03 Сәуір, 2018

Қыр қызғалдағындай қыз тағдыр

1508 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Құдайы көршім жұмалыққа шақырды. Төрге озған жас имам дастарқан басына жи­налғандарды аузына қаратып, уағыз айтып отыр. 

Қыр қызғалдағындай қыз тағдыр

«Жастар тәрбиесін бетімен жібердік. Әсіресе қыз балаға тыйым салу қатаңдығын әлсіретіп алдық. Бұрынғы ата-бабаларымыз «қызға қырық үйден тыю» деп, қыз балаларды кішкентай кү­ні­нен қатты ұстаған. Бастарына орамал байлатып, шаштары мен әуретті жер­лерін ашып жүруге тыйым салған. Жал­пы, қыз балалар мен әйел затына ер адамдар отырған жерлерге кіруге, бір дас­тарқанның басына жиналуға рұқсат етпеген...» дейді жас имам ата-баба дәстүрін қол­мен қойғандай жіліктеп. Әлеуметтік желіні ашып қалсам, қазақ тілінде акцентпен сөйлейтін, сақалы белуарына түскен кек­се имам әрі қажы бейнекамераның алдында сайрап отыр. «Әйелді сабап отыру – сауап. Денесіне қатты дақ түсірмей, он екі мүшесіне зақым келтірмей ұрғанның еш­қандай күнәсі жоқ. «Бақпасаң мал кетеді, қарамасаң қатын кетеді» деген ғой қазақ. Сондықтан баяғыда бабаларымыз қыз­дарын күйеуге бергенде «еті сенікі, сүйегі менікі» деп береді екен», дейді қауға сақал уа­ғызшы. Жалған!

Қазақ халқы ешқашан қыз баланы кемсітіп көрген емес. Керісінше, баланың алды қыз бол­са, «қыз – елдің ырысы» деп қуанған, «қыз бала – қонақ» деп әке шаңырағында қатты құрметтеген, жақсыны кигізген, дәм­діні жегізген, жорғаны мінгізген. Қыз балаға дауыс көтеру еркектер тарапынан көргенсіздік болып саналған. Әкесі қызын гүлдей аяласа, ағасы қарындасының, бауы­­ры әпкесінің «жатжұрттық» тағдырын құр­меттеп, қимасындай қадірлеген.

Қазақ қыздарын қол жетпес қиянға теңеген. Сондықтан да қыз баланы айға балап, есімдерін – Айман, Айсұлу, Жұлдызға ұқсатып – Шолпан, жұлдызай, күндей аялап – Күнсұлу қойған. Әйел затына тән табиғи нәзіктікті құдірет дарытқан қасиеттей қабылдап, әсемдік пен әдеміліктің үлгісі тұтқан. Ата-аналарының үкілеген үміттеріне айналған Құралай, Гүлдерай, Әсемайлар соның айғағы. Қазақ қызын ешқашан босағаға отырғызбаған. Қыз төсегі оң жақ­та­ғы төрге төселетін болған. «Оң жақта отыр­ған қыз» атты ұлағат та содан қалған.

Әдептіліктің, әдеміліктің, әсемдіктің символы болған қыздарымыз ешқашан бастарына орамал тартып, бет-жүзін шүберекпен тұмшаламаған. Қайта қос бұрым болып өрілген қолаң шаштарын төгілтіп, үкілі тақия киген. Мың бұралған бұрымдарына таққан шолпыларын сыңғырлатып, кәмшат бөрік жарастырған. Сүмбіл шаштарға тағылған шолпы сыңғырын ақындар жырларына арқау етсе, тақия төбесінде үлпілдеген үкілерге сүйсінген әншілер «Үкілім-айларын» құйқылжытқан. Осындай әсемдік салтанатын қара орамалмен тұмшалау атам қазақтың дәстүрінде де, дінінде де, ділінде де болған емес. «Дүмше молда дін бұзар» дегендей, ендеше уағыз айтқыш имамсымақтар ұлттық дәстүрімізді тәрк етіп, дінге ұйыған қыздарымызға қара орамал байлату үшін неге барын салып жүр?

Ұзатылып келген жас келінге енесі ақ ора­мал тартып, ақ босағаны аттатқан. Содан бастап қазақ келіндері ақ орамал байлап жүретін болған. Қазақ әйелдері ешқашан қара орамал тартып, қара көйлек кимеген. Қара орамал тарту – қосағынан айырылып, қара жамылудың белгісі. Сөз реті келген­де айта кететін мәселе, қазақ әйелдері «кү­йеу­демін» («замужем») деп айтпайды, «тұрмыстамын» дейді. Яғни от анасы, отау ұйытқысы, шаңырақ киесі екенін паш ете­ді. Ендеше от анасына, шаңырақ киесіне қол көтеру үлкен күнә болып табылады. Жал­пы, қазақ ұлты әйелге қол көтерген еркекті кем санап, ездікке балаған. Бүгінде ұлттық дәстүр, қазақи болмысымыздың өңін аударып, шариғат шымылдығын жамылып, қазақ қыздарын жат ағымға тартып, қазақ әйелдерін кемсітуді көксеген «дін­дарлардың» діттегені не? Ол – әйел қауы­мының санасын улап, дін арқылы тұқырту, білімсіздікке, қараңғылыққа тарту. Түптің-түбінде қоғамдағы әйелдер құқығын төмендету арқылы көп әйел алуға жол ашатын ортағасырлық дәстүрді жаңғырту.

Өкінішке қарай, қазіргі кезеңде қасиетті діні­мізге ден қойған кейбір қыздарымыз осындай дүмшелік шырмауына шырматылып, жат ағымның шашбауын көтеріп жүр. Олар діндар күйеулердің дегеніне көніп, өркениеттілік игіліктерді тәрк еткен. Дүниетанымдарын кеңейтуге талпынбайды, білім алуға ұмтылмайды, теледидар көрмейді. Бірте-бірте қараңғылық құрсауына түседі. Ал білімсіз анадан білімсіз ұрпақ өрбиді. Мұның арты надандыққа ұрындырады. Бұл – ұлтымыздың болашағына қатер.

Біз еліктегіш халықпыз ғой. Дүниенің дүр­мегіне тез-ақ бейімделеміз. Талайлардың таңсығын талғамай қабылдап, басымыз тасқа соғылған кездеріміз де аз емес. Са­на­мыз босай салысымен жаппай дінге ден қойдық. Әсіресе жастарымыздың қар­қыны қатты. Әрине имандылықты ту етіп, мұсылмандықтың дәс­түрлі хақ жолына түссе, құба-құп. Кеңестік идео­логиядан боса­ған кеңістігімізді кедергісіз жаулаған діни ағымдардың қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс?! Елбасы «Сындарлы он жыл» атты ең­бегінде «Екі нәрседен – діни дүмшелік пен діни фанатизмнен сақтану керек» деп ай­рықша атап көрсетті. Сондықтан әрбір отбасы ұл-қыздарының абайсызда адасып кетпеуін қадағаласа, таным-түсінігінің дұрыстығына кепілдік беретіндей тәрбиелесе дейміз.

Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»