Министрдің айтуынша, өткен жылдың алғашқы тоқсаны Мемлекет басшысының шетелдерге жемісті сапарларымен, маңызды келісімдермен, халықаралық деңгейдегі келіссөздермен ерекшеленген. Елдің беделін айшықтайтын осындай ауқымды жұмыстардың арқасында Қазақстанның үні халықаралық алаңдарда неғұрлым көбірек естіліп, Қазақстан әлемдік қоғамдастықтың тұрақты және ұзақмерзімді серіктесі ретінде таныла түсуде.
Қ.Әбдірахманов былтырғы алқа мәжілісінде Сыртқы істер министрлігіне Елбасы бірқатар тапсырмалар жүктегенін еске алды. Соның ішінде сыртқы саясаттың экономикалық векторын дамыту, ведомствоның инвестициялық және экспорттық бағыттарындағы қызметін қайта форматтау, жаһандық бәсекелестік жағдайында еліміздің сыртқы экономикалық мүдделерін қорғау сынды маңызды міндеттерді жүзеге асыру тапсырылған. Бұған қоса, меритократия қағидаттарына негізделген кадрлық саясатты жетілдіру, сыртқы ротацияны жоспарлы жүргізу, қызметкерлердің кәсіби деңгейін арттыру мәселелері де назардан тыс қалмай, осыған орай министрлікте көптеген жұмыстар еңсеріліпті.
Ал биылғы алқа мәжілісінің күн тәртібінде төрт мәселе қаралды. Оның біріншісі – Президенттің «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында айтылған тапсырмаларды іске асырудың жолдары болса, екіншісі – Мемлекет басшысының бастамаларын БҰҰ арқылы ілгерілету мәселелері. Үшіншісі – «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде ведомстволық ақпараттық жүйені әзірлеу және енгізу болса, күн тәртібінде қаралған төртінші мәселе бойынша былтырғы жұмыс қорытындысы қаншалықты деңгейде атқарылғаны талқыланды.
Негізгі баяндаманы жасаған Қайрат Әбдірахманов Жолдауда Президент еліміздің технологиялық, цифрлы және өнеркәсіптік дамуын жеделдетуге бағытталған он негізгі міндетті белгілеп бергенін атап өтті. «Елбасының Жолдауында аталған барлық аспектілердің Сыртқы істер министрлігіне тікелей қатысы бар. Себебі бұл шетелдік әріптестерді, инвесторларды, халықаралық тәжірибені елімізге тартумен тығыз байланысты. Біз мемлекет дамуындағы маңызды міндеттерді іске асыру барысында Қазақстанның ғана емес, шетелдердің де әлеуетін, ресурстарын толыққанды пайдалануымыз керек», деді министр.
Индустрияландыруға байланысты қолға алынған жұмыстарға тоқталған Қ.Әбдірахманов орталық және жергілікті мемлекеттік органдармен, ұлттық компаниялармен бірлесе отырып, инвестициялар тарту жөніндегі өзара іс-қимыл тәртібі қабылданғанын, ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылғанын, бірлескен ақпараттық-түсіндірме жұмыстарының жоспары бекітілгенін атап өтті. Мұндай жұмыстар былтыр да қолға алынып, елімізде шетелдік мекемелердің қатысуымен жалпы сомасы 3 млрд АҚШ долларын құрайтын 30 жоба іске асырылған екен.
Ресурстық әлеуетті одан әрі дамыту бойынша министрлік әлемдегі беделді елдердің тәжірибелерін зерделеп, блокчейн сияқты кешенді ақпараттық-технологиялық платформаларды енгізуді бастаған. Ал ақылды технологиялар арқылы агроөнеркәсіп кешенін дамыту жөніндегі Елбасының тапсырмасына орай СІМ қазақстандық ауылшаруашылық өнімдерін сыртқы нарыққа шығару, агроөнеркәсіп секторына шетелдік инвесторларды тарту және еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету секілді шараларды жүзеге асыруды қолға алған.
Қаржы секторын қайта жаңғырту бойынша да жоспарланған шаруалар баршылық. Министрдің айтуынша, ведомство жұмысының басты басымдықтарының бірі – «Астана» халықаралық қаржы орталығын дамыту және ілгерілету, АХҚО-ға қатысты қазақстандық делегациялардың шетелге сапарларын мазмұндық жағынан толықтыру және әлемнің алдыңғы қатарлы мемлекеттеріндегі қаржы және іскер топтарымен байланысты нығайта түсу. Осыған байланысты министрлік биылғы шілде айында Дүниежүзілік ислам экономикалық форумын Астанада өткізуге және орталықтың ресми ашылуына қажетті көмек көрсетуді көздеп отыр.
Қ.Әбдірахманов, сондай-ақ Мемлекет басшысы жария еткен «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» биылғы Жолдаумен үндес екенін айта келіп, Елбасының бастамалары 2015 жылдың қыркүйегінде БҰҰ-ның мерейтойлық саммитінде бекітілген 2030 жылға дейінгі кезеңге арналған тұрақты дамудың күн тәртібіне толықтай сәйкес келетінін атап өтті.
Жолдауда аталған тапсырмаларды орындау мақсатында министрлік ішкі іс-шаралар жоспарын бекітіп, құрылымдық бөлімшелерге және Қазақстанның шетелдердегі мекемелеріне сапалы мамандар даярлау, визалық ресімдерді жеңілдету, туризм саласындағы кедергілерді жою, шетелдік компания, университеттермен ынтымақтастық орнату, ішкі туризмді дамыту бойынша көмек көрсетуді ұйғарып отыр. Сонымен қатар министр алқа мәжілісінде Үкімет бекіткен инвестициялық және экспорттық стратегияларды іске асыруға белсене қатысып, экономика өнімділігін арттыру, адами капиталды, бәсекелестікті дамыту, бизнес ахуалды жақсарту бағытындағы жұмыстарды күшейтуді тапсырды.
Қымбат ТОҚТАМҰРАТ,
«Егемен Қазақстан»