Суреттерді түсірген Ерлан Омар, "Егемен Қазақстан"
Елбасы елорданың 15 жылдық мерейлі мерекесіне орай жарияланған «Астана – Қазақстанның ұлы дәуірі және стратегиялық векторы» атты мақаласында «Астананың өзінде жаңа саябақтар мен гүлзарлар құрылды, ал көгалды алаңдар көлемі миллиондаған шаршы метрге жетіп отыр. Бүтіндей алғанда, елорда айналасындағы қолдан отырғызылған ағаштар аумағы 65 мың гектарға жетті, оның 14 мың гектарға жуығы қаланың өз ішінде бой көтерді. 2020 жылға дейін, тұтастай алғанда, қалаішілік және қала маңындағы далалы аумақтардың 100 мың гектары орманды алқап болады» деп атап көрсеткен болатын. Иә, Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен бүгінде елорданы көгалдандыру және бас қаланың «жасыл белдеуін» дамыту мақсатында атқарылып жатқан жүйелі жұмыстардың ауқымы зор.
Бүгінде елордамыздың әрбір тұрғынына шаққанда 17 шаршы метр жасыл желек аумағынан айналады екен. Сарапшылардың пікірінше, бұл көрсеткіш қалаларды көгалдандырудың әлемдік нормасына сәйкес келеді. Елорданы жасыл орман көмкерген саябақ қалаға айналдыру жөніндегі жүйелі жұмыс одан әрі жалғасын табуда. Астана қаласы әкімдігінің табиғатты пайдалануды реттеу және табиғи ресурстар басқармасы басшысының орынбасары Мирас Ғайсиннің айтуынша, биылғы жаз айларында елордада жаңадан тағы да 10 саябақ және 4 бульвар жасалады. Мамандардың дерегі бойынша, тек 2017 жылы ғана елордада жасыл желек отырғызу 2016 жылмен салыстырғанда үш есе артқан.
«Өткен жылы қаламызда 2 мыңнан астам ағаш отырғызылды. Оның үстіне жаңа саябақтар мен бақтар ашу ісі жалғасады. Қазіргі күні қаламызда 10 ірі бақ, 95 саябақ және 4 бульвар жасақталған. Үстіміздегі жылы жаңадан тағы 10 саябақ пен 4 бульвар жасақталады», деді жақында өткен кездесуде Табиғатты пайдалануды реттеу және табиғи ресурстар басқармасы басшысының орынбасары.
Елорданың 20 жылдық мерейтойын атап өту қарсаңында Маңғыстау облысының қаламызға жасаған сыйлығы ретінде Жеңіс және Бөгенбай батыр даңғылдарының бойында жаңа саябақтар мен гүлзарлар ашылады. Сонымен бірге биыл қаламызда тағы бір ірі демалыс саябағы ашылады. Онда Шығыстың қос жұлдызының бірі, қазақтың батыр қызы Мәншүк Мәметоваға арналған еңселі ескерткіш бой көтеретін болады. Бас қаламызды көгалдандыру және абаттандыру мақсатындағы кешенді шаралар биыл ерекше басымдыққа ие болмақ. Мәселен белсенді демалысқа әуестенуші қала тұрғындары үшін қосымша тағы да 34 шақырымға созылған велосипед жолы ашылады. Бас қаланың 20 жылдық мерейлі мерекесіне орай қаламызды көгалдандыру және абаттандыру жұмысына еліміздің барлық облыстары өздерінің үлестерін қосатын болады.
Астана қаласын қоршаған «жасыл белдеу» бүгінде көз сүйсінетін нағыз ну орманға айналды. 1998-2004 жылдар аралығында елорда шекарасы аумағындағы жалпы ауданы 11502 гектар жерге 9,6 миллион түп ағаш және 1,8 миллион түп бұта отырғызылды. Ал 2012 жылдан бастап 2017 жылға дейін орман жолақтарының арасына 152 миллионнан астам көшет отырғызылды. Қазіргі уақытта атты кісі жасырына алатын Астана орманы қаладан 60 шақырым қашықтықта орналасқан Шортанды бағытындағы табиғи орманмен қосылып, тұтасып үлгерді. Қала маңындағы басқа бағыттардағы ормандар да біртіндеп қанатын кеңге жайып барады. Ел арасында «Президент орманы» атты лайықты атау алған бұл орман алқабы хақындағы келелі әңгімені алдағы уақыттың еншісіне қалдырайық.
Мерекелі жылы Талдыкөл көлінің маңайында және әуежайға баратын күрежол бойында 280 мың түп ағаш отырғызылады. Қазірдің өзінде бұл жол бойында 44 мың шырша отырғызылды. Көгалдандыру шараларына 300 миллион теңгеден астам қаржы бөлінді. Үстіміздегі жылдың екінші жартысында Кіші Талдыкөл көлінің маңайын құрғату және абаттандыру жобасы бойынша қарқынды жұмыстар жүзеге асырылмақ.
Соңғы уақытта Астана қаласы көшелерін сан түрлі гүлдермен көмкеру дәстүрге айналып келеді. Гүлзарлардың аумағы жылдан-жылға кеңейіп барады. Өткен жылдың өзінде қаламыздағы гүлзарлар көлемі үш есе артты. Сонымен бірге кейінгі кезде «Астана-Көгалдандыру құрылысы» АҚ кәсіпорындары өсімдіктерді күзеп, реттеу арқылы жасыл мүсіндер жасау дәстүрін тәжірибеге берік енгізді. Қазір қаламыздың барлық көшелерінен дерлік осындай жасыл мүсіндерді көруге болады. Бұл мүсіндерді кез келген жасыл өскіндерден жасай беруге болмайды. Ол үшін 1 шаршы метр арнайы аумаққа 2 мың түп көшет отырғызылады. Бұл өсімдіктерге жан-жақты күтім жасалып, үздіксіз суарылады. Үстіміздегі мерекелі жылы мұндай көз тартар жасыл мүсіндердің қатары бұрынғыдан да көбейтілетін болады. Бүгінде қала көшелерінде жол бойы орнатылған көздің жауын алатын құмыраға салынған аспалы гүлдер қала тұрғындарына етене жақын болды. Биыл да қала көшелерінде қоршаған темір шарбақтарға гүл өсірілген мыңдаған аспалы қыш құмыралар ілінетін болады.
Елорданың 10 жылдық мерейлі мерекесі аталып өтілген жылдардан бастап Астана қаласында аулаларды абаттандыру жұмысы жүйелі жалғасып келеді. Осы кезең ішінде елордада мыңнан астам аула күрделі жөндеуден өткізіліп, абаттандырылды. Абаттандырылған аулаларда жасыл желек отырғызылып, балалардың ойнау алаңдары құрылып, қала тұрғындарының шынайы ризалығына бөленуде. Астана қаласының осындай аулаларындағы балалар ойнайтын түрлі-түсті қондырғыларды, құм төселген алаңдарды, асфальтталған, тас төселген жаяу жүргіншілер жолдарын көргенде көңілің толып, бас қаламызды көгалдандыру және көркейту мақсатында шын мәнінде ауқымды шаралар атқарылып жатқанына тәнті боласың. Астананың жиырма жылдық шежірелі мерекесі аталып өтілетін биыл да осы бір игі дәстүр жалғаса бермек.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»