Аймақтар • 02 Сәуір, 2018

Агротехникалық университет пен Қостанай облысы әкімдігі өзара меморандумға қол қойды

525 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Меморандум шеңберінде екі жақ  ауыл шаруашылығын цифрландыру жұмыстарын атқаратын болады. Осыдан шамалы күн бұрын     облыс әкімінің орынбасары Мейіржан Мырзалиев басқарған делегация Архимед Мұхамбетовтың тапсырмасымен Астана және Алматы қалаларында болып,  ауыл шаруашылығын цифрландыруға байланысты ірі екі білім ордаларында маңызды кездесулер өткізген болатын.

Агротехникалық университет пен Қостанай облысы әкімдігі өзара  меморандумға қол қойды

Делегация осы сапарында С.Сейфуллин атындағы  қазақ агротехникалық университеті базасындағы  цифрландыру саласында  білім тарату орталығында болып,  «ҚАТУ» АҚ басқармасының төрағасы  Ақылбек Күрішбаевпен кездескен еді.  Сол кездесуде айтылған мәселелер бойынша енді білім ордасының делегациясы Қостанай облысына келді.

Кездесуде облыс әкімі Архимед Мұхамбетов Президент тапсырған экономиканың және әлеуметтік салалардың барлығын  цифрландыру жұмыстарының облыста  бастау алғанынан хабардар етті.

«Ол үшін облыста «Цифрландырудың жол картасы» жасалды, онда өмірге енгізілетін 70  жобаның 30-ы ауыл шаруашылығы саласында атқарылатын болады. Біз осы жобаларды жүзеге асыру үшін барлық байланыстарды, мүмкіндіктерді  пайдаланатын боламыз. Сондықтан бүгінгі кездесудің, екі жақты қол қойылатын меморандумның маңызы зор» деді облыс әкімі Архимед Мұхамбетов. Мұнан кейін Ақылбек Күрішбаев С.Сейфуллин атындағы қазақ агротехникалық университетінің базасындағы  ауыл шаруашылығын цифрландыру технологиясы трансферті туралы әңгімеледі.

Ректор цифрландыруды дамытуда үш бағыт және үш блок мәселелерді ұсынатынын айтты. Бірінші мәселе табиғи ресурстарды, оның ішінде  жер ресурстарын мемлекеттік органдардың қадағалауы болып табылады. Цифрландыру, жасанды интеллектіні қосудың арқасында оның 95 пайызы космостан қадағалатын болады. Екінші мәселе нақты жер пайдалануда технологияны пайдалануға байланысты. Үшінші мәселеде Қостанай облысымен ынтымақтаса жұмыс істеу,  технологияларды        пайдалануды қарастырылады.

 Кездесуде делегация мүшелері, цифрландыру технологиялары  бойынша үлкен ғалым- мамандар осы айтылған мәселелерді таратып, тереңірек тоқталды. Кездесуде екі жақты  ынтымақтасу меморандумына қол қойылды.  

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,

«Егемен Қазақстан»

Қостанай