Аймақтар • 02 Сәуір, 2018

Үржар колле­джі­нде асық атудан сайыс өтті

72 реткөрсетілді

Наурыз мерекесі десе жұрт­тың көз алдына ең әуе­лі тұсау кесу, бесікке бө­леу рәсімі елестейтіні рас. Өйткені халықтың жылда көретіні, оларға көрсететіні – осы.

Дегенмен де ұлттық мейрам­ды өзгеше сипатта өткізуге ты­ры­сып жүрген жандар тым көп болмаса да бар. Мәселен, жуық­та Үржар ауданының Тас­кес­кен ауыл­ын­дағы Үржар колле­джі­нде асық атудан сайыс ұйым­дас­тырылды.

Бір қызығы, студенттер арасында өткен жарысқа аталған білім ордасының директоры  Қанағат Шарахметовтің өзі де қатысты. Қатысып қана қоймай, бас жүлдені қанжығасына байлады.

«Асықты бала кезде армансыз ойнадық қой. Бұл сайысқа білген, түйгенімізді балаларға үйретейік, дәстүрімізді дәріптейік, ұлттық құндылықтарымызды ұлықтайық деген игі ниетпен қатыстым. Үйде, болмаса бір бұрышта қалта телефонына үңілгенше балалардың таза ауада асыр салып асық атқанын қалаймын. Жарысты өткізудегі мақсатымыз – осы», – дейді колледж директоры.

Жарыс қорытындысында I орынды колледж директоры Қанағат Шарахметов иеленсе, II орын І курс студенті Қабден Ризатқа бұйырды. III орынды ІІ курс студенті Нұр Қалибаев еншіледі.

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы,

Үржар ауданы,

Таскескен ауылы

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар