Суретті түсірген Александр КАНЦЕДАЛОВ
Қастек өзенінен ішетін суымыздың сапасы да сын көтермейтін. Өзеннің бас жағында малдың да, иттің де, түрлі жәндіктердің де өліп жатқанын талай рет көз көрді. Бірақ ауыл адамдарының сол суды ішпеуге еш шарасы жоқ болатын. Өйткені, ауылымызда құдық, су құбыры деген атымен жоқ еді. Тіпті ондай игілік түсімізге де кіріп көрген емес.
Осы жағдай осы уақытқа дейін еш өзгерген емес. Рас, Серік Үмбетов Алматы облысының әкімі болып тұрған тұста оның туған ауылы Аққайнарға қарай жарқыраған асфальт жол салынып, су құбыры тартыла бастағанын естіген жұрт көп ұзамай бұл жақсылық бізге де жетіп қалар деген үмітте болды. Өкінішке қарай олай болмады. Сөйтіп осы ауылдан қол созым жердегі Сұраншы батыр, Қастек ауылдары еш өзгеріссіз сол қалпында қала берді. Осы Аққайнарды басып өтетін Шиен бағытындағы ауылдардың да жағдайы тап осылай еді...
Жә, айтайын деген негізгі ойымызға оралсақ, күндердің күнінде Қастек ауылына асфальт жол салынды деген хабарды естігенбіз.
– Е, бұл игілік Қастекке де жеткен екен. Үкіметтің қолы ұзара бастағаны ғой бұл, – деп біз де қуанғанбыз.
– Сен де айтасың-ау. Бұл өзіміздің Секеңнің, Серік Байбатыровтың ізденуімен іске асқан шаруа, – деді ауылдағы ағайындар.
Ауыл іші жұрт қуанса қуанғандай екен. Ұзынынан созылып жатқан көшенің әр тұсында әдеттегідей батпаққа батып жатқан көлік те, оны шығарып әлек болып жатқан трактор да көрінбейді. Асфальт жол бойымен бәрі зырылдап өтіп жатыр. Көше бойындағы құдықтан су алып жатқан қыз-келіншектерді де көзіміз шалды. Туған ауылының мүшкіл халін көріп, оған қол ұшын беруді бір міндеті санаған Серіктің бұл қадамына әрине, біз де риза болып қалдық. Сөйтсек, біле бермейді екенбіз, ауыл адамдарының айтуынша, ол талай-талай игі бастамаларға мұрындық болып жүр екен. Жұрт әсіресе оның Тілеу-Жарылғап батырларға арналған келелі жиын өткізгенін, оның бастамасымен Жарылғап батыр жайлы құнды кітаптың жарық көргенін қуана айтып жатты. Байқаймыз, бұл шаралар көпшілікті бір серпілтіп өткендей. Бұл батырлардың ұрпақтары сол ата-бабалары жайлы ғұлама ғалымдар мен білікті тарихшылар қатысқан жиында тереңірек мағлұмат алғандарын, көкірек көздерінің де ашыла түскенін жасырмады.
Бүгінде ауылдастарының шынайы алғысына бөленіп жүрген Серік Кәтенұлының ағайынға деген жанашырлығы бүгінде кейінгі жастарға да үлгі-өнеге бола бастағандай. Олай дейтініміз, қайсыбір жастар өз мүмкіндігіне сай туып-өскен ауылын гүлдендіруге атсалыса бастапты. Мысалы, сол Қастек мектебінің түлегі Азамат Әбділдаев деген бауырымыз өзі оқыған білім ордасының айналасын абаттандырып берсе, көрші Талап ауылының тумасы Қайрат Шәріпбаев деген азаматтың арқасында тозығы жетіп, күйі кеткен елді мекен кәдімгідей көркейіп сала берді.
– Біз күні кешеге дейін сабылып, ауыз суды жаяу-жалпылап сонау Қастек өзенінен таситынбыз. Енді міне, жанға аяздай батып жүрген осы мәселе Қайраттың арқасында жөнге келді деп қуанады осы ауылдың адамдары.
Ал жол азабын тартып жүрген Шиен, Бесмойнақ ауылдарының тұрғындары болса, Нәсифа деген қыздарына дән риза. Ойдым-ойдым болып, шаңы бұрқырап жататын ауылдардың жолына сол қыз тақтайдай етіп асфальт төсетіпті. Шүкір, ел ішінде мұндай көп қамын ойлайтын адамдар қадау-қадау болса да баршылық көрінеді. Осы арада елдің рухани жаңғыруына баяғыдан бері ерінбей-жалықпай өз үлесін қосып келе жатқан жазушы Нағашыбек Қапалбековтің тындырған ісіне тоқтала кетсек, еш артықтық етпес.
Иә, оның бір өзі бір институттың жұмысын атқарып келеді десе де болады. Бұл орайда кезінде дүркіреп өткен Жамбыл Жабаевтың 150 жылдығы, Сүйінбай Аронұлының 200 жылдығы осы Нағашыбектің тікелей араласуымен өтсе, одан бері де Нағашыбек ақын бабаларының артына қалдырған мұрасымен кейінгі ұрпақты таныстырудан еш жалыққан емес. Айталық, Жамбылдың жыл сайынғы туған күні қарсаңында, яғни 18-28 ақпан аралығында ақын шығармашылығына арналған онкүндік шара ұйымдастырып жүрген болса, 200 жылдығы тұсында Сүйінбай ақынмен елорда жұртшылығының қауышуына мұрындық болды.
Сондай-ақ тынымсыз іздене жүріп Құртқа тәуіп Сұлтанқожаұлының бейітін тапқаны өз алдына, тәуіптің еңбегін, өмір жолын жан-жақты зерттеп, арнайы жинақ шығаруы да үлкен жұмыс. Ең бастысы Нағашыбектің бұл еңбегі текке кеткен жоқ. Аты аңызға айналған бабамыздың басына Қайрат Сатыбалды бастаған ел азаматтары кесене тұрғызса, бүгінде Қазақстанның халық емшілері қауымдастығы Құртқа тәуіп бабамыздың атымен аталады. Сондай-ақ Нағашыбек Сарыбай би Айдосұлының, Кәшке батыр мен Үмбеталы ақынның өмір жолын зерттеп, кітап жазған болса, енді ол Медеу бабамызға арналған келелі жиындар өткізіп, оның еңбегін қалың қауымға таныстыруды да бастап кетті. Ондағы ойы еңбегімен ел есінде қалған бабаның өз атымен аталатын Медеу мұз айдынының алдында мүсіні тұрса дейді. Меніңше, бұл өте әділетті шешім болар еді.
Жасыратын не бар, әдетте жұрттың шалқып-тасып өмір сүріп жатқан, алайда өзінен басқаға сәулесі түспейтін бай-бағландар мен көпшілікке шекесімен қарап, олардың мұң-зарын жүре тыңдайтын, ара-тұра өз абыройым ассын деген оймен мемлекет есебінен әлдекімдерге қолұшын созған болып, онысын ақпарат құралдары арқылы қайта-қайта көрсеттіріп, өзіне ұпай жинайтын шенді-шекпенділерді көптің адамы көретіні бар. Ал шын мәніне келсек, көптің адамы сол қарапайым халықпен бірге қайнап, оларға қарлығаштың қанатымен су сепкендей болса да қайыры тиетін біз жоғарыда айтып өткендей азаматтар ғой. Егер осындай адамдардың қатары көп болса, ел іші де жүдемес еді.
Жұмагүл ҚУАНЫШБЕКҚЫЗЫ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты