Қазақстан • 29 Наурыз, 2018

Тұйықсу мұздығына жол тартқан сан экспедиция

2451 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Айға шағылған мұздықтар көз қарықтырған күйi өзгеше жұмбақты суыртпақтайтындай, әйтсе де кербез шыңдар суық қалпы бiр сырды iшке бүккендей асқақтайды. Мұздықтар да өзгеше бiр сырлы әлем. Ғылымда 1902 жылдан белгiлi Тұйықсу мұздығына жол тартқан сан экспедицияның сапары ненi айғақтайды?!

Тұйықсу мұздығына жол тартқан сан экспедиция

Верный бекiнiсiне пар ат жеккен пә­уес­кемен келген жас жiгiттiң алдымен назарын аударған ұшар басы аспан теп­кен ақ бас шыңдар едi. Жанарын алмаған қалпы қиялына қанат бiтiп, со­нау биiкке көтерiлгiсi де келген. Шiр­кiн, көгiлдiр аспан астында күнмен ша­ғы­лыса нұрланып сан құбылған сол шыңдар шынында да ғашық етердей екен. Алатау баурайындағы бекiнiске ар­найы тапсырмамен келген жас геодезист Николай Пальгов жол соқты болып шар­шағанын да ұмытқан.

Табиғаттың құпиясын қымтай жа­сыр­ған мұздықтар қызықтырып, өзiне шақырды да тұрды. Арман болып жү­рек­тi тыншытпаған құштарлық жас гео­дезистi араға уақыт салып барып, жолға же­теледi. 1922 жылы еңбек демалысын алып, жаздың жайма-шуақ бiр күнiнде биiк таудың ұшар басына ирелеңдей көтерiлген жалғыз аяқ сүрлеуге түстi. Бұл сапарға алғаш келгендегi қиялмен, со­ның қызығымен шыға салған жоқ.

Жұмысқа орналасқан күйде кезектi ең­бек демалысына дейiн қаржы жинады, қалай бару керектiгiн сұрастырып, жер жағдайын әркiмнiң айтуымен картаға түсiрдi, дайындалды. Жолға бiр ат, алты пұттай жүк алды. Жанына өз ерiк­терiмен екi жолсерiк ердi. Қасын­дағы жолсерiктерiнiң жолды жақсы бiлуi Николай Никитич Пальговтың Орталық Тұйықсу сапарына, оның сәттi аяқталатынына деген сенiмiн арттырды.

Бiздiң бiлетiнiмiз, Тұйықсу мұздығы Тянь-Шаньның солтүстiк жоталарының бiрi болып географиялық картаның тi­нiн әспеттей түсетiнi. Ал жолсерiк ға­лымның қосқаны бiрiнен соң бiрi қай­таланған деректер тiзбегi өзiндiк мазмұнмен көп жайтты меңзер. Өйткенi Iле Алатауында ұзындығы 5,1 шақырым, жалпы көлемi 3,8 шаршы шақырым жер­дi алуы қызық мәлiметтердiң бастауы бо­лып тармақтала берген.

Мұздықтың төменгi бөлiгiн қараңыз, су­сыған қиыршық тас пен үлкен-үл­кен қой тастар биiкке өрiле түседi. Өз­ге­ше әспетiмен ерекшеленген iргетас се­кiл­денiп жатқан тас жамылғы бiр ша­қырым ұзындыққа созылып, теңiз дең­гейiнен 3100 метр биiктiкте Альпi бел­деуiне ұласады. Одан әрi күнмен ша­ғылыса жанарды арбаған жалаңаш мұз­дық. Қатуланған қабақтай төбеңнен төне түскен қар тосқауылдар мұздықтың ұшар басын сiзден қызғанып жасырғысы кел­гендей қорғаштап, көлегейлей түседi. Әйт­се де маңғаз мұздық кербез кейпiмен көз алдыңызда тұрады.

