01 Желтоқсан, 2011

Жыр жазам қаламымды нұрға малып

505 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
Дүние сұлу көрінсе Тартсаң да бәрін азаптың, Қай кезде тұнып таза ақтың? Қазақтан басқа, ағайын, Досы бар ма қазақтың.   Құдайдай сеніп жат елге, Ұрынып жүрме қатерге, Қазақтың шауып тұрғанда Кісінетіп мінген аты өрге.   Бұрын да талай таң атқан, Кетті ме ызғар қабақтан. Ұмытпа, өткен заманды, Қазақты қазақ қаматқан. Сен емес пе, ағайын, Ұлы Абайды сабатқан. Жұлқына берме, ендеше, Бабаларды егер сыйласаң, Азаттықтың асыл жолында Телегей теңіз қаны аққан. Жер салмақты болсын деп, Тауларды Алла жаратқан. Ел салмақты болсын деп, Патшаны пір ғып жаратқан.   Ойнақтай берсе тайлағың, Шаңға айналар аймағың. Сүтің егер тасыса, Төгілмей тұрмас қаймағың.   Бұзылса елдің бірлігі, Оңады деме тірлігі. Болса егер оның несі айып, Ақорда жердің кіндігі.   Бақытқа бақыт ұласып, Таулардан рухы – нұры асып, Қазақтың сұлу ажары Әлемнің көркін тұр ашып.   Теңізін кешіп азаптың, Талайын көрген ғажаптың, Дүние сұлу көрінсе, Арқасы шығар қазақтың.   Астанадағы Бауыржан ескерткіші Қамал бұзып, қайдан да өте білген, Қайран Баукең қашанда төте жүрген. Бой түзеген ескерткіш Астанада – Батырдың асқақ рухы көтерілген.   Тұла бойын толқыған нұрға малып, Сәл тыныстап жатқасын қырға барып. Астананың төрінен түрегелген Жаңа ғасыр секілді тұлғаланып. Мына қарау қоғамға ызалы ма, Кеудесінде бір дауыл тұр қамалып.   Тулап жатқан тереңін тыңдағасын, Неге менің жүрегім жырламасын. Туған елі көтерген ескерткішін Ата ерліктің білгесін шын бағасын.   Аспанымда туғанда ай нұрланып, Күрең күндер жоғалған қайғымды алып. Қай жау бізді басынсын Батыр тұлға Астанада тұрғанда айбынданып.   Батыр барда тірлікте жүрегі алып, Туған елге қарайды кім аларып. Қасиетін ерліктің білгің келсе, Бауыржанның қасына түне барып.   Алматы мен Астана Көңілімнің көзіне нұр тұнғанда, Ұран салмай тұрам ба ұлтым барда. Астанада бұтағым гүл жарады, Алматыда тамырым бұлқынғанда.   Бабалардың өр рухы қолдағанда, Аспанымды қара бұлт торлаған ба. Арқаға жұрт көше ме, Алматыға Азаттықтың ақ құсы қонбағанда.   Астананың сәуле есіп келбетінен, Еңку-еңку жер шолып ер жетілген. Айналайын алмалы Алматыда Азаттықтың бесігі тербетілген.   Қоңыр түнде туғанда ай нұрланып, Күрең күндер жоғалған қайғымды алып. Алатауы бар жандар бармаса егер, Арлы Астана тұра ма айбынданып.   Ата қазақ Ақ шағала көгінде бақ айналып, Азаттықтың таңы атқан арайланып. Бүкіл әлем көркіне көз суарған Ұлы Дала жұртына қарай қалып.   Ақ самалға айналып қырдың желі, Алатаудан еседі жырдың лебі. Болашаққа көрікті көш түзеген Іргелі елдің біріміз бұл күндері.   Бағы жанып, жұлдызы көрінгенде, Батыр тумай тұра ма көңілді елде. Қазақ талай шеге боп қағылған-ды, Дүниенің ұлтаны сөгілгенде.   