Мәдениет •

Түркістан облысында кітапханасы бар екі жаңа мәдениет үйі ашылды

1 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы аясында Түркістан облысында ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға және өңірдің мәдени әлеуетін нығайтуға бағытталған жобалар жүзеге асырылып жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz

Түркістан облысында кітапханасы бар екі жаңа мәдениет үйі ашылды

Осыған орай Сарыағаш және Келес аудандарында кітапханасы бар екі заманауи мәдениет үйі пайдалануға берілді. Ашылу салтанатына Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысты.

«Мәдениет – ұлттың рухани тірегі әрі мемлекетіміздің айнасы. Түркістан облысы құрылғаннан бері өңірде 26 мәдениет үйі мен клубтың құрылысы аяқталды. Жаңа нысандар рухани өмірдің, шығармашылықтың және жастардың жан-жақты дамуының орталығына айналады», деді облыс әкімі.

Сарыағаш ауданына қарасты Тегісшіл ауылдық округінің Мәдениет ауылында 75 орындық мәдениет үйі мен кітапхана ашылды. Сонымен қатар облыстық бюджет есебінен құны 31 миллион теңгені құрайтын балаларға арналған спорттық-ойын алаңы салынды.

Заманауи спорт орталығы ашылды

Сол күні Келес ауданының Жүзімдік ауылында да 149 орындық жаңа мәдениет үйі мен кітапхана пайдалануға берілді.

Облыс әкімінің айтуынша, өңірде мәдениет саласын дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Бүгінде Сарыағаш ауданында бес, ал Келес ауданында төрт мәдениет үйі пайдалануға берілген. Бұдан бөлек, биылғы жылдың соңына дейін Келес ауданында аудандық музейдің құрылысын аяқтау жоспарланып отыр.

Салтанатты рәсімнен кейін Нұралхан Көшеров ауыл ақсақалдарымен бірге жаңа нысандардың символикалық лентасын қиып, олардың ресми ашылуын өткізді.

Соңғы жаңалықтар