Осынша байлық қалай игерілді, Елбасының тәуекелі қалайша жүзеге асты? Өткен тарихқа назар аударсақ, Теңіз кен орны өз бастауын 1979 жылғы желтоқсан айындағы №1 ұңғыдан фонтан атқылауынан алады. Ал 1986 жылы Теңізде Королевск кен орнының ашылуы оның маңызын арттыра түседі. Дегенмен жаңа Теңіз кенішін игеруге алып КСРО-ның да қаржысы жетпеген. Оны «Қазақстан жолы» еңбегінде Н.Назарбаев «Сол уақыттың өзінде Теңізде жыл сайын шамамен 3 миллион тонна мұнай өндіретін 60-қа жуық ұңғы жұмыс істеді. Өнім көлемін 15 есе арттырудың мүмкіндігі болды, тек ол үшін орасан қаржы мен инновациялық технологияны пайдалану қажет еді. Сол кезеңде Мәскеуде олардың бірі де болмады, сондықтан КОКП Орталық Комитеті шетелдік инвесторларды тарту туралы оймен келісуге мәжбүр болды.
Мәселе тек кімді тарту керектігіне тірелді. Барлық ұсынылған инвесторлардың арасында жапондар, ағылшындар мен италиялықтар болатын» деп тарқата түскен-ді. Сол кезеңде шетелдік инвесторларды тартумен қатар кен орнын игеретін тәжірибелі маман кадрларды тарту маңызды мәселеге айналды. Ол 1985-1990 жылдары Гурьев облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болған А.Құлыбаевқа жүктелген болатын. Оның басшылығымен алдымен кен орнына жастарды тарту мәселесі қолға алынады. Нәтижесінде Теңіз кеніші мен Құлсары поселкесі құрылысын жандандыруға шетел және жергілікті жастар кеңірек тартылады. Бір ғана Венгриядан 3 мың адам Теңізмұнайгазға келді. Дегенмен облыс басшылығын жергілікті жастардың мұнай-газ саласына еңбекке араласып, тұрақтап қалуы қатты алаңдатқан. Сондықтан А.Құлыбаев 1987 жылдың аяғында ЛКЖО Гурьев облыстық комитетінің бірінші хатшысы И.Тасмағамбетовке Гурьев қаласы мен Құлсары поселкесінде халықаралық деңгейде «Теңіз достарды қарсы алады» атты халықаралық фестиваль ұйымдастыруды тапсырады. Қорытындысында Гурьев облысының жастары Орталық комитетке Гурьев қаласында фестиваль өткізуге ұсыныс жасайды.
1988 жылы 13 қаңтарда Гурьев облысы партия комитетінің бірінші хатшысы А.Құлыбаев партия комитетінің бюро отырысында «фестивальға РСФСР, Украина, Әзербайжан, Түрікменстан, Татар, Башқұрт автономиялы республикаларынан, Астрахань, Волгоград, Ақтөбе, Орал, Маңғышылақ облыстарынан, Түмен қаласынан, Болгария, Венгрия, ГДР, Чехославакиядан жастар шақырылады. Шарада еңбек ұжымдарымен, облыс жастарымен кездесулер, кештер, диспуттар, Жайық жағалауында спорттық сайыстар, ойын-сауықтар, ән-күй ұжымдарының концерттері өткізіледі. Мұның барлығы үлкен дайындықты қажет етеді. Ең бастысы мәдени-ағарту кешендерін, спорт алаңдарын ретке келтіріп, жаңа кешендер салынуы қажет» деген шешім шығарып, ұйымдастыру комитетін бекітеді.
