Алматыда ұйымдастырылған бұл шара Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бес әлеуметтік бастамасының бірі – «Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» міндетін орындау шеңберінде «Қазақстандағы тұрғын үй саясатының мәселелері» тақырыбына арналды.
ӘЭСИ осы сектордың басты сарапшылары мен қызметкерлеріне: даму институттарына, екінші деңгейлі банктерге, құрылыс компанияларына, сонымен қатар риэлторлық агенттіктерге және жылжымайтын мүлік нарығының басқа субъектілеріне пікір алмасу үшін өзінің алаңын ұсынды.
Қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету – мемлекеттің әлеуметтік саясатының басты міндеттерінің бірі. Дегенмен, мемлекет тұрғын үй құрылысына қаржы беріп, әлеуметтік мәселелерді ғана шешпейді, ол экономиканың құрылыс, құрылыс материалдарын өндіру, солармен шектес өңдеу, көлік, банк секторлары сияқты салаларды ынталандырады.
Жиында ӘЭСИ бағдарламасының басшысы Сергей Домнин Елбасының 2018 жылғы Жолдауында халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету көрсеткіштерін БҰҰ-ның стандарттарының (2030 жылға дейін бір адамға 30 шаршы метр) деңгейіне жеткізу мақсаты қойылғанын айтты. Оның айтуы бойынша, соңғы 10 жылда тұрғын үймен қамтамасыз ету 30%-ға өсті, ал келесі 12 жыл ішінде оны 40%-ға арттыру жоспарланған (шамамен жылына 3,3%). Бұл жерде өсіп келе жатқан демографиялық динамика есепке алынған: 2007-2017 жылдар аралығында халық саны 1,5% артты. Ал тұрғын үй құрылысына бөлінген инвестициялар орта есеппен жылына 8,7%-ға ұлғайған, сонымен бірге құрылысы аяқталған тұрғын үйді тапсыру 5,5%-ға өскен.
– Бұл мақсатқа тез арада қол жеткізу үшін инвестициялар динамикасын арттыру қажет болады, бірақ олар қазір де өте жоғары деңгейде. Қазақстандықтардың тұрғын үй жағдайларын жақсарту міндеті түрлі құралдарды қолдану арқылы орындалуда. «7 – 20 – 25» механизмі енгізілгеннен кейін елімізде екі жеңілдікті ипотекалық мөлшерлеме болады, олар – «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 10% және жаңа механизм бойынша 7%. Бұл тұрғын үй құрылыс жинақтар жүйесін, құрылыс компанияларындағы борышкерлерге мөлшерлемелерін қаражаттандыру, тұрғын үй инфрақұрылымына мемлекеттік инвестициялар, жалдамалы және коммерциялық тұрғын үй бағдарламаларын, үлестік құрылысты демеу шараларын қамтиды, – деді С. Домнин.
Осыған байланысты сарапшылар аталған құралдардың әрқайсысы қаншалықты тиімді жұмыс істейді және олардың кешенді әсері қандай, қазіргі жағдайда бөлек құралдарды қолдану орынды ма (мысалы, ипотекалық қарыздардың секьюритизациясы), мемлекеттік бағдарламалардың механизмдері және тұрғын үй саласындағы мемлекеттік саясат қалай өзгеруі керек деген мәселелерді талқылады.
Тұрғын үй бағдарламаларын түзету басталды. Жақында «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша Үкімет қаулысының жобасы жарияланды, онда бағдарламаның бюджетін 24 млрд теңгеге арттыру жоспарланған, бірақ бағыттардың тізімінен үлестік құрылысты демеу алынып тасталған. Дегенмен, «7 – 20 – 25» механизмі өзге бағдарламалардан қаншалықты ерекше болатыны, жаңа ипотекалық кредиттеудің егжей-тегжейі және шарттары қандай болатыны белгісіз.
Дәл осы мәселелер ӘЭСИ ұйымдастырған сарапшылық кездесудегі белсенді талқылаудың тақырыбына айналды.
Арман ОКТЯБРЬ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