Қазақстан • 30 Наурыз, 2018

«Көш көлікті болсын» республикалық акциясы өтті

412 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін «Нұр Отан» партиясы Орталық аппаратының Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесі мен аймақтық филиалдарының қоғамдық қабылдау бөлмелері бірлесіп «Көш көлікті болсын» республикалық акциясын өткізді.

«Көш көлікті болсын» республикалық акциясы өтті

Этникалық көші-қонды реттеуге ықпал ету мақсатында үшінші рет өтіп отырған шараға Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Ішкі істер, Сыртқы істер, Денсаулық сақтау, Әділет министрлігі, Астана және Алматы қалалық, облыстық көші-қон полициясының құрылымдық бөлімшелерінің жауапты мамандары қатысты.

Бүгінгі акция кезінде құзырлы орган өкілдері тәуелсіздік жылдары елімізге көшіп келіп, түрлі себептермен 2016 жылдың 1 қаңтарына дейін Қазақстан Республикасының азаматтығын ала алмай жүрген оралмандар мен этникалық қазақтарға  «Халықтың көші-қоны туралы» заңы мен өзге де қаулы, нормативтік құжаттар аясында түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Сондай-ақ жиынға мемлекеттік емес ұйым жетекшілері, оралмандарға арналған қоғамдық бірлестіктердің басшылары қатысып, қандастарымыз дөп келген құжаттық қиындықтар жайлы баяндады. Өңірлердегі құжатсыз жүрген ағайынның өкілдері бейнебайланыс арқылы өз өтініштерін айтып, мемлекеттік құзырлы орган қызметкерлерінен сұрақтарына жауап алды.

«Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап елімізге көшіп келсе де әлі күнге дейін Қазақстан азаматтығын ала алмай жүрген ағайындарымыздың саны аз емес екен. Біз бүгінгі акция аясында осы мәселелер бойынша ұсыныстар әзірлейміз. «Нұр Отан» партиясы азаматтығын ала алмай жүрген қандастарымыздың мәселесін көтеріп, қатысты министрліктерге ресми хат жазады. Сөйтіп біз осы жөнінде ведомствоаралық комиссияның құрылуына ықпал еткіміз келеді. Ал ол комиссия бүгінгі жиында көтерілген мәселелерді шешуге атсалысады», дейді «Нұр Отан» партиясы Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесі меңгерушісінің орынбасары Арыстанғали Сансызбаев.

Жиналыс соңында акцияға қатысқан бес министрлік пен мемлекттік емес ұйым жетекшілері бұл мәселе толық шешілгенге дейін әрекет ету үшін, бірлескен комиссия құру бойынша ұсыныс қабылданды.

Айта кетейік, «Нұр Отан» партиясының былтыр 14 шілдеде бастаған «Көш көлікті болсын» республикалық акциясы бұған дейін де қандастарымызды «Халықтың көші-қоны туралы» заңынан хабардар ету және құқықтарын қорғау мақсатында екі рет өткізілген болатын.