Жалпы, аудан құрылып, қала салынғанға дейін де бұл жұрт осы өңірді Сарыағаш деп атап келген. Оның себебі, баяғыда мұнда тасқа айналған ағаштар көп еді дейтін жергілікті қариялар. Әсіресе Ташкент-Орынбор теміржолының бойындағы Шеңгелді бекетінің маңында ондай ағаштар күні кешеге дейін шашылып жататын. Міне соларды ел сарыағаш деп атаушы еді.
Қазіргі Сарыағаш қаласы мен әлгі Шеңгелді бекетінің арасы шамамен жетпіс шақырымдай жол. Егер біз айтып отырған сарыағаштарды көрмек болып сапарға шыға қалсаңыз, аталмыш бекетке жеті-сегіз шақырымдай қалғанда оң қол жақтағы биік жоталарға қарай бұрылыңыз. Әй, бірақ... қазір оларды өз бетіңізше тауып, көріп қайтатыныңызға өз басым үлкен күмәнмен қараймын. Себебі осыдан қырық-елу жыл бұрын дауылдан кейінгі ормандай құлап, шашылып жататын сарыағаштарды соңғы жылдары жекеменшік құрылыстарға пайдалану үшін жан-жақтағы ел тып-типыл қып теріп әкетіп жатыр.
Біз де осыдан біраз жыл бұрынғы сапарымызда Шеңгелді бекетіне барып, ондағы Ақылбек, Майсатай ағаларымызға әлгі ағаштарды көрсетіңізші деп өтініш жасауға мәжбүр болғанбыз. Сөйтіп жаңағы жоталардың басына бірге көтерілгенімізде, шынын айтайық, олардың өзі де алғашқыда алаңдап, «апыр-ай, сол ағаштар бұл күнде бар ма екен, жоқ па екен» деп қауіптене бастаған-ды.
Әйтсе де біраз жер жүрген соң, ұзынынан сұлап, сынып жатқан тас ағаштардың бір-екеуін таптық. Олардың бойы, шамамен, оншақты метрдей болады. Тап бір үй құрылысына әдейі арнап жонылған тас бөренелер секілді. «Япыр-ай, бұл ағаштардың мына жерде жатқанына қаншама жыл болды екен?» дейсіз іштей таңғалып. Себебі ағаш тасқа айналуы үшін арада жүздеген жылдар өтуі керек емес пе.
– Ілгеріде мұндай сарыағаштар өте көп еді, – дейді Ақылбек аға. – Бала күнімізде бұлардың өзегінен су тамшылап жататын. Одан бері елу-алпыс жыл өтті ғой. Бізден бұрынғы ақсақалдардың айтуына қарағанда, 1924 жылы археологтар осы жерден бір сарыағашты Санк-Петербургтегі Эрмитажға алып кеткен көрінеді. Сонсоң, тағы бір есіме түсіп отырған қызық жайт – баяғыда мұнда жылан көп еді. Олардың басында шоғы, яки шашы болатын. Сол жыландар осы сарыағаштарды қорып, күзетіп жүретін сияқты көрінуші еді. Сондықтан бейсауыт жүрген адамдар мұнда келуге қорқатын. Кейін жыландар басқа жаққа ауып кетті. Қалай десеңіз де, бұл – әулиелі жер ғой.
Шындығында, ағаш атаулының бәрі бірдей тасқа айнала бермейтіні анық. Көбіне адам аяғы баспаған қиыр шетте, иә болмаса, шырқау биікте өсетін ағаштар ғана мың-миллион жылдан соң барып тасқа айналатын болса керек.
Ал мынау жер аса биік емес. Ауылдың маңы. Оның үстіне, көне-е-е замандардағы Ұлы Жібек жолының бойы.
– 1957-58 жылдары біз бастауыш сыныпта оқитынбыз, сол кезде Еркебай Бүрлібаев деген тарихшы ағайымыз арнайы экскурсия ұйымдастырып, мектеп оқушыларын осында алып келетін, – дейді Майсатай ағамыз. – Ол кезде, Ақылбек көкем айтқандай, мұндай сарыағаштар көп еді. Енді міне... екеуі ғана қалыпты ғой. Обал-ай! Өстіп жүріп бұдан да айырылып қалмасақ болғаны да...
Бұл әрине, айдай ақиқат. Кім білсін, біз бәлкім, Ұлы Жібек жолының бойындағы ең соңғы сарыағаштарды көріп тұрған болармыз. Оларды сақтап қалу – бүгінгі ұрпаққа парыз еді ғой. Себебі шығыстан батысқа қарай созылып жатқан сол баяғы керуен жолының бойындағы ел бұл жерді киелі деп қадірлеп, кейінгі ұрпаққа аманат етіп кетті емес пе. Тіпті осынау аудан атауының заттық этимологиясы ретінде болса да оларды Сарыағаш қаласындағы ескерткіштердің қатарына қосу қажет еді ғой. Амал қанша...
Әлі де болса, Шеңгелді бекетінің маңындағы жотаның биігінде жатқан ең соңғы екі сарыағаштың біреуін Сарыағаш қаласының орталығына, ал екіншісін өзерінің мың жылдық мекені болған маң даладағы асфальт жолдың бойына ескерткіш етіп орнатсақ, мына өңірге ат басын бұрған қонақтар арнайы барып, қызығып тамашалайтындай тарихи ескерткішке айналар еді-ау, шіркін!..
Нұрғали ОРАЗ,
«Егемен Қазақстан»