Мысалы, Майгүл Сұлтанның «Ойыншыққа да ойлы көзқарас керек» (№26, 7 ақпан, 2018 жыл) деген мақаласы талайымыздың көкейіміздегі ойды дөп басты. Автор айтулы мәселенің қалтарыс-бұлтарысына үңіле отырып жазған толғанысына біз де өз үнімізді қоссақ деп бекіндік. Ұрпақ тәрбиесінде ойыншықтардың қаншалықты рөл атқаратынын журналист майын тамыза жазыпты. Осы орайда мақалада көтерілген ұлттық ойыншықтар біздің ауылымызда да бар екенін мақтанышпен жеткізбекке қолға қалам алдық.
Өткен жылдың күзінде Шығыс Қазақстандағы Мақаншы өңірінің Қарабұта ауылында «Туған жерге туыңды тік» атты жерлестер форумы өткен болатын. Ондағы мақсат алыста жүрген ауылдастардың туған өңірлерімен байланысын нығайтып, елжанды азаматтарды ауылдың көркеюіне үлес қосуға шақыру еді. Алыста жүрген ауылдастардың туған топырақта мешіт салып, саябақтарды жөндеп, еңбек ардагерлері мен аналар құрметіне ескерткіштер орнату сияқты үрдісі бұрыннан бар болатын. Бұл жолы да жомарт жерлестеріміз «Ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына қолыңнан келгенше қолдау жаса» деген үндеуін жерге қалдырған жоқ. Сөйтіп ауылдағы «Нұр шуақ» балабақшасы ерекше үлгідегі ұлттық ойыншықтармен қамтылып, емханаға теледидар жеткізілді.
Қарабұта ауылының қарадомалақтарына Совет Шөшеков пен Серік Иса есімді кәсіпкерлер сыйлаған заманауи үлгідегі ұлттық ойыншықтар мақалада айтылған «Жеті өнер.kz» компаниясының өнімдері екен. «Керемет үй», «Керемет домбыра», «Мағыналы оюлар» деп аталатын топтамалар тек ойын құралы ғана емес, бала санасын ұлттық бағытта дамытып, бауырмалдыққа баулитын тәрбие құралы екеніне көзіміз жетіп отыр. Ойыншықтардың әрқайсысының жеке нұсқаулық кітапшалары бар. Ондағы тақпақ түрінде берілген ойыншықтарды құрастыру барысы мен атаулар баланың тілін дамытып, ойын ұшқырлауға септігін тигізеді. Ойыншықтардың тағы бір артықшылығы – оны бір немесе бірнеше бала бірлесе құрастыруына болады. Бұл балдырғандардың бір-біріне деген бауырмашылдығын арттыра түсуде. Мысалы, «Керемет үйдің» 6 кереге, 20 уығынан өзге үй ішіне қойылатын қайқыбас ағаш төсек, жүкаяқ, бесік, сырмақ сияқты ұлттық бұйымдары да бар. Сәби ойыншықтарды құрастыра жүріп-ақ санасында ұлттық өрнектердің, сол төңіректе тәрбиеші мен әжесі айтқан әңгімелерді тез әрі терең қабылдайтыны анық.
Медет КЕҢЕСОВ
Шығыс Қазақстан облысы,
Үржар ауданы,
Қарабұта ауылдық округі