Сапар мақсаты Мемлекет басшысының бес әлеуметтік бастамасын халыққа түсіндіруге арналды. Сенаторлар облыстағы қалалар мен шалғай ауылдарға барып, еңбек ұжымдарымен, ауыл еңбеккерлерімен және студенттермен кездесуді жоспарлап отыр.
Депутаттар бүгін облыс әкімі Ерлан Қошановпен кездесті. Аймақ басшысы Сенат депутаттарымен кездесуде Елбасының бес әлеуметтік бастамасын түсіндіру жөнінде жергілікті ақпараттық топтардың жұмысы туралы айтты.
– Парламент депутаттарымен кездесулер біздің Мемлекет басшысының бастамаларына терең үңілуге мүмкіндік береді, - деді облыс әкімі. Бұл бастамалар қарағандылықтарға өте маңызды. Ол ең бірінші Қызылорда-Жезқазған-Қарағанды-Теміртау-Астана бағыты бойынша салынатын «Сарыарқа» газ құбырының құрылысы болып отыр. Бұл құбыр біздің облыс тұрғындарының үштен екісінің өмірін жақсартатын болады. Ол дегеніміз – миллионға жуық адам.
Георгий Ким бес әлеуметтік бастаманы іске асыру жөніндегі ауқымды жұмыстар алда тұрғанын хабарлады.
– Мемлекет Президенттің бес әлеуметтік бастамасын іске асыру үшін база жасауда. Бүгін біз барлық ұсыныстарды ескеру үшін жағдайды білуге Қарағанды облысына келіп отырмыз, - деді комитет басшысы.
Бүгін cенаторлар Георгий Ким мен Владимир Волков Е.Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде болып, профессорлық-оқытушылар құрамымен, студенттермен, магистранттармен және докторанттармен кездесті. Шара барысында депутаттар Президент бастамалары, әсіресе жастарға зор мүмкіндіктер беретінін атап өтті. Г. Ким мен В. Волков Мемлекет басшысының жоғарғы білім беру жүйесін жаңғыртуға бағытталған тапсырмаларына егжей-тегжейлі тоқталды. Сенаторлар студент жатақханаларында тұру жағдайына, жоғары оқу орындарында оқу үшін мемлекеттік гранттарын бөлу және түлектерді жұмысқа орналастыру мәселелеріне баса назар аударды. Сенатор В. Волков өз сөзінде әр отбасына тұрғын үй сатып алуға арналған тұрғын үй ипотекасының шарттарын жеңілдету жөніндегі президенттік бастамалардың маңызды рөлін атап өтті.