Спорт • 29 Наурыз, 2018

Ермаханның тағдыршешті жекпе-жегі

447 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

1991 жыл. Алматы. Балуан Шолақ атындағы спорт сарайы. Қазтелерадио жүлдесі үшін бокстан халықаралық турнирдің алапат айқасы болып жатты.

Ермаханның тағдыршешті жекпе-жегі

Досым Қыдырбек Рысбекұлы екеуміздің мүмкіндігімізше жарыс қалдырмайтын әдетіміз. Отырмыз.

Шаршы алаңға Аркадий То­паев шақырылды. Аты Ар­кадий болғанымен, Құнанбай қажы мешіт салған атақты Қар­қара­лының таза қазағы. Қаралығы қазанның түп күйесіндей болмаса да со­ған жақын Аркадий керме ар­қаннан ішке қабыландай қарғып түсті. Нағыз бабында екендігі байқалады. Қос қолын иегіне сүйеп, рингтің екі белдеу арқанына кезек-кезек арқасымен серіппедей соғылады.

Қарсы беттен Ермахан Иб­райымов шықты. Жасөспірім, жастар арасында жасындай жарқылдап жүрген бұл да бір бұла жігіт. Реферидің ысқырығынан кейін айқас басталып кетті. Екеуі де халықаралық жарыста олжа салып жүрген оғландар болған соң аңдысып қайтеді, гүрзі жұдырықтар бір-біріне тигенде от шашпағанымен, таудан құлаған қойтастай дүрсілдейді. Гүмп-гүмп. Екі қолын иегінен айырмай шыр айналған Аркадий Ермахан сәл босаса бастырмалата ұрады. Добалдай қолғап тиген жерін опырып тастардай. Қалай жан қалып жүр. Мына жақта отырып біз түршігіп отырмыз.

Топаев нағыз бабында екен. Екінші раундта Ермахан ал­қы­­ныңқырап қалды. Ашылып қала береді. Шоқпардай жұды­рық оңды-солды тиіп жатыр. Мұр­нынан қан кетті. Ерма­хан­ның. То­паев ал­қынуды білмейді, теке­жәу­міт ар­ғымақтай жалт-жұлт етіп Ер­маханға жалын ұстат­пайды.

Рефери Аркадийдің қолын кө­тереді.

– Ермаханды сойып салды-ау.

Бір-бірімізге солай дестік. Қасымызда қоладан құйғандай шомбал кісі отыр еді. Күрсінді.

– Ермахан менің балам еді. Бабында емес.

Қыдырбек екеуміз ын­ғай­сыз­данып қалдық. Сағи ақсақалмен осы­лай танысқанбыз. Кейін тағ­дыр айдап туған аға-інідей болып кеттік қой. Алматыда көрші тұр­дық.

Сүйтсе, оқиға былай болыпты.

Ермахан Алматыда олимпиа­дашылар дайындайтын спорт-интернатында тәлім алады. Сағи аға шопан. Баласы үшін жаны бө­лек әке жарыс жібермейді. Осы жек­пе-жектен күн бұрын ұлы екеуі бірге жатқан. Түн ор­та­сы ауады, Ермахан келмейді. Ұя­лы телефон ол заманда жоқ. Дегбір­сізденген әкеде маза болмай, әлсін-әлсін далаға шығады. Қара суық. Алматының жылауық аспаны дым бүркіп тұр. Таңға жуық келеді баласы. Әбден тоңған. Қоянның көжегіндей дір-дір етеді. Алдында жаналқымға алып ұрысқан әке үрпиген түрін көрген соң бәйек болып, ыстық сүт іш­кізіп, көрпеге орап тас­тайды. Ертеңінде бұлау болып терлеген Ермахан душқа түскен соң шай-суын ішіп, басы салбырап жарысқа кетеді. Соңғысы біз айтқандай. Одан кейінгісін Сағи аға айтқан.

Топаевтан оңбай таяқ жеген ұлына айтпағаны қалмаған ашулы әке алдына салып оны ауылына алып қайтады. Өкпе айтатындай бар. Мектепте жүргенінен бастап бокс жарыстарынан қалмапты. Басқа мемлекеттердегі жарыстарға да барған. Сүйткен, үлкен үміт күткен баласы...

Ызаға булыққан әке Ерма­хан­ды қойға салады. Ат берсе бо­лар еді тақымына, бірақ іштегі ашу ырық бермейді. Есек береді. Ермаханда үн жоқ. Ерінен ығып зыр жүгірген анасының берген айраны мен тамағын қоржынға алып, таң құланиектенгенде қойды қырға айдап кетеді. Кешегі атақты бок­сш­ы, бүгінде есек мінген қой­шы. Ара-тұра шешесіне шағы­нады. Әкеме айтыңыз, ат берсін деп.

Сағи аға кесек кісі. Мінезі морт. Айтқанынан қайтуы қиын. Ше­ше байғұстың жүрегі нә­зік. Екі ортада бозторғайдай шы­рыл­да­ғанымен, еріне сөзі өтпейді.

