Қазақстан • 29 Наурыз, 2018

Атыраулық оқушылар бананның пайдасын анықтады

525 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ластанған суды бананның қабығымен тазалауға болады. Мұны Атыраудағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары Димаш пен Бекзат дәлелдеді. 

Атыраулық оқушылар бананның пайдасын анықтады

- Өткен жылы Қарағандыда көктемгі су тасқынынан кейін балықтардың қырылғаны туралы естідік. Су маржандары мекен ететін тоғандарда ауыр металдардың болғанын оқығаннан кейін ғылыми зерттеу жұмысымды осы тақырыпта жасағым келді, - дейді Назарбаев Зияткерлік мектебінің 7 сынып оқушысы Димаш Итемгенов. Сыныптасы Бекзат екеуі лас суды тазалаудың тың тәсілдерін табуды мақсат еткен. Танымдық әдебиеттерден ақпарат жинаған уақытта жас өнертапқыштар жемістердің арасында әсіресе бананның ауыр металдарға қарсы қасиеті барын оқыған.

- Өзге жемістермен салыстырғанда бананның қабығында антиоксиданттар көбірек болады. Адсорбенттік қосылыстардың емдеу және тазалау қасиеті өте зор. Өйткені олар ауыр металдарды, залалды бактериаларды сіңіргіш келеді. Біз бірнеше банан қабықтарын пайдалана отырып 12 сынақ жүргіздік. Оның сегізінде банан қабықтары мыс, қорғасын, никель және мырыш иондарын сүзіп алғанына көз жетті, - дейді Бекзат Тілеген.

Оқушылар бұл жаңалықтарын Астана қаласында өткен «Зерде» балалар шығармашылығына арналған республикалық ғылыми-зерттеу байқауына ұсынған.  Нәтижесінде жүлделі бірінші орынды иеленді.

Айтпақшы, жаңа піскен жасыл түсті бананға қарағанда, әбден қарайып, босаған бананның құрамы ағзаға пайдалы екен. «Сондықтан аптасына бір-екі рет банан жеген адамның көңіл күйі көтеріңкі, күш-қуаты мол болады», - дейді зияткер оқушылар.

Бақытгүл БАБАШ,

 «Егемен Қазақстан».

АТЫРАУ