Фестиваль 1988 жылы 9 маусымда КСРО мен әлемнің түкпір-түкпірінен келген 1500 адамның, оған қоса жергілікті мыңдаған гурьевтік жастардың қатысуымен басталды. Облыс жастарының көшбасшысы И.Тасмағамбетовтің қолына гитарасын алып Булат Окуджаваның «Виноградную косточку в теплую землю зарою» өлеңін шырқауы, оған барша фестивальға қатысушылардың қосылуы ерекше құбылыс болды, Теңіз кенішіне достарын шақырған жастықтың үні болып естілді. 11 маусымда жабылған фестивальға көп ұзамай-ақ «Фестиваль облыс, республиканың өміріндегі маңызды оқиға болды, ол қоғамдық ұйымдардың назарын аудартты, жастардың қоғамдық-саяси өмірдегі белсенділігін арттырды, олармен жұмыс жасаудың әдістерін жетілдірді және КСРО-дағы мұнайлы аймақтардағы жастардың өзара қарым-қатынастарын арттыруға жағдай жасады» деген жоғары баға берілді. Расында да фестиваль жастардың Теңіз кен орнына келуіне жол ашты, әлемнің назарын аударды. Дегенмен ол үлкен мақсаттың бір бағыты ғана болатын. Ендігі үлкен мәселе – оны игеруге тәжірибелі әрі қаржылы инвестор тарту еді.
Ол турасында Елбасының тапсырмасымен осы маңызды мемлекеттік істің басы-қасында болған Р.Шырдабаев «1980 жылдың соңында Теңіз бен Королевскіні игеру үшін КСРО үкіметі америкалық Шеврон компаниясымен келіссөзді бастаған-ды» деп еске алады. Кеңестік билік сол кезеңде бірлескен «Совшевройл» компаниясын құруға ұмылған. 1990 жылы маусымда КСРО президенті М.Горбачев АҚШ-қа сапары барысында Шеврон компаниясымен Теңіз кен орнында барлау және игеру мәселесін көтерсе, шілде айының аяғында АҚШ-қа барған Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев Шеврон басшылығымен Сан-Франциско қаласында келіссөз жүргізіп, компаниямен жеке танысады. Көп ұзамай М.Горбачев пен Н.Назарбаев америкалық тараппен болған кезекті кездесу кезінде Теңіз кен орнын игеру үшін бірлескен кәсіпорын құруды, оны Қазақстанның астанасы Алматыда тіркеу туралы ұсыныс жасайды. Елбасы ел ертеңі үшін маңызды осы бір ұсынысты жасап қана қоймай, оның Қазақстанда жүзеге асу заңдылығын дәлелдеп береді.
Елге оралған Н.Назарбаев Теңіз кен орнына қатысты маңызды мәселелерді шешуге батыл кіріседі.
1990 жылы 11 қыркүйекте Гурьевте Теңіз кенішін игеруге қатысты арнайы штаб құрылып, төрағалығына Р.Шырдабаев, орынбасарлығына Ембі аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары М.Нұрғалиев енгізіледі. 1991 жылы 6 наурызда өткен Гурьев облысы халық депутаттары кеңесі «1989 жылы одақтық және республикалық министрліктер мен ведомстволардың Теңіз кенішіне назар аударуы төмендеді, жұмыстар баяулады, адамдарда сенімсіздік пайда болды, маман құрылысшылардың тұрақтамауы артты. 1989-1990 жылдары Теңіз аймағынан 4000 адам кетіп қалды» дей келе, қалыптасқан жағдайды тез арада түзету жолдарын қарастыра бастайды.
Оның бір мүмкіндігі ретінде 1991 жылы 4 қыркүйекте Гурьев облысы халық депутаттары кеңесі Шевронмен тәжірибе алмасуды ұсынады. Нәтижесінде Шеврон фирмасының шақыруымен Индонезияға гурьевтік мамандарды жіберу мәселесі шешіледі. 1991 жылы 27 қарашада Гурьев облыстық халық депутаттары кеңесі «Теңізшевройл» бірлескен компаниясын құрудың соңғы дайындық сатысына сәйкес «Уақытша жұмыс топтарын құру туралы» қаулы қабылдап, «облыс және республика мүддесі аясына жауап беретін» геологиялық барлау, өндіру, ұңғылар құрылысы және кен орындарын жобалау, энергиямен қамтамасыз ету және өзге маңызды мәселелер бойынша қаражаттарды тиімді пайдалану және талдау» қажеттігіне басты назар аударады. Мұның барлығы Мәскеудің небір қитұрқы саясатына қарамастан жүзеге асып жатты.
