Қазақстан • 30 Наурыз, 2018

1958-2018 жылдар ішіндегі телебағ­дарламаларды баян­даған «Елдидар» кітабы жарық көрді

638 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Теледидардың дидарын­ ашып «көксандықтың» ажа­рын кіргізіп жан-жақты ой­ластырған бағдарлама, сол бағдарламаны тілі мү­­дір­мей, дидарларынан нұр төгіле отырып жүр­­гізетін азаматтарға тәуел­ді екені белгілі. Бұл­ жа­­­­­­ғынан келгенде әр ха­бар­­­­дың қаймағына айналып, жұрттың ілтипатына бөленген жақсылар аз болған жоқ. Ондай мық­ты­лар қазір қазақ теле­дидарының ардагерлер санатындағы сарбаздар саналады. 

1958-2018 жылдар ішіндегі телебағ­дарламаларды баян­даған «Елдидар» кітабы жарық көрді

Бұрын радионы серік етіп келген қазақ жұрты осы­дан 60 жыл бұрын, нақтылай түссек 1958 жылы көктемде ұлттық теледидардың тұсауы кесіліп , айна бетінен адам­дар көріне бастады. Бұл ел өміріндегі керемет оқи­ға саналғаны да мәлім. Сол­ қазақ теледидарының қа­­ра шаңырағы бүгінде төрт құбыласы түгел деуге тұрарлық «Қазақстан» Ұлт­тық арнасы екені бел­гілі. Көл-көсір хабар­лар мен небір айтулы бағдарламалар ұлт та­ри­хының шежіресіне айналғаны туралы атаулы 60 жылда сараланып, ме­рейтой мемлекеттік дә­режеде дүрілдеп өтті. Сән-салтанат келісті болды. Тар­ту-таралғы да жетіп-ар­тылды. Соның қатарында 1958-2018 жылдар ішіндегі бағ­дарламаларды баян­даған «Елдидар» атты әдемі безендірілген, сапалы қағазға басылған, түр­лі-түсті суреттермен көмкерілген кітап жұрт қолына тиді. Бұл рухани құндылықты құ­растырғандар: филология ғылымдарының докторы, Сүлеймен Демирель уни­верситетінің профессоры, телезерттеуші Құ­дай­бер­ген Тұрсын мен өнер­тану магистрі Ержанар Әшей­хан екенін айта ке­телік. 

Эфирден сағат санап, минут есептеп көрер­мен­дермен жүзде­суге, тіл­десуге, пікірлесіп сыр­ла­суға жол тартқан алпыс жыл­дағы айтулы бағдар­ламалар легі туралы ой қозғай келіп, оны алфавит бойынша беруі де жақсы әсерге бөлейді. Кітапты парақтап отырғанда небір оқиғалар, жұртшылықпен дидарласу, ұлт зиялыларымен әңгіме дүкен құру, әдебиет пен мәдениеттің алыптарымен сыр-сұхбат жасау – бәрі де жарасымды берілген. 

Жылдар жылжып, заман өзгерген сайын ескі сүрлеудің орнын жаңа ізденістер басып жатады. Бүгінгінің өлшемі, ертеңге бедел болмасы да белгілі. Сон­дықтан да дәуірге қарай тәуір талпынбасаң тасада қалып қоюың кәдік. Бұл алған биігіңді, жет­кен жетістігіңді көмескілендіріп жіберуі де мүмкін. Сондықтан да болар кітаптың беташары «қазақтың бас ақыны» (Ә.Бөкейхан), ұлттың ба­­ры мен жоғын, ащысы мен тәтісін аянбай айтып, осыны түзесең түгел боласың деген  Абайдай данадан басталыпты. Әр кездерде «Абай әлемі», «Абай – халықтың ұлы», «Абай­тану» – осылай жалғасып кете береді. Тәуелсіз елдің бақ пен бақыты туралы ал­уан түрлі бағдарламалар да аз болмаған екен. Әсіресе Ғ.Мүсірепов, Ә.Марғұлан, А.Машанов, Н.Тілендиев, Ә.Кекілбаев, басқа да ұлт зиялылары жайлы беріл­ген ауқымды хабарларда көтерген мәселелер қам­тылыпты. Бір сөзбен айт­қанда, «Қазақстан» Ұлттық арнасының өтке­нін шежіредей шерткен кітаптан алар тағылым аз емес. 

Сүлеймен МӘМЕТ,
«Егемен Қазақстан»