Жауын қуып тасада бұғып жатқан, Қазақ талай жеңістің нұрын жаққан. Кесек атқан талайдың шөлін басып, Көңілінің өзені тұнып аққан.   Күнін текке өткізбей босқа жатып, Қосқан талай бәйгеге сөз жаратып. Ата қазақ ел болып жаралғалы Көрген емес өзге елге көз алартып.   Тарлан ашқан тағдырын мына жалған, Талқандаса қайыра құрап алған, Қазақ – ұят секілді Дүниенің Сонау арсыз бетіне тұна қалған.   Азаттықтың арайлы таңы атқалы, Қысы, жазы жайқалған абат бағы. Ата қазақ жаралған шығар, бәлкім, Ағал-жағал әлемді жаңартқалы.   Ғасырлардың шөкпеген салмағынан, Қазақ неге көз жазсын арманынан. Қатер бар ма төнетін Асқар таулар Түгел қоршап тұрғанда жан-жағынан.   Ат жалында жетілген ер қазақпын Айдарынан айбынды жыр еседі, Туған елім бақытты күн кешеді. Ақ сұңқар боп көгімде қанат қаққан Арманымның қанатын кім кеседі.   Құдай қолдап, аруақ жебегесін, Ата жұрттың кім шақсын терезесін. Сарыарқада Астана бой көтерген Өрге қарай кең жайып керегесін. Елім менің түзетіп келеді әлі, Заңдылықтың бұзылған ережесін.   Кейде шабыт қысқанда Тұлғаланып, Жыр жазам қаламымды нұрға малып. Ақордадан тұрғанда арай есіп, Жанарымда көрді ме мұң қамалып.   Адалдықтың ақ жолын таңдағалы, Сұңқар қанша түлеген самғағалы. Бәйтеректің басына шығам кейде Жер-жаһанға көз салып барлағалы.   Туған елдің көзінде күлген арай, Көктем болып еспесін гүлге қалай. Ат жалында жетілген ер қазақтың Ұлы көші жол тартқан күнге қарай.   Жұрт болса егер тағдырды ерттеп мінген, Ерлік ізі неге өшсін келбетінен. Көші түзу жол тартқан Қай елдің де Түзу болса бесігі тербетілген.   Ата заң Тамырына қан құйып құба белдің, Бағы жанбай тұра ма тұлғалы ердің. Мәртебесі қашанда биік болған Ата заңы салтанат құрған елдің.   Жанарымда көрді ме мұң қамалып, Бойға қуат жиғанда тұлғаланып. Ата заңның қозғалам арнасында, Туған елдің жүрегін нұрға малып.   Замананың нұр есіп келбетінен, Ата заңның күшімен ер жетілген. Ағыстардың заңына бағынбаған Өзен қанша жоғалған жер бетінен.   Жүре бермей арқаны кеңге беріп, Ақиқатқа жүгінсең жөнге көніп. Жұмыр жер де, ағайын, айналады, Тіршіліктің заңымен дөңгеленіп.   Шуағына бөленген Күн – киенің, Жібі неге үзілсін бұл жүйенің. Ата заңын сақтаған жұрттың бәрі Заңдылығын сақтаған дүниенің.   Алтын дәуір Жол тартқанда ақ кеме күнге қарай, Туған елдің көзінде күлген арай. Көзсіз батыр болса да ата қазақ Өзге жұртқа құл болып жүрген қалай.   Жаңа өмірдің басталып қарбаласы, Буырқанып бусанған сардаласы. Ақордадан жан-жаққа сәуле тарап, Алты алаштың жазылған жан жарасы.   Қара бұлттан арылып ел аспаны, Күркіреген жиырма жыл бел асқалы. Бұрын бұндай бақытты күн кешті ме, Ата қазақ қаз тұрып, жер басқалы.   Азаттықтың ақ самалы Жолбарысым тұрғанда шыңға атылып, Азаптасын тырнағын кім батырып. Бостандықтың ботасы боздамайды, Қайғы-мұңның торына шырматылып.   Тәуелсіздік қаққанда ақ қанатын, Жұрттың бәрі баянды бақ табатын. Суық қару асынған мына әлемде, Зауал қанша әлі де сақтанатын.   Бесігінде тербеткен құм-даланы, Дүниенің біткен бе шырғалаңы. Бостандықты көзінен көздегелі, Мылтық қанша оқталып тұрған әлі.   Боз көйлекті өмірім жырымдалып, Қай жау мені басынсын қырына алып. Ауызында оқталған мылтықтардың Тұрған жоқ па жүрегім тығындалып.   Уақыттың көзімде оты өріліп, Болашаққа келемін төте жүріп. Рухым асқақ болмасын неге менің, Рухым көкке тұрғанда көтеріліп.   Қамшы ұстаған қолына бүлдіргелі, Іргелі елдің бірімін бұл күндері. Елін жаңа белеске бастаса егер, Елбасының бар шығар бір білгені.   Атқа жегіп көрмеген жат шананы, Туған елдің тыныштық аңсағаны. Туым неге құласын Мәңгі-бақи Азаттықтың тұрса есіп ақ самалы.   Тәуелсіз ел Алтын арай ішінде гүл ырғалып, Дүр дүние барады сұлуланып. Тәуелсіз ел болғалы Қорқыныштан Көрген емес жапырақ діріл қағып.   Жоқшылықтың ішімде қасқыры ұлып, Жанарыма көрмеді жас тығылып. Тәуелсіз ел болғалы Кетілмеді Тұлпарымның тұяғы тасқа ұрылып.   Ердің неге жетпесін елге ұраны, Жауын жеңіп, жігерін жер қылғалы. Тәуелсіз ел болғалы Жігіттердің Бүтінделіп үлгерген ер-тұрманы.   Қателігін түзетіп кесірлі елдің, Бағы жанған заман бұл есіл ердің. Тәуелсіз ел болғалы Жетім өксіп, Төгілмеді көз жасы жесірлердің.   Жаңа күннің жарқылдап белесінде, Сақталатын шығармын ел есінде. Кісілікті ту етіп мен көтердім, Кісіліктің тербеліп кемесінде.   Күңіреніп күй шерткен күрең күнде, Кісі қанша бақ қуған бұл өмірде. Болашақтың қамы үшін білсең егер, Жүріп жатыр сынақтар жүрегімде.   Жүйріктерін жаратып, таң асырып, Атады ылғи даламда таң асығып. Тәуелсіз ел болғалы Ата қазақ Күллі әлемге келеді бақ асырып.   Тамыр Азаттықтың таңы атып, жаңғырғалы Қазақ жұртқа айналған қабырғалы. Терезесі теңескен қай елмен де, Жігіттерді өсіріп нар тұлғалы.   Жер-жаһанға айбынды көрінгелі, Алты алаштың бұл күнде көңілді елі. Бүршік жарған бұтаның түбінен де, Құс түлетіп, еседі өмір лебі.   Алыс қырда сағымы бұлдырлаған, Туған елдің жолында кім тұрмаған. Талай ұры заманды өткерген-ді, Көкірегінің көзінен күнді ұрлаған.   Азаматтар мінетін ат туғалы, Жүрген жоқ па барлығы бақ қуғалы. Өрісіне құландар қайта оралған Қыр төсіне мөлдіреп қақ тұнғалы.   Мұхит суы ішкенге таусыла ма, Қыран өмір мені әлі қаусыра ма. Азаматы кеуделі болған елдің Кеудесіне басынып жау шыға ма.   Өр кеуделі өжеттер туса ағында, Сексеуілдер өседі құм, шағылда. Туған жерге тамыры кеткен елдің Дауыл жұла алмайды жусанын да.   Алтын заман Шұбатылып алдында жол жатқалы, Туған елдің көп еді жоғалтқаны. Атқа мінген азамат толып жатыр Алтын заман еліме орнатқалы.   