Мұнай саласындағы Қазақстан-АҚШ әріптестігі ел тәуелсіздігімен ғана толыққанды жүзеге асырылды. 1991 жылы 17 желтоқсанда Алматыда АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Джеймс Бейкермен кездесу болса, 25 желтоқсанда АҚШ Қазақстанды тәуелсіз республика ретінде таныды. Араға уақыт сала, 1992 жылдың мамыр айында Н.Назарбаев Шеврон компаниясымен бірлескен кәсіпорын ашу туралы келісімге қол қойып, тәуелсіз ел Президенті ретінде АҚШ-қа ресми сапармен барады. Сонымен үшінші жақсыз мұнай бағытындағы алғашқы келіссөздер басталады. Бұл сәтте бар жауапкершілікті Елбасы өзі арқалады. Өйткені мұндай халықаралық ірі келісімдер бұрын-соңды қазақ тарихында болмаған-ды.
Сонымен 1993 жылы 6 сәуірде Н.Назарбаев Шеврон корпорациясының басқарма төрағасы және әкімші-директоры Кеннет Т.Деррмен «Ғасыр келісімі» атауымен тарихқа енген тарихи құжатқа қол қояды. Президент қол қою барысында «Бүгін Қазақстан экономикасы үшін де және Шеврон үшін де тарихи күн. Республика ірі күрделі қаржыларды іс жүзінде тарту үстінде және осы арқылы әлемдік бизнеске онымен өзара пайда негізінде жұмыс істеу жөніндегі өзінің шын ниеті туралы мәлімдейді» деп атап өтті. Тарихи келісімшарт үстінде Н.Назарбаев «Біздің мемлекетіміз осыншалықты ірі жобаны ақырына дейін жеткізуге қабілетті болып шықты.
Бүгінгі күн Қазақстанға деген сенім деңгейін тағы бір дәрежеге көтерді. Республика іс жүзінде ірі күрделі қаржыны тартуда және осы арқылы дүниежүзілік бизнеске олармен өзара тиімділік негізінде жұмыс істемекке байсалды ниеті барын мәлімдейді. Тек несиелер ғана емес, бастысы – инвестициялар, міне, біздің басым бағытымыз», деп алдымыздағы мақсат-міндеттерді ашып көрсетті. Елбасы әу бастан-ақ қоршаған ортаны қорғау, экологиялық жағдайды жақсарту мәселелеріне айрықша назар аударып, оны қатаң бақылауда ұстауды талап еткен. Тарихи кездесу барысында «Біздің ең басты талабымыз, ол еңбек етушілердің және халықтың денсаулығын, өлке табиғатын сақтау» дей келе, оның болашақ үшін маңыздылығын ескертеді.
Бірлескен компания тарихы Елбасының қай уақытта да, қандай мәселеде де ұлт мүддесін жоғары қойғанын анық дәлелдеді. Елбасы бірде АҚШ президенті Дж. Бушпен Шеврон компаниясының болашағы туралы келіссөздер барысында «Егер Қазақстан мүддесі тіреліп тұрса, мен ол мәселені неге жетік білмеуім керек? Квота жөнінде дауласып қалдық. Шеврон түсімнің 35 процентін алғысы келді. Мен оны 19 процентке дейін төмендетуге мәжбүр еттім», деп жазды. Қазақстан және АҚШ президенттерінің жоғары дәрежедегі кездесулері қай кезеңде де елдің саяси, әлеуметтік-экономикалық дамуына оң ықпал жасады. Аса ірі мұнай кенішін дамыту арқылы ел мүддесін көздеген Н.Назарбаев жоспарын АҚШ та сезіне білді. 1993 жылы 30 маусымда АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі У.К.Кортни АҚШ сенаторы Ричард Лугардың Қазақстан дамуына жоғары баға берген сөзінің арнайы нұсқасын әкеліп тапсырған. Шевронмен бірлескен жұмыстарды өз көзімен көрген сенатор «Қазақстан – дамуы жағынан ең үлкен үміт туғызатын елдердің бірі. Қазақстандықтар прагматизмге бейімделген, тату-тәтті ұлттық қатынастарымен белгілі. Демократия мен нарық экономикасы жолында да маңызды қадамдар жасады» деген пікірін білдіреді (Н.Назарбаев, «Ғасырлар тоғысында»).
