Режиссер С.Тәуекелдің "Жерұйық" фильмінен көрініс
Бір кезде аспан да, жер де көрінбейтін уілдеген аппақ әлемде ұлыған боран мен қасқырдың дауысы қосарлана шығады. Соңынан ерген екі-үш қасқырды байқаған бала алдынан шыға келген мая шөптің арасына ойланбастан күмп береді де кетеді. Қасқырдың азуына ілінбеудің амалын жасамақ болған бала жаңағы мая шөптің ішіне қарай тереңірек барып тығылады. Сөйтіп мая шөптің маңайын торуылдаған қасқырдың, ішіндегі жан-жағын қаумалап, үсті-басын жыбырлатып, «ойнақ салған» ақ тышқанның қоршауында жаңа жылды қарсы алып, түні бойы сол жерде отырады. Осылайша қиын кезде еш сасқалақтамай, тығырықтан шыға білген жасөспірім – бүгіндері қазақ өнері мен мәдениетінің белді өкілдерінің біріне айналған белгілі кинорежиссер, продюсер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сламбек Тәуекел еді.
Жалпы, адам болмысын, тұлғалық қасиетін тануда балалық шағына назар аудару өте маңызды ғой. «Казахстанская правда» газетінің 2009 жылғы қаңтар айында жарияланған «В компании волков» атты естелік мақалада баяндалған жаңағы оқиға бүкіл саналы ғұмыры қазақ киносымен біте қайнасып кеткен Сламбек Тәуекелдің тұлғалық қасиетінің ең бір маңызды кілті іспетті.
Ұзақ жылдар кино саласында басшылық қызметтерде болған Сламбек Тілеуғабылұлының бойында әрі ұйымдастырушылық, әрі режиссерлік, продюсерлік қасиеттердің бірдей тоғысуы да кездейсоқ емес.
Ізденімпаздық пен еңбекқорлық кейіпкеріміз үшін, шынында да, бала кезінен-ақ жат болмапты.
Павлодар облысының Михайлов ауданы Жаңабет ауылында дүниеге келген Сламбек әкесінен ерте айырылады. Ағасы Ескен екеуі кезінде Қаугөл деп аталған Железинка ауданының солтүстік-шығыс өңірінің болысы болған, шешендігімен, әділет сүйгіштігімен елге кеңінен танылған нағашы атасы Мұқаметжан Едігеұлы және әжесі Ырысалдының қолында тәрбиеленеді. Анасы Мағыпира сырмақ сырып, алаша, кесте тоқу, киім тігу сияқты он саусағынан өнер тамған қолөнерші болған екен. Анасының осы қасиеті дарыған болуы керек, мектепте оқып жүргенде сурет салуға деген құмарлық пайда болады. Оған қоса, аудандық газетке тілші ретінде мақалалар жазып тұрады. Мәскеудегі Бүкілодақтық мемлекеттік кинематография институтының экономика факультетін бітіріп келген алғашқы жылдары-ақ «Күнайна» мультфильмінің сценарийін жазуы (1975, реж. Әмен Қайдаров), 1990 жылдардың басында көркемсуретті және деректі фильмдерді түсіруге бет бұруының өзі кездейсоқ емес екені осыдан-ақ белгілі болса керек.
23 жастағы жас жігітке институт бітіріп келе салысымен «Қазақфильм» киностудиясындағы мультипликациялық бірлестіктің директоры деген жауапты қызмет жүктеледі (1971). Бұл – қазақ мультипликациялық киносының өмірге келгеніне үш-төрт-ақ жыл ғана болған кез еді. Дүниеге жаңа келген өнердің аяққа нық тұруы жолында атқарылар жұмыстың шаш етектен болары белгілі. Осынау қиын да күрделі әрі қызықты іске үлкен құлшыныспен білек сыбана кірісіп кеткен жас маман ә дегеннен өзінің ұйымдастырушылық-шығармашылық әлеуетін дәлелдеп үлгереді.
Арада екі жыл өткенде (1973) Қазақ КСР-інің кинематография жөніндегі Мемлекеттік комитеттің киноөндірісі бөлімінің басшысы болып тағайындалады. Кино өндірісі мен шығармашылық жұмыстарды ұйымдастыруда біраз тәжірибе жинап үлгерген жас маман 1975-1980 жылдары Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы директорының орынбасары, бірінші орынбасары болады. 1980-1990 жылдар аралығында Мемлекеттік кинематография комитеті төрағасының орынбасары – киностудияның директоры қызметін атқарады. Осы жылдары кино өнері бойынша көркемдік кеңестің төрағасы қызметі де бірге атқарылады.
Қазақ киносының бағыт-бағдарын айқындауда, күндіз-түні тынбай еңбек етуде ол жалғыз болған жоқ. Абдолла Қарсақбаев, Сұлтан Қожықов, Әмен Қайдар, Мәжит Бегалин, Ораз Әбішев, Әзірбайжан Мәмбетов, т.б. сияқты суреткерлер мен Өзбекәлі Жәнібеков, Михаил Есенәлиевтей қоғам қайраткерлері, Камал Смайылов, Лейлә Ғалымжанова, Олжас Сүлейменов сияқты кинокомитет төрағалары – министрлер, Қалтай Мұқаметжанов, Әбіш Кекілбаев, Әкім Тарази, Төлен Әбдік, Мұрат Әуезов сынды қазақ әдебиеті мен өнерінің ірі қайраткерлерімен бірге атқарылған істер кино өнерінің сан қырлы құпиясын мейлінше жетік меңгеруге, оның даму бағыттарын болжап, жүзеге асыруға көп әсер етті әрі тәжірибе салмағы басым бола түседі.