Жалғандықтың көбесі сөгілгенде, Кімнің көзі күлмеді көңілді елде. Алтын заман орнайды, Қазақ түгел Ақ боз аттың үстінен көрінгенде.   Болашаққа үңілем Қабырғалы елімді көбісі ұғып, Жарық әлем келеді төр ұсынып. Менің сардар жүрегім сескене ме, Жалғандықтың тұрса да бөрісі ұлып.   Маңайына баянды бақ таратып, Елдер қанша гүлденген ақ таңы атып. Ата қазақ азаттық алған еді, Дүниені өзіне жалт қаратып.   Анам мені туса егер айға асылып, Жетсін қалай жеріме қайғы асығып. Туған елдің кеудесі күйге толған Жұмақтардың есігі қайта ашылып.   Саумалымды біреулер іріткенде, Арынымды кім менің ірікті елде. Алтын тулы неге елге айналмаймын Алты тулы алты алаш біріккенде.   Күн күркіреп, көгінде шатырлаған, Қызығымды менің де жат ұрлаған. Қараулықтың төбесі көрінгенде, Шындығымның шынысы шатынаған.   Қанатымды жайғанда өрге керіп, Туған елім жайғасқан төрге келіп. Ұшып бара жатады болашаққа, Жанарымда дүние дөңгеленіп.   Найзағайлар ойнаса төбемде көп, Қажығанда жүгінем өлеңге кеп. Болашақтың көзіне үңілемін, Туған елді төрінен көрем бе деп.   Нұр аға Арманымның қанаты қайырылып, Аспанымда көрмеді ай құбылып. Ел басына келгенде өзге біреу Қалар ма еді тізгіннен айырылып.   Нұр-аға кеп ел-жұртын басқарғалы, Қайта қонған қазақтың қашқан бағы. Көкірегі күмбірлеп күй тартқанда, Аққуларға үн қосқан аспандағы.   Сұғын қадап бүйірден жат тұрғанда, Кім намысқа шаппаған бақ қуғанда. Неге асыл ер тумасын таққа лайық Азамат ер мінетін ат туғанда.   Тіршіліктің көз салсам жүйесіне, Асыл ерлер түседі жиі есіме. Нұр-ағаны албырап ғасыр туған Алтын тақтың айналған киесіне.   Өткел беріп тұрғасын өткелдері, Алты алаштың құтты ғой көк пен жері. Алтын тақта Нұр-аға отырғасын Ақордадан еседі көктем лебі.   Көңілімде бір аспан күркіреді, Жасыл жайлау құлпырып, қыр түледі. Нұр-ағаның арқасы шығар, бәлкім, Туған елдің көзінде күн күледі.   Рухын биік көтерген тірілердің, Бақытына ел ортақ ірілердің. Сөзі мірдің оғына айналған-ды, Айналған соң Нұр-аға піріне елдің.   Тізгінін берсе әлемнің... Ту етіп рухын жұртымның, Көкірегінен өжет от өрген, Тұтқасы сенсің ұлтымның Ғаламның жүгін көтерген.   Ұйқыға кетсем жайланып, Көремін ылғи түсімде. Жүресің нұрға айналып, Көгілдір әлем ішінде.   Қаратаудың жиып қуатын, Алатауда өскен шынарсың. Ғасырда бір-ақ туатын Ғасырдың ұлы шығарсың.   Жеткенде бұла шағыңа, Тағдырын ойлап жерімнің, Жайғастың алтын тағыңа Азаттығы болып елімнің.   Үстіңе жүгін мол артқан, Сіз барда елің еңселі. Болашаққа көшің жол тартқан Сенімнің сынбай семсері.   Кеудесінен бір жыр басталып, Құрметтейді Сізді бәрі елдің. Кетер ең еркін басқарып, Тізгінін берсе әлемнің. Рафаэль НИЯЗБЕК, Ілияс Жансүгіров атындағы сыйлықтың иегері.