Қазақстан • 29 Наурыз, 2018

Қызылорда облысында кальцийлендірілген сода шығаратын зауыт құрылысы басталады

369 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«Аралтұз» АҚ қарасты «АралСода» бірлескен кәсіпорнында 700 жаңа жұмыс орны құрылады. «Аралтұз» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Дәурен Мұқашев ҚР Премьер-Министрі Б. Сағынтаев пен Үкімет мүшелері кәсіпорынға барған кезде мәлімдеді.

Қызылорда облысында кальцийлендірілген сода шығаратын зауыт құрылысы басталады

 «Ағымдағы жылдың сәуір айында жобалық құны 93,5 млрд. теңгені құрайтын және жылдық қуаттылығы 300 мың тонна болатын кальцийлендірілген сода зауыты құрылысының бірінші кезеңін бастаймыз. Ірі жобаны жүзеге асыруға қытайлық «Хайси Дэшен сода саласы» трансұлттық компаниясы шақырылып,  «АралСода» ҚҚ БК» ЖШС құрылды», - деді Дәурен Мұқашев.

Бұл зауыттан шығарылған кальцийлендірілген сода елдегі осы өнімге сұраныстың 75 пайызын қамтитынын мәлімдеді.

 «Қазіргі кезде еліміздегі кальцийлендірілген сода нарығы 100 пайыз Ресейден импортталатын өніммен жабылады, оның жылдық көлемі 400 мың тонна.  Кәсіпорынды іске қосу кезінде 700 жаңа жұмыс орны құрылады. Шығарылған өнімді тұтыну және қазақстандық қамту үлесін ұлғайту мақсатында бірқатар кәсіпорындармен келісім жасалды», - деп атап өтті Дәурен Мұқашев.

Жобаны жүзеге асыру «Қазақстанның Даму банкі» арқылы қаржыландырылады.

«Инженерлік инфрақұрылым жүргізуге арналған жобалық-сметалық құжаттарды әзірлеп, мемлекеттік сараптамадан өткізу ісі аяқталып қалды. Қазіргі кезде Қызылорда облысының әкімдігімен бірлесіп «БЖК-2020» бағдарламасы аясында инфрақұрылымдық нысан жүргізу үшін Ұлттық экономика Министрлігіне құжаттар топтамасын ұсынып жатырмыз»,- деді «Аралтұз» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы.