Коллажды жасаған Амангелді ҚИЯС
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу... Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды», деген болатын. Ал біз бүгінгі қоғамның жеткіншектерін жазғырудан бұрын, осы нәрді әу баста оларға сіңіре алдық па дегенді ойладық па? Мамандар бұған «жоқ» деп кесімді жауап айтып отыр. Балабақшадағы тәрбие мен шетелдің мультфильмдерін былай қойғанда, бір ғана ойыншық арқылы біз балалардың санасын улап жатырмыз дегенді айтады психологтар мен ұлттық ойыншық шығарумен айналысып жүрген санаулы ұлтжанды бизнесмендер.
Абай Жетінші қарасөзінде: «Жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады... Біреуі – білсем екен демеклік. Не көрсе соған талпынып, жалтыр-жұлтыр еткен болса, оған қызығып, аузына салып, дәмін татып қарап, тамағына, бетіне басып қарап, сырнай-керней болса дауысына ұмтылып, онан ержетіңкірегенде ит үрсе де, мал шуласа да, біреу күлсе де, біреу жыласа да тұра жүгіріп, «ол немене?», «бұл немене?» деп, «ол неге үйтеді?» деп, «бұл неге бүйтеді?» деп, көзі көрген, құлағы естігеннің бәрін сұрап, тыныштық көрмейді. Мұның бәрі – жан құмары, білсем екен, көрсем екен, үйренсем екен деген», дейді. Бүгінгі күні баланың сол білсем екен деген қиялын шашы жалбырап, бет-аузынан қан аққан Чаки, құбыжық бейнесінде Фнаф, көзі аққан Мангл «қанаттандырып» жүр. Қазақ батырының бейнесін елестеткенді қойып, естіп те көрмеген бала «Өрмекші адам», «Бэтмен», «Супермен» болғысы келмей, қайтсін?!
Қазақы ойыншықтардың жеті бірдей түрін шығарып жүрген «Жеті өнер.kz» компаниясының директоры Ерасыл Қасықбаев ойыншықтардың бала дамуына ерекше ықпал ететінін айтады. «Ойыншық – баланы уақытша алдайтын құрал ғана емес, ол танымдық дүние. Зиялы ұлт болып қалыптасу үшін баланың интеллектуалдық дамуына ерекше көңіл бөлген жөн. Яғни бала ең алдымен, саусақ ұшының сезуі арқылы өзі ұстап отырған зат туралы түсінік қалыптастырады. Қолдағы моторика мен сенсориканың дұрыс дамуы, логикасы мен есте ұстау қабілетінің дамуына ықпал етеді. Өйткені мидағы осы ұсақ моторикаға жауапты орталық пен сөйлеу орталығы және интеллектуалдық орталық үшеуі бір-біріне жақын орналасқан. Демек осылардың біреуі дұрыс дамымаса, қалғандарының әрекет етуіне кері әсер етеді», дейді Ерасыл Сәкенұлы.
Демек бала немен ойнаса, ертең соның «жолын қуады». Елімізде 2007 жылы 21 шілдеде қабылданған «Ойыншықтардың қауіпсіздігі» туралы заң бар. Соған сай Білім және ғылым министрі 2008 жылы 10 маусымда №337 бұйрық бойынша ойыншықтарды педагогикалық-психологиялық сараптамадан өткізу ережесін шығарған болатын. Біз көтеріп отырған мәселені де осы құжат шешуі тиіс еді. Алайда, 2011 жылдың 15 шілдесіндегі Қазақстан Республикасының заңына енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға сәйкес бұл сараптаманың қажеттілігі алынып тасталады. Көз түгіл, көңілді де қуантып үлгермеген ұлттық стандарттың енді қайта қалпына келуі мүмкін бе?
Мұндай стандарттың өзге елдер шегелеп бекітіп те қойғаны анық. Деректерге сүйенсек, Германияда балалар ойыншығына жарты ғасырдан бері «Spiel gut» деген ұйым сараптама жүргізіліп келеді екен. Онда ойыншықтарды психологиялық-педагогикалық сараптамадан өткізу де міндеттелген көрінеді. Яғни бұл белгі қойылмаған ойыншықтар Германияның базарына шығарылмайды.
«Шынымен де қазіргі кей ойыншықтар адамгершілікке, тіпті жаратылысқа қайшы келеді. Сондықтан Қазақстан Еуразиялық экономикалық комиссия Кеден одағының бірыңғай аумағында жүзеге асырылатын ойыншықтардың психологиялық-педагогикалық қауіпсіздік талаптарын белгілеу бойынша «Ойыншықтардың қауіпсіздігі туралы» Кедендік одақтың техникалық регламентіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы ұсыныстарға бастамашылық етілген. Кеден одағында біздің бастамамызды жақтаған ел көп болғанымен, сарапшылардың пікірі әртүрлі болып жатыр. Мысалы, қазір шығып жатқан жыныс мүшелері айқын көрсетілген «пупсиктерді» бала тәрбиелеп отырған ана ретінде өз басым қолдамаймын. Ал медицина жағындағы өкілдеріміз ол балаға репродуктивтік тәрбие береді, сондықтан керек деген ой білдіреді. Қай елді алсақ та бала ойыншық арқылы тәрбиеленеді. Ойыншық баланың психикасына, тұлға болып қалыптасуына, таным-түсінігіне үлкен әсерін тигізбей қоймайды. Дүниежүзілік тәжірибеге қарай отырып, ойыншықтарға «ұсынылған» және «ұсынылмаған» деген белгіні ата-аналарға көмек ретінде ұсынған дұрыс», деген Білім және ғылым министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті Адамгершілік рухани құндылықтарды нығайту және ақпараттық сүйемелдеу басқармасының басшысы Гүлнаш Қошқарова мәселенің тек заңмен реттеу арқылы ғана шешілмейтінін айтады.
Оның айтуынша ойыншықтың ең алғашқы сарапшысы ата-ана болуы қажет. «Балаға ойыншық таңдауда ата-аналардың сауаттылық танытып, жауапкершілікпен қарағаны дұрыс. Материалдық тұрғыда заттың сапасына ғана көңіл бөліп қоймай, әр ойыншық балама қалай әсер етеді, қандай тәрбиелік мәні бар денсаулығына және психикалық дамуына зиян келтірмес пе екен дегенді де ескеруі дұрыс деп ойлаймын. Ал сол ата-аналарды ақпараттандырумен жұмыс жасайтындар біз бен сіздер. Аталған мәселе тек мемлекеттік мекемелердің ғана емес, жалпы халықтың, қоғамның бірлесіп қарастыратын ортақ мәселесі екені белгілі. Осы тұрғыда ата-аналар ойыншық таңдауда ұлттық дүниетанымымызға жат ойыншықтарды емес, тәрбиелік мәні бар ойыншықтарға көңіл бөліп, сұраныс тудырса, аталған мәселе біршама реттелері сөзсіз», деген Гүлнаш Хамитқызы елімізде ұлттық ойыншықтар жасайтындардың аз екенін, ал шығып жатқан ойыншықтардың қалтаны қағатынын айтады.
Шынында да, Қазақстанда ұлттық ойыншықтар шығаратын кәсіпкерлер аз. Онымен қоймай олар сұранысты толықтай қанағаттандырып отырған жоқ. Біз жоғарыда айтқан «Жеті өнер.kz» компаниясының өндірістік қауқары айына 2 млн теңгенің ойыншығын шығаруға ғана жетіп отыр. Тек ағаштан, сапалы түрлі-түсті бояуларды пайдаланып ойыншық өндіретін цех үшін бұл аздық етері сөзсіз. Соған қарамастан, алдағы уақытта «Жеті өнер.kz» компаниясының негізін қалаушы, «Жеті ойыншық» жобасының авторы Сәкен Болысов күніне 7-8 млн теңгенің өнімін өндіруді жоспарлап отырғанын айтады. «Негізінде мен ағаштан ұлттық аспаптар жасайтын шебермін. 2010 жылдан бері ойыншықтар жасауды қолға ала бастадым. «Жеті ойыншықтың» негізгілерінің бірі – ағаштан жасалған, құрастырмалы киіз үй мен домбыра. Баланың тіліне жеңіл болу үшін құрастырудың барысын өлең жолдарымен келтіріп, қосымша түсіндірме кітапшасын да шығардық. Осыған ұқсас мағыналы оюлар деп аталатын, 70 түрлі бөлшектен құралатын сырмақтар мен текеметтер бар. Ұлттық саз аспаптарының балаларға арналып жасалған түрін де осы жобаға жатқызамыз», дейді С.Болысов.
Бұдан бөлек елімізде тек қазақ тілінде ертегі оқып, ән айтатын электронды ойыншықтар да шығып жатыр. Кәсіпкер Ғалымбек Қызырбекұлы шығаратын «Электронды киіз үйде» балаларға арналған 1200 шығарма жинақталса, Қанатхан Әбілғалиұлы мен Жанар Сайлаубекқызы бірлесіп өндіріп жатқан «Ақылды қоянда» 3000-нан аса, «Ақылды қаламда» 2500-дей балалар қазынасы қамтылғаны көңілге қуаныш ұялатады.
«Бала тәрбиесі – өнер. Өнер болғанда ауыр өнер. Жеке бір ғылым иесі болуды тілейтін өнер. Бала тар ойлы, ақымақ болса бала кінәлі емес. Тәрбиеші кінәлі. Бала сұлулықтан ләззат ала білмейтін мылқау жанды болса бала айыпты емес. Тәрбиеші жазалы» демей ме Мағжан Жұмабаев! Бүгін біз балаларымызды батыстық барбилермен алдасақ, ертеңгі ұрпақ бізді қартайған шағымызда қарттар үйіне сүйремесіне кім кепіл?!
Майгүл СҰЛТАН,
«Егемен Қазақстан»