Жалпы, қазақ киносы үшін мамандар тапшылығы ылғи да сезілген ең бір өзекті мәселе болғаны белгілі. Бауыржан Нөгербек, Ораз Рымжанов, Серік Райбаев, Болат Омаров, Максим Смағұловтармен бірге институт бітіріп, киностудия жұмысына араласа бастаған 1970 жылдардың басында да бұл мәселе күн тәртібінен түспеген еді. Шәкен Айманов, Абдолла Қарсақбаев, Мәжит Бегалин, Сұлтан Қожықовтар бірінен кейін бірі өмірден өткен жылдары, қазақ киносы біраз уақыт тоқырау кезеңін басынан кешті. Қазақ киносының болашағы үшін өз мамандарын даярлау керектігі оны мазалаумен болады. Осы бір өзекті мәселенің шешімін табудың бір жолы ретінде республиканың сол кездегі кино басшылығына Мәскеудегі Бүкілодақтық мемлекеттік кинематография институтына қазақ жастарын оқуға жіберуге ұсыныс жасайды. Киностудия жанынан арнайы курстың ашылып, оған келген талапкерлер арасынан талантты жастардың іріктеліп, оқуға аттануына ықпал етеді. Көп уақыт өтпей-ақ бұл жастардың фильмдері «жаңа толқын» деген атаумен қазақ киносының тарихына енді. Осылайша Л.Ғалымжанова, О.Сүлейменов, М.Әуезовтермен бірге «жаңа толқын» киноның дүниеге келуіне себепкер болды.
Сламбек Тәуекелдің қазақ киносын насихаттаудағы тағы бір маңызды жобасы – 1996 жылы Тәуелсіздігіміздің бес жылдығына әрі кино өнерінің жүз жылдығына орай «Синема-100» халықаралық киномарафонын ұйымдастырды. Әлемнің 23 мемлекетін аралап өткен киномарафон, шынында да, Орталық Азия, ТМД, Еуропа елдерінің мәдени өмірінде ерекше оқиға ретінде орын алғаны есімізде. Сондай-ақ, 1998 жылы тұңғыш рет өткен, бүгіндері Қазақстанның ғана емес, әлемдік кино өнерінің кеңістігінде маңызды шаралардың біріне айналған «Еуразия» халықаралық кинофестивалін ұйымдастырушылардың бірі болды.
Жалпы, Сламбек Тәуекелге суреткер ретінде тұлға және халық, тұлға және қоғам тақырыптары аса жақын. Уақыттың, кейіпкердің бейнесі тұтастықтан жеке-жеке бөлшектерге бөлініп барып, сол тұтастыққа қайта оралады. Мәселен, «Сәтбаев: ғасыр адамының толғауы» (2000) атты деректі фильмін алайық. Сламбек Тәуекел ұлы ғалымның бейнесін көрсетуде шығармашылық ізденістерге толы қызықты жолды таңдайды. Шынында да бұл фильмнің жеке тұлғалардың өміріне арналған біраз еңбектермен салыстырғанда ерекшелігі көп. Архив материалдарын ұйымдастыру, кинематографиялық формасы жағынан өте қызықты шыққан бұл фильмде тек кейіпкердің ғана емес, ол өмір сүрген уақыттың, халықтың бейнесі кезектесе отырып, алдыңғы қатарға бірінен кейін бірі шығады. Осылайша олар бір кезде тұтас бейнеге айналады. Нәтижесінде уақыт, халық, Сәтбаев біртұтас бейне болып шыға келеді.
Сламбек Тәуекелдің фильмдерінде кейіпкерлеріне деген ғажап бір сүйіспеншілік, сый-құрмет, ілтипат бар. Ол үшін әрбір кейіпкер – қайталанбас, аяулы да нәзік әлем. Кинематографиялық қалыпқа саларда оған өзі үшін баға жетпес аса бір құнды әлемдей назар аударады. Әсіресе белгілі театр және кино әртістері Тамара Қосыбаева, Сағи Әшімов, Кененбай Қожабековтердің өмірі мен шығармашылығына арналған «Актриса апа» (2008), «Сағыныш» (2011) және «Төзім» (2013) деректі фильмдерін осындай шығармаларының қатарынан екенін айтқымыз келеді.
Тұлға және қоғам, уақыт және халық – Сламбек Тәуекелдің «Батыр Баян» (1993), «Махамбет» (2008), «Жерұйық» (2010) атты көркемсуретті фильмдеріне де тән тақырыптар. Белгілі кинотанушы Бауыржан Нөгербек «Істің адамы» деген мақаласында «Сламбек Тәуекел режиссер ретінде халықтық киноның дәстүрлерін жалғастырып келеді» деп жазды («Киноман» журналы, №4, 2008, 13-бет). Шынында да Сламбек Тәуекел – тек деректі шығармаларымен ғана емес, көркемсуретті фильмдерімен де халықтық кино түсіріп келе жатқан режиссер.
«Бұлақ көрсең көзін аш» дейді қазақ. Бүгіндері Қазақ ұлттық өнер университетінде болашақ режиссерлер мен продюсерлерді тәрбиелеп жүрген Сламбек Тәуекел жас кинематографистердің шығармашылығын үнемі қолдаудан, ақыл-кеңесін беруден жалыққан емес. Олар түсірген бір жақсы фильмді көре қалса, шынайы қуанған сәттеріне талай куә болдық. «Ұстазы жақсының – ұстанымы мықты» дейді. Ертең қазақ киносына дәл өзіндей адал қызмет ететін жалынды, дарынды жастардың келіп қосылатынына, әрине, бек сенімдіміз.
Нәзира РАХМАНҚЫЗЫ,
кинотанушы, өнертану кандидаты