Қазақстанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі ретінде белгіленіп отыр. Осыған байланысты елімізде қоғамдағы жемқорлықты жоюға бағытталған жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың осы мәселені үнемі назарында ұстауының, оның саяси жігері мен нақты тапсырмаларының нәтижесінде Қазақстанда бүгінгі күні сыбайлас жемқорлықпен күрес біршама жетістіктерге алып келді.
Жамбыл облысындағы тәртіптік кеңестің хатшылығы өткен жылы облыс мемлекеттік органдарында 225 тексеру жүргізіп заң бұзушылықтың 250 оқиғасын анықтады. Тәртіптік кеңес отырыстарында 175 тәртіптік іс қаралып, нәтижесінде 173 қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Бұл 173 қызметкердің 14-і – саяси мемлекеттік қызметкер, 158-і әкімшілік мемлекеттік қызметкер болса, біреуі орта мектеп директоры. Жазаға тартылғандардың қатарында облыстық деңгейдегі мемлекеттік органдардың – 3, аудандық деңгейдегі 18 басшысы бар. Сондай-ақ, облыстық деңгейдегі мемлекеттік орган басшыларының 3 орынбасары, аудан әкімдерінің 3 орынбасары және ауылдық округ әкімінің орынбасары жазаға тартылған. Жалпы жазаға тартылғандардың 6-уы қызметтерінен босатылса, 7-уіне қызметіне толық сәйкес еместігі жөнінде ескерту жасалып, 7-уіне қатаң сөгіс, 71-уіне сөгіс, 82-сіне ескерту берілді.
Жемқорлықпен күреске қарамастан алақол шенеуніктердің саны азаяр емес. Өткен жылы тәртіптік кеңес жемқорлыққа жағдай туғызатын құқық бұзушылықтарға жол берген 31 мемлекеттік қызметшінің ісін қарап, оларға тиісті жазаларын ұсынды. Жүргізілген талдаулар көрсеткендей, сыбайлас жемқорлық белгілері негізінен халыққа қызмет көрсететін мемлекеттік құрылымдарда көп байқалады. Атап айтсақ, рұқсат беруші, лицензия, квота, жер беруші, мемлекеттік меншікті жекешелендіруші органдарда сыбайлас жемқорлықтың деңгейі жоғары. Олардың орын алуына көп жағдайда қоғамның тарапынан бақылаудың төмендігі және мемлекеттік қызметшілердің төмен моральдық деңгейі себеп болуда.
Бұл жағымсыз құбылысты тек жазалау арқылы жою мүмкін емес. Оның табиғатына үңілер болсақ, бірінші кезекте қызметті заңсыз пайда табу көзіне айналдыру жатады. Бұл адамның мемлекеттік қызметке тұрудағы басты мақсаты деп айтсақ қателеспейміз. Қазіргі заңнама талаптары қанша қатал және қызметке тағайындалудың жариялылық және бәсекелестік жолдарын белгілеген десек те қалыптасқан жағдай керісінше әсер қалдырады. Мемлекеттік қызметке орналасу формальді түрде және белгілі бір үміткерді қабылдау үшін ұйымдастырылады. Жемқорлықтың басы осыдан басталған соң ол қызметке орналасқан маманның немен айналысатыны белгілі.
Жемқорлыққа жағдай туғызатын тағы бір жай – мемлекеттік қызметке кездейсоқ адамдардың келуі болып табылады. Біз қызмет барысында көптеген лауазымды тұлғалардың кәсіби даярлығының төмендігін және құқықтық сауатсыздығын байқаймыз. Тестілеу нәтижелері де осыны айғақтайды. Өткен жылы аттестацияланған 1252 қызметкердің 394-і (30%) тестілеу бағдарламасын тапсыра алмады. Бұл мемлекеттік қызметте кемінде үш жыл істеген адамдардың құқықтық сауаттылық деңгейі. Демек, мемлекеттік қызметшілердің үштен бірі республикамыздың негізгі заңдарынан құралған қарапайым сұрақтарына жауап бере алмаған.
Тараз қаласының жергілікті органдарын тексеру кезінде 43 заң бұзушылық, Байзақ ауданында 37 заң бұзушылық, Жуалы ауданында 11 заң бұзушылық анықталып, оның ішінде 2 қызметкердің сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылығы, Т. Рысқұлов ауданында 15 заң бұзушылық анықталды. Облыстық әділет департаментінің және оның аудандық бөлімшелерінің 25 мемлекеттік қызметкерін тәртіптік жауапкершілікке тарту туралы ұсыныс енгізілді. Олардың бірі — кадр қызметінің қызметкеріне өз құзырындағы мәселелерді шешудің заңда белгіленген тәртіптерін бірнеше рет бұзу арқылы жемқорлыққа жағдай туғызатын құқық бұзушылыққа барғаны үшін тәртіптік жаза берілді. Сонымен қатар, Байзақ аудандық әділет басқармасының жетекші маманы өзіне жүктелген міндеттерді тиісінше атқармағаны үшін қызметінен босатылса, 3 қызметкерге атқарып отырған лауазымдарына сай еместігі жөнінде ескерту жасалды.
Денсаулық сақтау басқармасында да тәртіп сақтала бермейді. Оның 5 қызметкері өздерінің қызметтік міндеттерін тиісінше атқармағандары үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ, денсаулық сақтау субъектілерінің 85 пайызында еліміздің заңдылықтарында қарастырылған медициналық және арнайы құрал-жабдықтармен, киімдермен жабдықтау жайы талапқа сай келмегені анықталды. Облыс бойынша экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмыстарымен күрес жөніндегі департаменттің мәліметтері бойынша өткен жылы облыс денсаулық сақтау саласында осы сипаттағы бірқатар қылмыстар анықталып, олар бойынша 8 қылмыстық іс қозғалған. Ал облыстық ішкі істер департаментінде өткен жылдың он айында денсаулық сақтау саласында заң бұзушылықтың 12 оқиғасы тіркелген. Олардың 4-еуі бойынша қылмыстық іс қозғалып, 2-уі айыптау қорытындыларымен сотқа жолданса, 6 оқиға бойынша қылмыс құрамы болмағандықтан, қылмыстық іс қозғаудан бас тарту туралы шешім қабылданған. Жалпы, облыс әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасының мемлекеттік тәртіпті және тиісті заңдылықтарды сақтау, азаматтардың денсаулығын қорғау жөніндегі жұмысы жеткіліксіз деп танылып отыр. Бұл туралы ақпарат агенттікке және облыс әкіміне жолданды.
Өткен жылы облыстың прокуратура органдары тарапынан 20 ұсыныс енгізіліп, тәртіптік жауапкершілікке 26 адамның тартылуы, 7 әкімшілік іс қозғалуы, қаржы полициясы органдарына 5 іс жолданып, олар бойынша емдеу мекемелерінің басшыларына қатысты 2 қылмыстық істің қозғалуы да тәртіптің төмендігін көрсетеді.
Жуалы аудандық прокуратурасынан Жуалы аудандық әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің қызметіне ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге көктемгі дала және егін орағы жұмыстарын жүргізуге бөлінген бюджет қаражатын жұмсаудың заңдылығы мәселесі бойынша жүргізілген тексеру барысында анықталған заң бұзушылықтарды жою жөнінде ұсыныс және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің облыс бойынша департаментінің осы мазмұндағы ақпараты келіп түсті. Бұл құжаттарды саралау барысында Жуалы ауданындағы ведомствоаралық комиссияның лауазым иелерінің тікелей қолдауымен “Дәулет” шаруа қожалығы ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруге субсидияны заңсыз алып, мемлекетке 220 мың теңге зиян келтіргені, сондай-ақ “Досбол” шаруа қожалығына 264 мың теңге субсидия заңсыз қосымша төленгені анықталды. Осы құқық бұзушылықтары үшін ведомствоаралық комиссия мүшелері — аудан әкімінің орынбасары А.Үркімбаев, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бастығы Р.Кунязов, аудандық жер қатынастары бөлімінің бастығы Ж.Бекмұрзаев, аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі Ш.Момынқұлов, Ауыл шаруашылығы министрлігі агроөнеркәсіп кешені мемлекеттік инспекция комитетінің аудандық аумақтық инспекция бастығының орынбасары Р. Жақсылықов, аудандық статистика бөлімінің жетекші маманы Б.Сыпатаев тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Ал, Қызыларық ауылдық округінің әкімі Ә.Сәбденбаев пен Қарасаз ауылдық округінің әкімі Н.Омаров жемқорлыққа жағдай туғызатын құқық бұзушылықтарға қайталап барғаны үшін қызметтерінен босатылды. Бұл қызметкерлердің біздің тарапымыздан қайталап ұсыныс енгізгеннен кейін қызметтерінен босатылғанын айта кеткен жөн.
Адамның құқы мен бостандығын қорғау саласындағы қызметтің пәрменділігі мәселесі облыстық аумақтық басқарма мен тәртіптік кеңестің жұмысындағы басым бағыт болып қалуда. Сыбайлас жемқорлық сипатындағы құқық бұзушылық көріністерінің жолын кесу мақсатында өткен жылы 181 семинар-кеңес өткізілді. Атап айтқанда, қараша айында біздің басқарма облыс әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасымен бірлесіп, “Мемлекеттік қызметке — мемлекеттік тілмен” тақырыбында дөңгелек үстел өткізсе, желтоқсан айында тәртіптік кеңестің бастамасымен облыстық әкімдікпен, “Нұр Отан” ХДП облыстық филиалымен, облыс прокуратурасымен, ҰҚК облыс бойынша департаментімен, қаржы полициясымен және Тараз мемлекеттік университетімен бірлесіп “Жастар жемқорлыққа қарсы” атты дөңгелек үстел шарасы өткізілді.
Қазіргі таңда облысымызда 426 мемлекеттік орган жұмыс істейді. 2009 жылдың 1 қаңтарындағы мәліметтермен салыстырғанда әкімшілік мемлекеттік лауазымдардың штаттық саны 193 бірлікке қысқарған. Іс жүзінде әкімшілік мемлекеттік қызметкерлердің саны 4986 бірлікті, саяси мемлекеттік қызметкерлер саны 158 бірлікті құрап отыр. Облыстағы саяси қызметкерлердің 3,8 пайызы, әкімшілік мемлекеттік қызметкерлердің 49 пайызы – әйелдер. Облыс бойынша мемлекеттік қызметте 25 ұлттың өкілдері жұмыс істейтін болса, олардың 93 пайызы (4782 қызметкер) — қазақтар, 3,3 пайызы (171 қызметкер) — орыстар, 3,7 пайызы (191 қызметкер) — өзге ұлт өкілдері. Бір айта кетерлігі, облыста ұлты қазақ мемлекеттік қызметшілердің саны басым болғанына қарамастан, кейбір мемлекеттік органдар әлі күнге іс жүргізуде ресми тілге көп мойын бұруда.
Агенттік алдағы уақытта мемлекеттік қызмет персоналын іріктеу, бағалау және дамыту жүйесін жетілдіру, мемлекеттік қызметті негіздеу жүйесі мен мемлекеттік қызметтегі этикалық нормалардың жемқорлыққа қарсы бағытын күшейту, мемлекеттік қызметтер көрсетудің сапасы мен қолжетімділігін арттыру сынды бағыттар бойынша жұмыстар жүргізуді жоспарлап отыр.
Әзімхан САТЫБАЛДИН, Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігінің Жамбыл облысы бойынша басқарма бастығы — тәртіптік кеңестің төрағасы.