«Ғасыр келісіміне» қол қойылғаннан кейін Н.Назарбаев 1993 жылы 2 рет – 10 тамыз, 10-11 қазан айларында Атырау облысына келіп, мұнайлы өлкені аралап, Теңіз кенішінің басшыларымен арнайы кездесті. Көп ұзамай Президент «Ұлтаралық бірлік пен экономикалық егемендік – біздің ілгерілеуіміздің басты да сенімді негізі» атты мақаласын жариялап, өз ойларымен еш бүкпесіз қалың көпшілікпен бөліседі. Мақаласында әлемдік даму барысында халықаралық ынтымақтастықтың аса қажеттігін аша отыра, «Қазақстан қазір 12 несие желілеріне ие болып отыр. Бұлар бойынша елімізге арнайы келіссөз жүргізбей-ақ тиімді жобаларға несие беріліп отыр. Осы қаржылардың есебінен, атап айтқанда, дүниежүзілік кластағы валюта әкелетін бірқатар мейманханалардың және тамақ индустриясы кәсіпорындарының құрылысы басталды.
Шеврон (АҚШ), Эльф Акитен (Франция), Бритиш газ (Англия) және Аджип (Италия) компаниялары мен мұнай және газ өндіру жөніндегі шарттар орасан зор экономикалық, соның ішінде қаржы болашағын ашады. Теңіз жобасының өзін ғана жүзеге асыру отыз миллиард долларға түседі. Мұны біз өзімізден таба алмас едік. Қазір Қазақстан мұнай өндіру үшін жыл сайынғы ақы ретінде екі мыңыншы жылға дейін екі миллиардтан астам доллар алатын болады. Барлығын қосқанда қырық жылдың ішінде 80 миллиардтай болады», деп халықаралық келісімнің тәуелсіз еліміз үшін әкелетін пайдасын дәлелдеп береді. Расында да көп ұзамай Атырау облысында әлеуметтік бағдарламаларды шешуге бағытталған «Атырау Бонус Қоры» жобасы жүзеге асырылды. Оны іске асыруға 5 жылда 50 млн АҚШ долларын салу көзделеді. Нәтижесінде 1993 жылғы Құлсары кентіндегі су тасқынынан зардап шеккен жергілікті тұрғындарға көмек қолы созылады, Атырауда автоматтандырылған қазандықтың және Редут кентінен бастап қаланың қазандығына дейін жететін, қаланы және оның маңындағы кенттерді газбен қамтамасыз етуге қуаты жететін магистральды газ құбырының құрылысы да басталады. Олар «Ғасыр келісімінің» іс жүзіне аса бастағанын айғақтады.
Осының барлығы Елбасының ұлтжандылығымен әрі саясаткерлігімен оңтайлы шешімін тауып отырғанын атап өту қажет. Нәтижесінде «Теңізшевройл» бірлескен кәсіпорнының салмақты қадамдары тәуелсіздік алған жылдарымызда Қазақстанның іргесінің бекуіне қызмет жасады, нарықтық экономиканың дамуына, әлеуметтік мәселелердің шешілуіне жол ашты, қазақ мұнайы мен газын әлем нарығына шығарды, ұлттық мұнайшы мамандардың бәсекелестікке қабілеттілігін қалыптастырды. Сондықтан да «Теңізшевройл» әлемдік қауымдастықта келешегі кемел, сенімді серіктес ретінде танылды және Елбасының көрегендігін дәлелдеді. Осының нәтижесінде ел экономикасына шетелдік инвестициялар ағылды, ірі халықаралық жобалар қолға алынды, бір ғана Теңізшевройл 1993-2015 жылдары Қазақстан экономикасына 112 миллиард АҚШ долларын салды. Мұның өзі Елбасының 1993 жылғы «Ғасыр келісіміне» қойған талаптарының толық орындалғанын айғақтайды.
Әбілсейіт МҰҚТАР,
тарих ғылымдарының докторы, профессор, Атырау облысы мемлекеттік архивінің басшысы