«Жігітте де жігіт бар, азаматы бір бөлек» деген тәмсіл де табылады. Жігіттің де төресі, азаматтың да асылы болмақ. Сыртынан көз салсаң судай жұмсақ, сырбаз. Күш-қуаты жүрегінде жасырулы. Мына елдің байлығы мен қорғаны сол – парасатты жігіттер.
Бірақ бәрі біз ойлағандай болған емес. Өзегіңді тіліп өртейтін өкінішті жайттар да бар.
«Өмір деген таңғалдырады. Менің Маржан атты әп-әдемі шаштараз қызым бар еді. Күйеуі, 3 жасқа екі ай қалған ұлы бар-тын. Сондай керемет маман, тиянақты, көңілді болатын. Соңғы кездері «Енеммен тұрамын, оның қандай екенін білсеңіз, күйеуім шешесінің сөзінен шықпайды, үнемі ұрыс шығарып, мені сабатады» деп айтып жүрді. Мен барынша жұбатып қоятынмын. Неге мән бермедім екен?! Сол Маржанымды осыдан 1 ай бұрын жоғалтып алдық. Не болғанын білесіздер ме? Күйеуі өлтіріп үйдегі кілемге орап тау етегіне апарып көміп тастаған. Мәйітті ашқан кезде ұялы телефоны қалтасында болған. Ең масқарасы Маржанды өлтірген кезде енесі мен қайнысы болған үйде. Өлікті барлығы жабылып көмуге атсалысқан. Не болып кетті өзі?! Бүгін барлығының анық-қанығын естіп қан жыладым. Бұл жайында ешбір телеарна айтпады. Талғар ауданында болған қанды оқиға. Қаншама қазақ қыздары осылай күйеу қолынан бақилық болуда Бір Алла біледі. Елімізде ешкім оның анығын айтпайды, жарияламайды» деп жазып жіберіпті «Игілік» журналының бас редакторы әріптесім Меруерт Әйтенова ханым.
Сосын тағы да жазыпты. «...Иә, солай болса болар еді, бірақ тек күйеуі ғана қамауда. Ене, бауыр деген еркіндікте. Күйеуі қарапайым қарауыл жігіт еді. Жасы 25 шамасында. Осыншама әйелді пышақтап сойып салу деген не өзі? Сән бе? Осыдан кейін мен кіммен өмір сүріп жатырмын деп ойланатын боламыз-ау? Мына жігіттің осындай жауыздыққа баратынына сену мүмкін емес. Түріне қарасаң қарапайым-ақ қазақ баласы...».
Тағы да ескі жараны тырнап отыр. Көзіміз ашылды, өркениеттің көшіне ілестік деп жүргенде жұрттың көз алдында жүрген Баянның басындағы жағдай үшін де жұрт екіге айырылып дауласты, әлі де пікір қайшыластырады. Ерлі-зайыптылардың арасына есі кеткен түссе де, еразамат ешқашан әйел адамға қол көтеріп, қорламауы керек екенін есі дұрыс адам біледі.
Осы бала күнімізде жүректе дақ қалдырған қайғылы бір оқиға болған-ды. Ол кісіні ұдайы күйеуі ұрып-соға беруші еді. Күләш апа тым момын болды ма, әлде жетім өскені әсер етті ме, сөзін сөйлейтін, қорғайтын адамы табылмағаннан кейін сол азаптың бәріне төзіп жүре беретін. Сөйтіп жүргенде айдың аман, күннің жылысында, бір күн де ауырмай, тапа тал түсте ол кісі көз жұмды. Қазір қарап тұрсақ, отызға да толмаған келіншек екен.
Кейін мәйіті көкала қойдай екенін, қиналып өлгенін сүйегіне түскендер сыбырлап айтып жүруші еді. Адамның қорқауы ғана баратын қылмысты жариялауға жұрттың неге дәті бармады екен сол кезде?
Осындай жан түршіктірер оқиғалар орын алған сайын Желтоқсан көтерілісінің қаһарманы Қайрат Рысқұлбеков өзінің түрмеден елге аманат етіп айтқан сөзі еске түседі:
– Менің түсінігімше, ер адамдар тұрмақ, аң екеш аңдар да ұрғашысына мүйіз, я болмаса тұяғын көтермейді. Ал біз бәріміз аң емес, адамзаттың ұлы – адамбыз! Сондықтан ер адам әйел затына қол көтеріп, қол жұмсауға тиіс емес, әуелі еш правосы жоқ!
Қайрат Рысқұлбеков: «Алаңға мен Қонаевты да, басқаны да қорғауға емес, қазақ қыздарын шашынан сүйреп, ұрып жатыр деген соң бардым». Батырдың сөзі! (Қайрат Рысқұлбековтің сотқа берген жауабынан).