Тау өзендерiнiң бастауындағы мұз­­дық­­тар кескiнi әдемiлiгiмен айрық­ша­ланар едi, жоғары беткейi жазық кү­йiн­­де биiктей бередi. Ұшар басын алқа бо­­лып тағылғандай дөңгелей қоршаған қар­­лы жамылғы төменге қарай етегiн кең­­ге салған қалың мұзды аңғартады. Бұл ғылым тiлiмен айтқанда жазық мұз-­дықтар. Осы тектес мұздықтардың ең үлкенi 145 шақырым ұзындыққа со­зыл­ған. Ол Аляска тауларындағы Хаб­­бард мұздығы. Оның ұзындығы 70 ша­­қы­­­рымнан астам, аумағы 900 шаршы ша­қырым. Жазық мұздықтардың ең ша­ғындары бiр шақырымға жетпей жатады.

Орталық Тұйықсу бұлардың жанында 4 есе үлкен. Ерекшелiктерiн ескерер ­болсақ, ғалымдардың назар аударар мұздықтар тобына жатқызуында да мән бар. Кавказ, Камчатка, Тянь-Шань және Памирдегi сегiз аймақты есептеу барысында 1000 шаршы ша­қырым көлемдi 22 мұздық алып жатқаны анықталған. Әрқайсысының көлемi 3-4 шаршы шақырым аралығын құрайды және көбi Орталық Тұйықсу көлемiне жақын. Iле Алатауының солтүстiк жоталарында, нақтылай түссек, Орталық Тұйықсу маңында да аумағы жағынан олар­ға қатарласатын 37 мұздық бары таң­данта қоймас.

Машина қырқадан сәл төмен құл­дилады да кiлт оңға бұрылып, қай­та биiк­ке көтерiлдi. Сонау аңғар етегiнде мың бұралған өзен жылтырайды. Ал өзеннiң бастауы әлi қанша жер. Тұйық­су ғылымда 1902 жылдан белгiлi. Оның пiшiн-болмысы жайында алғаш хабар­лаған С.Дмитриев едi. Жазды күнгi қыс­қа мерзiмдi сапары дәйектi зерттеу­ге мүмкiндiк бермедi. Көрген-бiлгенi нәти­жесiнде анықтағандарын жалпылама тү­сiндiрдi.

Ал ғылымға керегi мәлiметке толы нақ­ты деректер. Сол себептi де барлық жайт белгiсiз қалпында қала бердi. Ке­йiннен екiншi рет Тұйықсуға өзге бiр өл­ке­танушы В.Городецкийдiң жолы түс­тi. Осы сапардың қорытындысында ол Тұйықсу мұздығының жай-жапсары жөнiнде хабарламалық мақала жазды. Араға алты жыл салып, 1922-1923 жылдары Тұйықсу Н.Пальговтың назарын аударды. Сонан соң барып 13 жыл мерзiм өткенде мұздық құпиясына қызыққан қазақ гидрометеорологиялық қызмет бас­қармасының мамандары болды.

Тұйықсу мұздығына жүргiзген көп­теген бақылау нәтижесi ауа райына бай­­ланысты маңызды деген сауалдарға жауап алуға мүмкiндiк бердi. Сонымен қа­тар оның өткенiне барлау жасап, өз­геге тосын жұмбақ жайттардың сырына қаныға түсуге жетеледi. Бұның бәрiне ба­ғыт сiлтегендей болған Алматының ауа райын 1879 жылдан бақылауға алынғандығын айғақтайтын деректер едi. Осыған байланысты Мыңжылқы стансасында мұздықтардың жаз айларында температураның өзгеруiне сай келетiн жайларды жүйелi зерттеу жүргiзiлдi. 1937 мен 1964 жылдар ара­лығындағы мәлiметтердi салыстыра келе, ауа райы тем­пературасының, мұздық ре­жимiнiң өзара байланысы 1879 жылдан бергi Тұйық­судың тiршiлiк тынысын та­нуға жол ашты.

