оның құрылысы басталғаннан кейін он жыл өткен соң барып Қойбек би ғана қайта қолға алып, арық қазу жұмысын ақырына дейін жеткізеді. Осы кезден бастап қоралас руы жерді игеріп пайдалана бастайды. Алайда арық құрылысын жүргізу аяқталғаннан кейін де үнемі арықты қарап, түзеп, жөндеп отыру қажет. Ол үшін әдетте ерекше бақылаушы «арық ақсақалын» және мұрапты сайлайды. Мұрапқа еңбегі үшін қауымнан ақы, көбінесе мал-мүлік түрінде төленген. Оның міндетіне арықтың дұрыс жұмыс істеуі мен жекелеген үй иелерінің араларында бірдей мөлшерде суды бөлуді қадағалау кірген. Көктем айында арықтардың табаны ұйықтан, басқа да жиналған шөп-шаламдардан мұқият тазартылады. Арық тазалау жұмысына әрбір үй бір жұмысшыдан шығарып отырған, соның нәтижесінде бірнеше күннің ішінде-ақ арық тазаланып отырған...».
Қоралас арығы патшалы Ресей оңтүстік өңірін 1864 жылы жаулап алғанға дейін қазылып, пайдалануға берілген. Шаншар арық қазуды 1836-1837 жылдары бастаған болып шығады. Ол су шығара алмаған соң, Қойбек бидің әкесі Мыңбасының інісі Тышқанбайдың баласы Бақбасар Шаншар бастаған істі жалғастырып, біраз жерге дейін суды шығара алған, әрі қарай су жүрмей іркіліп қалған. Содан Қойбек би алдындағы бауырларының жіберген қателіктерін тексеріп, екшеп, мұраптармен қайта есептеп барып, арық арнасын басқа бағытпен көлбей жүргізіп, қиын қысылтаң жерлерден жол тауып арық қазу жұмысын нәтижелі аяқтаған. Бұл статистикалық партияның дерегімен есептеп шыққанда 1847-1848 жылдар шамасы болып шығады. Статистикалық партияның 520 беттей материалынан Даубаба арығын қазуға атсалысқан осы үш-ақ кісінің аттары ғана аталады, ал фамилиясы келтірілмейді. Ал оны тарихи елесінде қалған аңыз-әңгімелер, әпсаналардың арқасында ғана біз біліп келген едік.
Шымкент уезінің Машат болысындағы Даубаба арығы, яғни Қоралас арығының ХІХ ғасырдың 40-шы жылдарының соңында қазылып, құрылысы бітіп, осы арық Даубаба өзенінің суы таулы қыратқа көтерілгенін тарихи құжат нақтылай түсті. Қоралас арығының таулы жерде қазылып іске асырылуы, оның құрылыс жүйесі, инженерлік-геологиялық шешімі, ирригациялық жоба-жүйесі статистикалық партия зерттеушілерін қатты қызықтырғаны анық. Сондықтан да Қойбек бидің еңбегіне арнайы тоқталып отыр. Бұл дерек, мәліметтерді Даубаба өңірін арнайы аралап, Қоралас арығының құрылыс жүйесімен танысқан статистикалық партияның зерттеушілері Қоралас арығына қатысты мәліметтерді Қойбек бидің тікелей өзінен алуы әбден мүмкін деп болжаймыз, себебі бұл кезде Қойбек би Мыңбасұлы әлі дүниеде бар болатын. Ол кезде Шымкент уезі Түркістан генерал-губернаторлығының құрамындағы Сырдария облысына қарайтын. Қойбек би ықпалды би, қайраткер тұлға ретінде Сырдария облысына ғана емес, Түркістан генерал-губернаторлығына да есімі белгілі би, қайраткер болғанын осы мәліметтер айғақтай түссе керек. Қоныстандыру басқармасының жұмысына байланысты көп ұзамай оңтүстік өңіріне ішкі Ресейден, Сібірден мұжықтар, қара шекпенділер, казактар үкіметтік жәрдем алып, қаптап көшіріліп, әкелініп қоныстандыру учаскелеріне орналастырыла бастады. Ең шеткері жатқан өңір деп есептелінетін Даубаба жеріне де Ресейден келген қоныстанушылар көшіп келіп орныға бастайды. «Сославино» деген елді мекен пайда болады, Түлкібас өңірінде Антоновка, Димитровка, Сергеевка, Корниловка, Вознесеновка, Ильинка, Ванновка сияқты отарлық топонимдер қаптайды. Мұның барлығы отарлау саясатының салдары болатын.
Қойбек бидің Ресей жаулап алғаннан кейінгі өмірі мен қызметі, елі мен халқының жүріп өткен кезеңімен етене тығыз байланыста өтті. Ол халқының, елінің мақсат-мүддесі мен арман- тілегін іске асыру жолында өз мүмкіндігі шегінде шексіз қызмет етті. Хақ жолынан, ақиқаттан айнымай, билігінде байлыққа бас ұрмай тура жолдан таймай өткен тұлға болды. Қазақ қауымына ұлы билердің өнегесін, дәстүрлерін іс-тәжірибесімен насихаттап, қылмыссыз қоғам, қауым орнықтыру жолында ұшан-теңіз еңбек сіңірген билердің бірі осы Қойбек би Мыңбасыұлы. Би бабамыздың қаздырған арығының орны күні бүгінге дейін сол баяғы қалпында сақталынып қалған. Қайта қолға алатын күн туса, әлі де қызмет етуге толық жарайды.
Мұхтар ҚАЗЫБЕК,
жазушы
АЛМАТЫ