Тағдыры қылдың үстінде тұрған осы азаматтан асырып не айтуға болады?! Ұлттың намысы мен азаттығы сынға түсіп жатқанда қарындастары үшін басын ажалға тіккен осындай арда жігіттер барда, неге қазақтың әйелдері түкке тұрғысыз үй ішілік кикілжің үшін өлім құшады?
Мәселен, Қазақстанда әрбір сегізінші әйелге зорлық жасалады. Жыл сайын 400 әйел отбасындағы зорлық-зомбылықтың кесірінен көз жұмады, дейді бір дерек көзі. Бұл ресми статистика. Ендігі бір мәліметтерде жылына 500-дей әйел күйеуінің қолынан қаза табатыны айтылады.
Ал біздің мақсатымыз, қанша әйелдің таяқ жегенін анықтау емес, осы жауыздықты тоқтату. Қит етсе жұбайына қол көтеру, азаптау – ол адамның психикалық ауытқушылығын білдіретінін түсіндіру. Мәселенки, ер адамның әйел адамға қол көтеруінің мынадай себептері болады-мыс:
1. Мас күйде есін білмей ұруы;
2. Ішкілікке салынуы. Бұл – еркекті тоқыратып, адамшылығын жоғалтады;
3. Ер адамның психикалық ауытқуы;
4. Ер адамның тым қызғаншақ болуы;
5. Әйелдің өзін ұруға дейін жеткізуі;
6. Әйелдің ер адамға өзі бастап қол көтеруі.
Отбасылық кикілжіңдерді талқылаған интернет-форумда осы келтірілген мысалдарға қатысты «Психикалық ауытқуға ұшыраған деуге болмайды. Оның бірнеше себептері болады ғой. Әйел көп нәрсені өз тілінен, не ісінен табады» деп уәж айтыпты бір «азаматтарымыз». Әрине бұл – ақталу. Бұл адамның жүйкесінде кінәрат болуын ақтау. Ешқашан нағыз азамат балаларының көзінше шешесін шырылдатпайды. Ұл-қыздарын ұлардай шулатып, итше тепкілеп, ұрып-соқпайды.
Кейде біз заман азды, адам тозды дейміз. Заман орнында тұр. Өтіп бара жатқан уақыт емес, біз өтіп барамыз. Алланың азды-көпті ғұмырын қиянатқа суаруды ешбір дін мен қоғам қолдамайды.
Жігіттерге бір мысал. Мүміндердің әміршісі Омарға (р.а.) әйелінің ұрсып жатқанын көріп таңғалған адамға Омар (р.а.): «Шын мәнінде әйелім мен үшін тыныштығым, балаларымның анасы, мен демалсын деп астыма төсенішімді төсейді, тамағымды пісіріп, киімімді жуады. Менің тарапымнан болған бар ауыртпашылыққа сабырлылық танытады. Ендеше әйелімнің кей кездері маған дауыс көтергеніне қалайша сабыр етпейін» деп жауап берген екен. Бұл – өзіне сенген, рухы күшті пайғамбардың сөзі!
Не десек те, қиянат пен зорлық-зомбылық надандықтың айналасында жүреді. Мәселен, былтыр қараша айында ғаламторда Ауғанстанның Гор провинциясындағы бір ауылдың діни қызметкері, жасы 50-ден асқан Сайыд Мұхамет Кәрім тұтқындалып, кәмелет жасқа толмаған 6 жастағы қызды ұрлап, үйленбек болды деп айыпталды. Бұл оқиға Ауғанстандағы бала жастан үйлену және оның заңсыз екені туралы мәселеге тағы да жұрттың назарын аударды. Өйткені биыл 16 шілдеде осы Горда 14 жастағы «жүкті әйел» Зухра қаза тауып, оның ата-анасы оны «күйеуінің туыстары азаптап, өртегенін» мәлімдеген болатын. Ал Зухраның күйеуінің туыстары «әйел өзін-өзі өртеді» дейді. Сол кезде кейбір ауған әйелдері мәжбүрлі некеден құтылу үшін өзін өзі өртеген оқиғалар жиілегені жазылды... Міне, әйелге деген қиянат қай жерде жүреді?
Мысалы, жуырда бір қазақ сайты «Ислам әдебі туралы кітап авторлары әйел адамды қалай және қай жерінен ұру керектігін түсіндірді» деген материал жариялап, үзінділер келтіріпті. Ақыл-есі бүтін адамның күлкісі емес, ашуын туғызған сол «кеңестерді» қабылдаған бір адам жоқ. Ал күйеуінен махаббаттың орнына азап көрген әйелдің жүрегі суып, сыйластығы жоғалатынын жазып отырудың өзі де артық.
Ендеше, еркек анасына даусын, әйеліне қолын көтерген күні еркек атынан айырылады.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