30 Қараша, 2011

Бас шырша шамдары шуақ шашты

435 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Кеше кешқұрым Ақорданың алдындағы алаңда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен еліміздің Бас жаңажылдық шыршасын жағу рәсімі өтті. Бас шыршаның сан алуан шамдары жарқырай жанып, оны қызықтауға үш мыңға жуық бала мен ересек жиналды. Бұл күні елорда ерекше нұрға малынып, нағыз мерекелік шат­тық­қа енді. Ел Тәуелсіздігінің ай­тулы белесін айшықтайтын паннолар, ұран сөздер көшелерге ілініп, мерейтой әрін аша түсті. Ел тілегі мақсаттас, мүдделес екенін осыдан-ақ аңғаруға болады. Астана тұрғындары мен қо­нақ­тары алдында сөйлеген сө­зін­де Президент Ақорда алдындағы Қазақстанның басты алаңында жаңажылдық шыршаны жағу сал­танаты жылдағы дәстүрге ай­налғанын, Бас шырша шамдары жанғаннан кейін еліміздің бар­лық жерлерінде орналасқан шыр­шалардың шамдары бірге тұ­та­натынын атап көрсетті. – Биылғы жыл – еліміз үшін ерекше жыл. Ол ел Тәуел­сізді­гі­нің 20 жылдығын мерекелеу қарсаңында өтіп отыр. Бұл – бәріміз үшін айтулы мерейтой. Жаңажылдық мереке – бұл ертегідей көрінетін, армандары ор­ын­далатын, болашаққа жоспар құ­ратын әрқашан балалардың мерекесі. Біз сендер үшін еңбек еттік, сендердің бақытты болуларың үшін жұмыс істедік. Сендердің міндеттерің – жақсы оқу, біздің ұлы Отанымыздың лайықты аза­маты болу. Біз жиырма жыл­дық­ты мерекелейміз, табыстарды атап өтеміз. Болашаққа жоспар құ­рамыз. Ал, біздің болаша­ғы­мыз – сендерсіңдер. Сендерге, біздің балаларымызға мен жаңа жылда мол бақыт, мықты ден­сау­лық тілеймін. Біздің еліміз гүл­дене берсін, біздің балаларымыз бақытты болсын, – деді Нұр­сұлтан Назарбаев. Президент барша қазақстан­дық­тарға жаңа табыстар, зор ден­саулық, бақыт және игілік тіледі. Биіктігі 25 метрді құрайтын, 2 мыңнан астам ойыншықтармен, 925 стробоскоппен, 345 жарық диодты қар ұшқындарымен безендірілген Бас шыршаның шам­да­ры самаладай жарқырап, нұ­рын төгуі мұң екен, айнала жүз­дерін аяз сүйіп, суық сорған бүл­діршіндердің сыңғырлаған кү­міс күлкілеріне, шат-шадыман әуенге толып сала берді. Мың бұралған билер сахна сәнін келтірді. Әсем ән әуелеп, Астана көгінде қа­лық­тады. Аяз Ата мен Ақшақардың қатысуымен театрландырылған кө­рініс қойылды. Ертегілер кейіпкерлері кеш шырайын аша түсті. Елбасымен бірге Бас шыр­ша­ны жағу құрметіне ие болған ба­лалардың көңілдері көтеріңкі. Со­лардың бірі Индира Сәрке­но­ва­ны әңгімеге тарттық. Ж.Жабаев атындағы №4 мектеп-гимназия­ның 5 сынып оқушысы мұндай қызыққа алғаш қатысып отыр­ға­нын, өзін шын бақытты сезінетінін шаттықпен жеткізді. Ал Астана қалалық білім бас­қармасының қызметкерлері Тәу­ел­сіздік мерекесіне үлкен әзір­лік­тер жасап жатқандарын, бүгінгі шараға мыңдаған оқушылардың белсене атсалысқандарын, көп балалы отбасылардың, ата-ана­ның қамқорлығынсыз қалған бір мыңдай балаға Президент сый­лы­ғы тапсырылғанын атап көр­сетті. Мақпал түнді самаладай жар­қы­ратып тұрған Бас шыршамен бірге Астанада 30 жаңажылдық шырша орнатылып, шамдары бір сәтте жарқырады. Ақорда алдын­дағы алаңда өткен жаңажылдық шыршаның жағылуы мерекелік отшашуға ұласты. Өмір ЕСҚАЛИ, Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.