Суретті түсірген Ербол Хамзин
Іздеушілердің бірлескен форумы өңірдегі «Майдан жолы» іздестіру жасағының 10 жылдығына, Сталинград шайқасының 75 жылдығына арналды. Форумға Ресей, Беларусь, Украина, Молдова, Эстония елдерінен делегациялар келді. Мақсат – 1941–1945 жылдардағы соғыста хабарсыз кеткен жауынгерлердің есімдерін тауып, жерленген орындарын анықтау.
Өңіріміздегі «Майдан жолы» және «Панфиловшылар» іздестіру жасақтарының негізін қалаушы, қоғам белсендісі Жұмабек Қамзиннің сөзінше, осыдан 30 жыл бұрын Калугада іздеушілер форум өтіпті. «Іздестіру жасақтарының мақсаты – хабарсыз кеткен жауынгерлердің жерленген орнын іздеу ғана емес, соғыс зардабын тартқан әр отбасының, бүкіл әулеттің мұң-зарына үңілу. Әкесін, ұлын, баласын, атасын іздеушілер әр ауылда бар. Күні бүгінге дейін үмітпен күтіп жүргендер бар арамызда. Бұл тақырып зерттеп, зерделеуді қажет етеді. Сондықтан соғыста қаза тапқан, қайтпай қалған аталарымыз жайлы деректер іздеп, жерленген жерлерін табу үшін көршілес елдердегі әріптестерімізбен бас қосуға шақырды»,– дейді.
Жалпы, «Майдан жолы» іздестіру жасағының бастамасы бойынша 234 белгісіз жауынгердің мүрдесі қайта жерленіп, Ресей, Украина, Беларусь жерлерінде қазақ солдаттарына арналған 23 ескерткіш орнатылып, қайта қалпына келтірілген. Іздеу әлі жалғасады.
Ал, осы іздеу жасағының командирі А.Шитовтің айтуына қарағанда, биыл Волгоград жеріндегі Мамай қорғанында қазақ жауынгерлерінің ерлігіне арналған тағы бір ескерткіш бой көтермек.
Форумға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Мейрам Бегентаевтың айтуынша, Мамай қорғанға елімізден бірінші болып павлодарлықтар ескерткіш орнатпақшы. Шараға атақты Панфиловтың немерелері Алуа мен Айгүл Байқадамовалар да қатысты.
Бұған дейін 2012-2013 жылдары ресейлік іздеушілер өңірдегі Қашыр ауданынан соғысқа аттанған жауынгерлер – Жұмабай Бектұрсынов пен Жұмабек Нұркеновтің мүрделерін бойтұмары арқылы тауып, ауылдарына жерлеуге мұрындық болған еді. Ресейлік «Память» іздеу жасағы да Калуга облысы, Людова ауданынан 1919 жылы Байқоныс ауылында туған Петр Мельников соғыста 1943 жылы 24 ақпанда Людово ауданы, Катовичи ауылында қаза тапқаны жайлы мәлімет тапты. Іздеушілер Омбы облысының әкімшілігімен келісіп, П.Мельниковтің мүрдесін Қашыр ауданына жеткізу үшін көмек сұраған.
Облыста «Боздақтар» кітабының 5-томы жарық көрді. Жаңа кітапта майданда қаза тапқан, хабарсыз кеткен, тұтқында болған 1387 павлодарлық туралы биографиялық мәліметтер жинақталған. Бұл еңбек 1995, 1997, 2014, 2015 жылдары шыққан «Боздақтардың» жалғасы. Тағзым мәңгілік. «Боздақтарды» шығарушылар бұл мақсаттарын 1941-1945 жылдары майдан даласынан оралмаған және елге аман-есен оралған соғыс ардагерлері алдындағы парыз деп санайды. Кітапты құрастыруға ресейлік іздестіру отрядтары , жергілікті өлкетанушылар, тарихшылар, іздеушілер үлкен үлес қосты. Мұрағат қызметкерлері Ресей Қорғаныс министрлігінің Орталық мұрағатынан, Беларусь, Финляндия архивтерінен павлодарлық жауынгерлер туралы мәліметтер тапты. Құжаттарды, сондай-ақ Харьков қоғамдық бірлестігі, Шығыс Пруссияда мерт болған кеңес сарбаздары ескерткіш қорының «Память» – «Ескерткіш» коммерциялық емес ұйымы, «Саксон мемориалдары» (Германия) бірлестігі, ресейлік және павлодарлық іздестіру жасақтары ұсыныпты. «Боздақтардың» жарыққа шығуына соғыс ардагері, осы кітаптардың бас редакторы Бекболат Хазыровтың, мұрағат қызметкері Бекмұхамед Исләмнің, ардагер журналист Төлеубек Қоңырдың үлесі зор. Архивтерде әлі зерттелмеген құжаттар жетерлік көрінеді. Өңірімізден соғысқа 46 мың адам аттанса, іздеу мәліметтері әрбір үш жауынгердің екеуі қаза тапқанын көрсеткен.
– Құрастырушылар үшін «Боздақтар» кітабын шығаруда мәлімет жинау, іздестіру жұмыстары оңай болған жоқ. Соғыста 556 жауынгер қаза тапса, 549-ы хабарсыз кеткен. Неміс және фин тұтқынында қаза тапқан 22 павлодарлық, хабарсыз кеткен 128 офицер мен 1259 қатардағы жауынгер туралы ақпараттарды қостық,– дейді кітап авторлары.
Концлагерьлерде тұтқында болған, партизан жасағы және польшалық әскери құрамалар қатарында соғысқан павлодарлық жауынгерлер туралы мәліметтер кітапта жарияланды.
Форумға келген Мәскеу облысы іздеу жасағының командирі Павел Матвеев:«20 жылдай уақыт «Майдан жолы» іздестіру жұмысын жүргізіп келемін. Іздеу жасағын құруыма соғыс зардабын тартқандардың мұң-зары себеп болды. Соғыс өртін көрген қалаларды аралап, архивтерді қопаруға тура келді», – дейді.
Университет ректоры Гаухар Ахметова соғыста хабарсыз кеткен жауынгерлердің есімін жарыққа шығару іздестіру жасақтарының ғана емес, баршамыздың ортақ міндетіміз деп атап өтті. Университетте құрылған «Панфиловшылар» патриоттық іздестіру жасағы Мәскеу түбіндегі Дубосеково ауылында, Можай ауданында, Калуга облысында, Мәскеу түбінде іздестіру жұмыстарымен айналысуда. Бұл күндері оқу орнының оқытушылары мен студенттері «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ және Г.Потанин атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейімен бірлесіп арнайы жасақ құрған. Жасаққа әскери тарихшы, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, «Мемориалды аймақ» іздеу жасағының командирі Майдан Құсайынұлының есімі берілген.
– Жалпы, іздестіру жасақтары еліміздің барлық өңірлерінде бар. Мұрағаттық деректермен дұрыс жұмыс істеуді, құжаттарды сұрыптау мәселелерін үйренуіміз керек-ақ, – дейді Майдан Көмекұлы.
Іздеушілер жиынында Омбы аймақтық одағының төрағасы, «Поиск» қоғамдық ұйымының директоры Г.Кудря, Украина елінің делегаты, археолог Т.Крупа, Эстония елінен келген іздеуші А.Глазурин сөз сөйледі. Беларусь жерінен келген, Брест қорғанында іздеу жұмыстарымен айналысатын П.Пицко жергілікті іздеушілерге Брест қорғанының кірпішін табыстап, бірлесе жұмыс істеуге шақырды.
Форумнан соң, «ІЗДЕУ-2018» іздеу жасақтары өңірдегі Лебяжі, Қашыр аудандарында болып қайтты. Аудан орталығы Аққулы ауылында Невель көшесі бар. Невель қаласының коменданты болған Әбілқайыр Баймолдиннің туған жері. Ал, «Даңқ жолымен» халықаралық патриоттық жобасы шеңберінде Невель қаласында полковник Әбілқайыр Баймолдиннің есімімен аталған алаңда қола ескерткіш орнатылды. Бір көшесіне есімі берілген. Әбілқайыр жоғары офицерлік атты әскер мектебін, Мәскеудегі әскери-саяси академияны бітірген. Мәскеу түбіндегі ұрыстарға қатысты. 1944 жылдың қаңтарында полковник Ә.Баймолдин Невель қаласын жаудан қорғап, ерлікпен қаза табады. Ол басқарған взвод қатарында батыр қыз Мәншүк Мәметова болған. Аудандық мәдениет үйінде «Естелік пойызы» көрмесі ұйымдастырылып, «Комендант Невеля» фильмінің авторы Қанат Есенаманға ауданның құрметті азаматы атағы берілді.
Бір ғана Қашыр ауданынан А.Елгин, М.Катаев, В.Степаненко, Қ.Сұрағанов, И.Кривенко, Г.Кравченко сияқты 6 бірдей Кеңес Одағының Батыры шыққан. Делегация мүшелері аудан орталығындағы батырлар ескерткіштеріне гүл шоқтарын қойды.
Форум қорытындысы бойынша, Халықаралық бірыңғай іздестіру қоғамдық ұйымы құрылатын болды. Келесі «Іздеу» форумы 2019 жылы Омбыда өтеді.
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Павлодар облысы