Бұл түзеу мекемесі – аумағында балалар үйі орналасқан Қазақстандағы қылмыстық-атқару жүйесіндегі жалғыз мекеме болып табылады. Бас бостандығынан айыру орындарында жас балалардың болуы бүгінде қоғамдық пікірталастың тақырыбы болып отыр. Аталған сапар осы жайтқа қатысты мәселелерді зерделеу мақсатында ұйымдастырылды. Бұл орайда балалар үйін түрме аумағынан шығару, сондай-ақ жүкті әйелдерге және кішкентай балалары бар әйелдерге жазасын кейінге шегеруді қамтамасыз ету жөнінде ұсыныстар берілді.
Мекемедегі сотталған аналармен және әкімшілік қызметкерлерімен өткізілген әңгімелесулер ананың баласынан ажырауы біржолата теріс салдарға әкелуі мүмкін деген көзқарасты растады. Себебі табиғи және қажетті тұрақты байланыс анаға жан-жақты оң әсерін тигізеді және баланың толыққанды дамуы үшін қажетті алғышарттар жасайды.
Бостандығынан айырылған әйелдің өтініші туралы БҰҰ-ның жалпыға бірдей танылған стандарттарына сәйкес (Н.Манделаның ережесі және Бангкоктік ереже) баланы түрмеде ата-анасының бірімен бірге қалдыру туралы шешім баланың мүдделеріне негізделуі тиіс.
Шетелдердің тиісті тәжірибесін талдау нәтижесі бас бостандығынан айыру орындарында ана мен перзентінің қарым-қатынасын бала белгілі бір жасқа толғанға дейін олардың бірлесе өмір сүруін қамтамасыз ету қажеттігін көрсетеді. Сондай-ақ бұл тұрғыда баланың жалпы дамуына және оның әлеуметтенуіне қатысты бірқатар мәселелерді, атап айтқанда әкесі мен басқа жақын туыстарына баланы анасының келісімімен мекемеден белгілі бір мерзімге алып тұру құқығын беру мәселелерін қарастыру жөн екендігі айтылуда.
Жүкті әйелдер мен кішкентай балалары бар әйелдерге жазасын өтеуін шегеруді қолдану бөлігінде, қолда бар мән-жайларды жан-жақты ескере отырып, әрбір жағдайға байланысты жеке көзқарас қажет. Ал Қылмыстық кодекстің 74-бабына сәйкес, қолданыстағы халықаралық тәжірибеге ұқсас, бұл шаралар сотталғандарға ауыр немесе аса ауыр қылмыстар үшін қолданылмайды.
Жоғарыда айтылған мәселелер негізінде уәкілетті мемлекеттік органдарға жіберілетін бірқатар ұсыныстар әзірленді.