Аймақтар • 03 Сәуір, 2018

Қызылордада балықшылар «Сыр суы маржаны» атты заңды тұлғалар қауымдастығын құрды

312 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қызылорда облысының балық өсірушілері мен балық шаруашылығы құрылымдары бірлесіп «Сыр суы маржаны» заңды тұлғалар қауымдастығын құрды.

Қызылордада балықшылар «Сыр суы маржаны» атты заңды тұлғалар қауымдастығын құрды

Облыстық кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі таратқан ақпаратта қауымдастықтың негізгі мақсаты - қауымдастық мүшелерінің мүддесін таныту және қорғау екендігі айтылады.

- Осы уақытқа дейін балық шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлер мәселелерін әрқайсысы өз бетінше шешіп келді. Себебі, бастарын біріктіретін арнайы ұйым болмады. Сол себепті бұл азаматтардың проблемаларын шешуде қиындықтар болды. Құрылған қауымдастық алдағы уақытта аталмыш саладағы жүйелі мәселелерді жедел әрі сапалы шешуге мүмкіндік береді деген сенімдеміз, - деді облыстық кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Алма Пірманова.

Облыстық кәсіпкерлер палатасы балық шаруашылығына байланысты түрлі іс-шаралар ұйымдастырып келеді. Биыл ақпан-наурыз айларында бірнеше рет «Балық шаруашылығын дамытудың проблемалары мен мүмкіндіктері» тақырыбында теориялық семинар-тренингтер өткізді. Семинар-тренингте балық шаруашылығы нысандарының түрлерімен таныстыру, көлдік-тауарлы балық шаруашылығының ерекшеліктері, балық өсіру, тамақтандыру, күтім жасау жолдары және облыста осы саланы дамыту мүмкіншіліктеріне қатысты мәселелер талқыланды.

Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»