Мұздықтың кербез кейпi көз арбай­ды. Ұшар басы аспан тепкен мұз­арт шыңдар шығар күннiң жалқын сәу­лесiне шомылған қалпы биiктеген дер­сiң. Олардың ең биiгi 4410 метрлiк Орд­жоникидзе шыңы. Сүйiр қалпындағы мұз­ таудың күнге шағылысқан кескiнiн жолақ болып бөлiп жатқан қарлы белдеу мұздықтағы сызат-жарықты аңғартады екен. Оңтүстiк-Шығыста Тұйықсу тiз­бектерiнiң таулы алқабы бастау алады. Шығуы қиын саналатын оның биiктiгi – 4150 метр. Одан батысқа қарай қарлы аң­ғардың қарсы беткейiнде Тұйықсу шыңы.

Ол алдымыздағы Погребецкий қарлы шы­ңынан бiрнеше метр ғана төмен жа­тыр. Барлық шыңның жартасты бет­кейi терең сайға ұласады, одан бәкене мұздықтар өрiлiп тұрады. Сол жақ беткейден Космодемьянская мен Мо­лодежный мұздығы сырбаз кейiпте менмұндалайды. Алдыңғысы Тұйықсу мұз­дығымен астасып жатыр да, екiншiсi жанамалап қосылады. Оң жақта Тұйықсу тiз­бегi. Мұздық пен тiзбектi бөлiп жат­қан моренаның төменгi бөлiгi. Тұйықсу тiз­бегiнен солтүстiкке қарай Партизан, Ор­джоникидзе, Маяковский, Мәметова мұз­дықтары жалғасады. Бiрiмен-бiрi бой жа­рыстырған күйi өзгеше сурет.

Сыздықтаған су кiшкене сызық жиек­термен аққан бойы мұздық тiлдерiнiң үс­тiмен тамшылайды. Әр жер-әр жерге жиналған су арна-арнамен төмен құ­лайды. Қиыршық тас пен құмның әсе­рiнен ұялар пайда болды. Оларға мөл­тiлдеп су толып, әдемi көрiнiстен көз алғыңыз келмейдi. Арынды тау өзен­дерiнiң бастауы осы.

Мұздықтар – ауқымды су қоймасы. Дос­тастықтағы мұздықтардың мұз мас­сасының өзi 7 мың текше шақырым су құрайды екен. Бұл бұрынғы Кеңес Ода­ғы аумағының өн бойын шарлаған өзен­дердiң төрт жылғы ағын суы. Ал осы мұздықтар ерiген күнде Әлемдiк мұ­хит атаулы 5 сантиметрге көтерiлдi де­сек таңданасыз ба? Бүгiнгi оқырманды таң­дандыру тағы қиын. Әйткенмен Шығыс Якутияда мұздықтарды шаруашылыққа пайдалану дегендi бiлмесе, Орталық Азияда әрбiр литр суы алтынмен бағаланады. Осы өңiрдегi мұздықтардың суы бiр кезгi Арал теңiзiмен салыстырғанда 1,4 есе көп болғанымен бұл қорды тиiмдi пай­далану проблемасын өмiр алға қойып отыр. Гляциологтердің күнi-түнi тыным таппайтын iзденiске толы жұ­мыстарының басты мақсаты сол ыңғайда бағыт алған.

Мұздықтар – ғажайып тiршiлiк, мә­селен, бiр қарағанда мұздықтар жылжиды дегенге сену қиын-ақ. Соның әсе­рi ме, ұзақ жылдар бойына бұл жағ­дайға онша мән берiлмей келедi. Атал­мыш құбылыс XVI ғасырдың ая­ғында Альпi тұрғындарының жылна­масында алғаш көрсетiлдi, ал жүз жыл­дан соң исландиялық ғалым Т.Ви­галин жазбаларында мұздықтардың қоз­ғалатыны жайында мәлiметтер кездестi. Тек, Орас Соссюраның XVII ғасырда Альпi­ге жасаған саяхаты ғана мұздықтар жыл­жуының өзгеше мәнiн ашып бердi.

