Фото: Алматы қаласы туризм басқармасы
«Kazakh Tourism Development» компаниясының бас атқарушы директоры Ержан Еркінбаев «Almaty Superski: Алматы агломерациясын кешенді дамытудағы кластерлік тәсілдің артықшылықтары» тақырыбында баяндама жасады. Оның айтуынша, Almaty Superski жобасы Алматының тау инфрақұрылымын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған. Жоба аясында 60 шақырым тау шаңғысы трассасын салу, 16 заманауи аспалы жол іске қосу және күніне 10 мыңға дейін шаңғышыны қабылдау мүмкіндігі қарастырылған.
Спикердің сөзінше, мұндай ауқымды жоба тек туризм саласын ғана емес, көлік, сервис, шағын және орта бизнес, білім беру бағыттарын да қатар дамытуға серпін береді.
Сонымен қатар, «Almaty Tau Management» компаниясы басқармасының төрағасы Жан-Пьер Барало Еуропа елдерінің тәжірибесіне тоқталды. Ол Франция мен Аустрия қысқы туризм индустриясында көш бастап тұрғанын атап өтті.
Мәселен, Францияда жыл сайын 54,8 миллион, Аустрияда 52,6 миллион шаңғы тебу күні тіркеледі. Францияда түнемелер саны 100 миллионнан асса, Аустрияда бұл көрсеткіш 64,7 миллионға жеткен. Халықаралық туристер үлесі Францияда – 35%, ал Аустрияда – 76%. Аустрияның қысқы туризм индустриясының жылдық айналымы – 12 миллиард еуро.
Сарапшылардың пікірінше, табысты даму үшін жүйелі инвестиция, сапалы инфрақұрылым және қызмет көрсету деңгейін арттыру маңызды. Францияда қонақүйлердің орташа толымдылығы – 71%, ал ең жоғары кезеңде 85% болған. Бұл – ұзақ мерзімді инвестициялық саясаттың нәтижесі.
Алматы тау кластерінің әлеуеті жоғары: Халықаралық мамандар пікірі бір арнада тоғысты
Жиында айтылғандай, тау кластері толық іске қосылған жағдайда, Алматы бұрынғыдай болмайды. Жоба әртүрлі біліктілік деңгейіндегі мамандарға жаңа жұмыс орындарын ашады, инвесторлар үшін табысты бағыт қалыптастырады, жол, қоғамдық көлік, денсаулық сақтау сынды инфрақұрылымды жаңғыртуға ықпал етеді. Әрі
жаңа мамандықтар мен білім беру бағдарламаларын дамытуға жол ашпақ.
Осылайша, халықаралық және отандық спикерлер Алматының тау туризмін дамыту бастамаларын қолдап, кластерлік модельдің өңір экономикасына мультипликативті әсер беретінін атап өтті. Алматының табиғи әлеуетін тиімді пайдалану арқылы қала Орталық Азиядағы жетекші тау-шаңғы туризмі орталығына айналуға толық мүмкіндігі бар.