Ермахан есекпен қой бағып жүре берер ме еді, тағдырдың өзі жақсыға қиыстырады.

Жақсылық ауылына студенттер бригадасы келген. Үй салады. Ішінде ірі денелі сойқан жігіт бар. Боксшы екен. Бәрі одан ығады. Ауылдың бір-екі тентегі сырттан келген студенттердің қыздарына қырындамақ болған, анау бір-екі сүйкеп домалатып тастапты. Үш-төртеу болып жабылса да ала алмаған. Ұрғанын мұрттай ұшы­рады. Ауылда өзі төбелеспесе де сөзі жылдам, ерегіспе жігіттер бо­ла­ды ғой. Бойы шағын, денесі си­дам, тарамысына ілініп тұрған. Сол:

– Ермаханмен жекпе-жекке шығасың ба? – дейді.

– Оның кім?

– Ол да боксер. Атақты боксер.

– Ол қайда?

– Қой бағады. Жақсы төбе­леседі.

– Мына мен қойшымен төбе­лесемін бе, әй кетші өзің қыртпай.

Ылдым-жылдым әлгі жігіт әл­гі сойқан студент боксшы мен Ер­­ма­ханды төбелесуге көндіреді ғой.

Әні-міне дегенше ауыл құлақ­танып қалады. Мал шаруашы­лығымен айналысатын ауылда қайдан шаршы алаң болсын. Екі жігітті амбарға кіргізіп жібереді.

Бұл ауылдың бетке ұстар тен­тектерін томпылдатып ұрып жыққан студент Ермаханды әуелде көзге ілмепті. Ат емес есек мініп келген қойшыныкі жай желік деп қалған шығар. Ерм­а­­хан­ның алғашқы соққысы ба­уырын екінші жағына аударып жі­бере жаздағанда қандай пәлеге ұшырағанын ұғып үлгерген. Ар жағын ол білмейді. Шықшыттан ти­ген жойқын соққы бұған дейін десі қайтпаған сабазды талдырып тастаған.

Енді Жақсылық ауылының аруағы көтерілсін. Алақайлап бір-бірінен сүйінші сұраған жұрттың алды Сағи ағаға келген.

Бұл кісі бәрін естіп, біліп отыр. Оқушы кезінде халықаралық жарыстан талай мәрте жеңімпаз болып келген ұлының жеңетінін білген. Тек, Топаевы құрғыр. Әлгі тілі мен жағына сүйенген екі журналистің өзін жер қылғаны өтіп кеткені.

– Әкесі-ау, ауыл сүйінші сұрап жүр...

Ермаханның анасы. Азаматы райынан қайтса деген үмітте.

Онсыз да баласының сағын сындырудан іштей азап шегіп жүрген әке шыдай алмады. Ақылын айтып, Алматыға шығарып салды.

Алматыда Ермаханды күтіп тұрғандар аз еді. Құрамадағы орын толық. Үшінші, төртінші нөмірлер толып жүр.

Серік Қонақбаев сол тұста кәсіпқой бокстан халықаралық турнир өткізіп жүрген. Билет сатып алатындай ақша тапшы. Ермахан Балуан Шолақ сарайының артқы есігінен «СССР спорт шебері» деген куәлігін көрсетіп ішке енген. Есболат Нұрмановқа секундант болып жүргенде Тұрсынғали Еділовпен бетпе-бет келіп қалды. Еділов ол кезде қолы жүріп тұрған кәсіпкер, бокс менеджері. Қайда жүргенін сұрады. Бұл жайын айтқан.

– Ертең «Спартакқа» бар, –деді Тұрсын. – Болдыревқа айт, мен жіберді де. Жаттығуды баста!

Таңертең сөмкесін асынып «Спартакқа» келген. Қазақстаннан бокстан шыққан тұңғыш әлем чемпионы Валерий Рачковтың тұ­сауын кескен Станислав Бол­ды­рев есіктен енген мұны көріп жат­тығуды тоқтатты.

– Жігіттер, қараңдар. Сен­дер­дің көз алдарыңда Олимпия ойын­­дарының қола жүлдегері Ерма­хан Ибрайымов тұр. Бірақ, ол Олим­пия ойындарының жеңім­пазы бо­ла алмайды. Өйткені ол – жал­қау!

Өң бе, түс пе. Ермахан сасып қалды. Атақты Болдырев қалай сілтейді. Құдай-ау, қайдағы қола. Мұны, Қазақстан құрамасында орны жоқ Ибрайымовты Олимпия ойындарына кім апармақ. Бірақ, Болдырев ешқашан өтірік айтқан емес, іші жылып қоя берді.

 

P.S. Қазақтың хас батыры Ермахан Ибрайымов 1996 жылы Атланта Олимпиадасында қола, Сидней Олимпиадасында алтын медаль жеңіп алды.

 

Бақтияр ТАЙЖАН,

«Егемен Қазақстан»

Қызылорда облысы