Қазақстан • 02 Сәуір, 2018

Қазақстан – Моңғолия қатынасы жанданып келеді

1358 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Сыртқы істер министрлігінде Қазақстанның Мо­ң­ғолиядағы Төтенше және өкілетті елшісі Қалы­бек Қоблан­дин бас­пасөз жиы­­нын өткізіп, екі­ ел арасындағы қатынас төңіре­гінде әңгіме қоз­ғады.

Қазақстан – Моңғолия қатынасы жанданып келеді

Елшінің сөзіне сүйен­сек, Қазақстан мен Моң­ғолия арасындағы ынты­мақтастықты дамы­ту­дың жол картасы әзір­лен­ген. Құжат алдағы 5 жылды қамтиды. Осы бағдарламаның арқа­сында бірлескен кәсіп­орын­дар ашылып, инвестиция тартудың тетіктері қарастырылады. Қ.Қоб­ландиннің ай­туынша, моң­­ғолиялық кәсіпкерлер қа­зір­дің өзінде тау-кен, ауыл шаруашылығы жә­не туризм салаларында ынтымақ­тастықты нығай­туға құлшынып отыр­ған көрі­неді.

«Моңғолияны бізде­гі уран және алтын өң­деу саласы, сары ұнтақ жасау технологиясы­ қы­зық­­тырады. Одан бө­лек, Қорғас бекетіндегі жұ­мыс­тар мен темір жол тран­зиттік жұмыстарына да ерекше мән беріп отыр», деді Қ.Қобландин.

Елші қарым-қатынасты нығайта түсуге бірқатар мәсе­лелер кедергі келтіріп отыр­ғанын жеткізді. Мәсе­лен, екі ел арасында автобус қатынағанына қарамас­тан, Ресей аумағынан Моң­­ғолияға баратын жол са­лынбаған екен. Оның пі­кірінше, бұл түйткілді шешу үшін тікелей әуе рей­сін ашып, тас жол салу қажет.

«Екі ел арасындағы күр­делі мәселе­лердің бірі – көлік және логистикалық байланыс. Осыны шешу мақсатында қазіргі таңда «Астана – Ұлан-Батыр» әуе рейсін ашу бойынша келіссөздер жүргізіліп жатыр. Биыл бұл жоспар іске асуы тиіс», деді елші.

Сонымен қатар «Өске­мен – Баян-Өлгий – Ховд» бағытында аймақтық әуе рейсін ашу бойынша келіс­сөздер жүріп жатқанын атап өтті. Елшінің пікі­рінше, бұл мәселе таяу­да шешімін табуы тиіс.

Қазіргі таңда Моң­ғолияға апаратын жолдар Ресей аумағынан өте­ді. Сондай-ақ «Астана – Өлгей», «Алматы – Өл­гей» бағытында автобус­тар қатынайды. Бұдан бөлек, 300 шақырымды құрай­тын «Өскемен – Риддер – Ташанта» қысқа жолмен де қатынауға бола­ды. Қазақстан тарапы­ бұл бағыттағы жол құры­лысы­ның өзіне қарасты бө­лі­гін аяқтап қойған. Тек Ресей өзіне қарасты жол құрылысын аяқтамай отыр.

Бұдан бөлек, ол Моң­ғолиядағы мал шаруа­шылы­ғының жайына да тоқталды. Оның айтуынша, елдегі мал басы халықтан жиырма есе көп. Мәселен, халықтың саны 3,2 миллион болса, жылқы басы 4 миллионға жеткен. Қамбар ата түлігі елдегі мал санының 5,9 пайызын ғана құрайды екен.

Ресми мәліметке сәй­кес, Моң­ғолияда қой мен ешкінің басы 57 миллионнан асады. Сиыр мен қодас 4,4 миллионға жа­қын­даған. Жалпы, хал­қының үштен бірі ауыл шаруашылығы саласында еңбек етеді. Әйтсе де, мал санының көп болуы салдарынан жайылымдық жерлер жетіспей жатқан көрінеді.

«Қазіргі таңда мал ба­сы­ның жалпы саны 66,2 миллионды құрайды. Биыл көктемде бұл көр­сеткіш 70 миллионнан аса­ды деген болжам бар. Осыған қарамастан, ет өнімдерін экспортқа шы­ғару басты мәселеге айналып отыр. Әйтсе де, ол үшін малды асылдандыру қажет, санитарлық-эпидемиология саласында бірқатар түйткілдер шешілуі тиіс. Кейінгі жылдары Моңғолияда жайылым жерлерінің тапшылығы туындай бастады», деді Қ.Қобландин.

 

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»