Сая­хатшының мұздықтар бетiне қалдырған баспалдақтары сол 1788 жылғы сапардан кейiн араға 44 жыл салып қайта келгенде, Черная Игла тауының Мер-де-Глас мұздығының төменгi бет­кейiнен орын теуiптi. Осы жылдар iшiн­де төрт шақырым қозға­лысқа енген. Мұз­дықтардың қозғалысын бағамдамау сал­дары қиын жағдайларға әкелiп со­ғады. Оның бiр мысалы, 1894 жылы фран­цуз ғалымы Пьер Жюль Сезар Жанс­сен Монблан шыңына обсерватория салады.

Осы аталмыш ғимараттың ерекшелiгi де­ шығар, жалпы салмағы 187 тонна да,­ аумағы 50 шаршы метр жердi алып жат­ты. Ғалымның топшылауы бойынша ол барлық төтенше жағдайларға шы­дас беретiн берiктiгi мен бiр орны­нан жылжымайтынына көңiлi тола iс­ке кiрiстi. Әйтсе де арада төрт жыл өт­кен­де қозғалыс әсерi iргетастан қатты бай­қалды. Өйткенi обсерваторияның иiлiп еңкiш тартуы оның құлау қаупiн ту­дырды.

Ақ бас мұзды шыңдар кейде тосын­нан қозғалысқа енедi. Мұндай маусымда өзгеше жылдамдық алады да мұз­­дық тiлдерi төменге сусыған күйi ұла­­са түседi. Мұздықтардың беймәлiм мi­­нез танытуының негiзгi сыры климат өзгеруiнен екенi белгiлi. Эпталь Альпi­сiндегi Фернагтфернер мұздығы соңғы төрт ғасырда төрт рет қозғалысқа енген. Әр қозғалған сайын Рофон өзенiн бө­геп отырды, бөгелген өзен суы жиналып көлге айналады да лықсып толып, ар­тын­ша сарқырап ағып төмен құлаған. Мұның өзi апатты су тасқындарына әке­лiп соқты.

Қос қапталдағы Абдукагор мен Дус­тураз жазығын бөлiп тастады. Апатты сел­дердiң 1963 жылы Есiк көлiнде, 1973 жылы Кiшi Алматы өзенi бойында бол­ғаны Медвежийдiң қозғалысқа енген мерзiмдерiмен дөп келiп тұр.

 Тұйықсу… Ерте көктемдегi Тұйық­суда жүргiзiлген тынымсыз зерттеу жұмыстары да мұздық жөнiнде қы­зық­ты жайттарды айтатын болады. Мұз жиынтық қар немесе суықтан қат­қан су десек, мұздықтың пайда бол­уы мен қалыптасуы бiр қарағанда он­ша ерекше құбылыс емес те сияқты. Де­генмен мұз жаратылысында тау жыны­сы, кей жағдайда жер қыртысының қалып­тасуына мүмкiндiк бередi.

 Сол себептi де геологтер назар­ аударады; мұз – бұл минерал, сондықтан да­ минералогтер айналып өте алмай­ды; мұздықтарға гидрогеологтер өзге­ше көңiл бөледi, өйткенi ол су ресурс­тарының көзi; мұз және де климаттың өз­геруiне негiз болғандықтан климатологтер одан алыс кетпейдi; мұздық сонымен қатар мәңгi тоңға да қатысты болғандықтан криологтер (тоңды зерттейтiн ғалымдар) зерттеу нысанасына айналдырады. Жолсерiк ғалым география ғылымдарының кандидаты, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ доценті Санат Түгелбаев досым ой құшағында. Кө­лiк Алматыға асыққандай, бұлтың-бұлтың бұрылған күйi тау жолымен төмен түсiп келедi. Алыста, тым биiкте ай астында шағылыса жылтыраған аппақ мұздықтар…Қарсы алдымыздан жарықтық алтынкүрек аңқылдай соғады. Наурыздағы күннің ызғары білінеді. Табиғаттың ғажап көрінісі өзіне тартады да тұрады. Таудың керемет көрінісі аймалай, аңсарыңды аудара береді.

Айға шағылған мұздықтар…


Сапарбай ПАРМАНҚҰЛ,

«Егемен Қазақстан»

 Алматы