Қазақстан • 29 Наурыз, 2018

Сенат комитетінде халықаралық құжаттар талқыланды

219 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Парламент Сенаты Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің кеңейтілген отырысында «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Тәжікстан Республикасының Үкіметі арасындағы Дипломатиялық өкілдіктердің ғимараттарын салу үшін жер учаскелерін өзара беру туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы қаралды, деп хабарлайды Сенаттың баспасөз қызметі.

Сенат комитетінде халықаралық құжаттар талқыланды

Келісімге 2010 жылғы 24 тамызда Астана қаласында қол қойылған болатын. Құжаттың басты мақсаты - екі ел арасындағы достық қарым-қатынастарды нығайту, дипломатиялық өкілдіктердің болуы мен жұмыс істеуінің тиісті жағдайларын қамтамасыз ету болып табылады.

Комитет отырысында Қазақстан мен АҚШ Үкіметі арасындағы Ауғанстанның тұрақтылығы және қайта қалпына келтіру жөніндегі іс-қимылға АҚШ-тың қатысуына байланысты Қазақстан аумағы арқылы арнайы жүктің коммерциялық теміржол транзитін қамтамасыз ету туралы үкіметаралық келісімге өзгеріс енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы заң жобасы да қаралды.

Хаттамаға 2017 жылғы 21 қыркүйекте Нью-Йоркте қол қойылды және арнайы жүктің транзиттік бағытына Ақтау және Құрық порттарын енгізуді көздейді, бұл Ауғанстанға (Ауғанстаннан) Каспий теңізі арқылы теміржол тасымалдарын жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Ауғанстандағы контингентті материалдық қамтамасыз етудің негізгі бағыты Пәкістан арқылы өтеді, алайда әскери-саяси тұрақсыздыққа және екіжақты қатынастардағы келіспеушіліктерге байланысты америка тарапы Әзербайжан аумағынан Каспий теңізі арқылы Қазақстанға (Ақтау және Құрық порттары) және одан әрі теміржол көлігімен Өзбекстан мен Ауғанстанға өтетін балама бағытты пысықтауда, бұл Солтүстік тарату торабының өзгертілген нұсқасы болып табылады.

Осы транзиттің жұмыс істеуі Ауғанстанда бейбітшілік пен тұрақтылықты орнатуға ұмтылатын ел ретінде Қазақстанның мүдделеріне толығымен жауап береді. Хаттама транзиттік тасымалдау жүйесін дамытуға оң ықпал етеді және елдің логистикалық инфрақұрылымын дамытуды жалғастырады. Заң жобалары Палатаның қарауына жіберілді.