Аймақтар • 03 Сәуір, 2018

Сырдариядағы мұз көшкіні Арал теңізіне жетті

487 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бұл туралы облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасы басшысы Серік Сермағамбетов мәлім етті.

Сырдариядағы мұз көшкіні Арал теңізіне жетті

Басқарма басшысының айтуынша, көбесі сөгілген сеңнің жүру қашықтығы 1 мың 274 шақырымды құрады. Сала мамандарының мәліметінше, мол су Аралға құяр сағасындағы Ақлақ тоспасынан еш кедергісіз өткен. Құрылымдардың өзара іс-қимылы нәтижесінде ірі табиғи апаттар мен адам шығыны және зардап шегу жәйттарына жол берілмеді. Қазіргі таңда өзен бойы толықтай мұздан тазартылып, секундына 160 текше метр су қабылдап тұр.

- Ешқандайда төтенше жағдай туындауы мүмкін емес деп толықтай айтуға болады. Алдағы уақытта кейбір бұзылған қорғаныс бөгеттері болса, гидротехникалық құрылғыларды жөндеу қажет ететін жерлердің бәрін анықтау жұмыстары жүргізілуде. Тиісті жоба сметалық құжаттар дайындап, алдағы уақыттағы қаржыландыру жұмыстары бойынша жұмыстар жүргізілуде., - деді С. Сермағамбетов.

Наурыздың соңғы күндері Қазалы ауданындағы Ә.Тыныбаев атындағы Қазалы су торабының деңгейі көтеріліп, дария бойындағы қорғаныс бөгеттеріне қауіп төндірген болатын. Кептелген мұз салдарынан бөгетті су шайды. Соның салдарынан «Шағала» лагерін маңына су жайылған.

Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан».