Парламент • 06 Сәуір, 2018

Әлеуметтік бастамалардың басымдықтары түсіндірілді 

368 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Елбасы Н.Назарбаевтың бес бастамасы әлеуметтік мемлекет құрылымының өзегіне айналды. Осы маңызды бағдарламаны ел ішіне жете таныстыруды мақсат еткен Парламент депутаттары жергілікті жұртшылықпен кездесулер өткізуде. Заң шығарушылар елімізді түгел аралап, жергілікті жерлердің өзекті мәселелеріне де назар аударуда. Президент бастамаларының шапағатынан үмітті жұртшылық аталған бағдарламаға ерекше қолдау білдіріп жатыр. 

Әлеуметтік бастамалардың басымдықтары түсіндірілді 

Өңірлерге сапар аясында Парламент Сенаты Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төр­ағасы Георгий Ким еліміздің Мемлекеттік қызмет істері және сыбай­лас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі агенттігі Қарағанды об­лыс­тық департаментінің басшылығымен және қызметкерлерімен кездесті. 

Сенатор кездесу барысында департамент жұмысының негізгі бағыттарымен танысты және Президенттің бес бастамасын іске асыру қажеттігін жан-жақты түсіндірді. Атап айтқанда, депутат Мемлекет басшысының ұсыныстарын іске асыру және ілгерілету жөніндегі арнайы жоспар әзірлейтін арнайы топ құруды ұсынды. Бұл жоспарда мемлекеттік қызметшілердің жұмыс істеуіне жағдай жасау және Елбасының тапсырмаларын кідіртуге және сапасыз орындалуына жол бермеу жөніндегі екі мәселе қамтылуы тиіс екендігі айтылды. Депутат Қарағанды облыстық сотының ұжымымен де кездесті. 

* * *

Сенаттың Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің хатшысы Сәрсенбай Еңсегенов Атырау облысы, Индер ауданының Жарсуат ауылдық округінде және Құрылыс ауылында жергілікті тұрғындармен болған кездесулерде бес әлеуметтік бастаманың басты бағыттарын жан-жақты түсіндіріп берді. 

Жиында тұрғын үй сатып алуға арналған несиенің ерекшеліктері, еңбекақысы төмен адамдарға салықты азайту, шағын кәсіпкерлікті өрістету үшін жеңілдікпен берілетін несие шарттары туралы әңгіме өрбіді. 

Аймақтағы кездесулерге аудан әкімдері мен аудандық мәсли­хат­тардың хатшылары да қатысты. 

* * *

Ақтөбе облысындағы Қарғалы ауданының тұрғындарымен кездесуде сенатор Мұхтар Жұмағазиев Мемлекет басшысының бес бастамасы ауыл тұрғындары үшін жаңа мүмкіндіктер беретіндігін баяндады. Депутат Үндеудегі үй сатып алуға берілетін жаңа мүмкіндіктер, білім алудың сапасын арттыру және салық ауыртпалығын төмендету мәселелеріне жан-жақты тоқталды. Ал ауыл тұрғындары кездесу барысында зейнетақының жаңа жүйесін енгізуге, ауылдық жерлерге жас мамандарды тұрақтандыру мақсатында жалға берілетін тұрғын үй құрылысына қатысты сауалдар қойды.
М.Жұмағазиев осы аудандағы Қосестек ауылында болып, жергі­лікті тұрғындардан сүт сатып алатын «Қосестек» ауылшаруашылық коопе­ративінің жұмысымен танысты. Кәсіпорынның 4 тонна сүт қабыл­дауға әлеуеті жететін бекеті, сүт тасушы көлігі, жалпы саны 87  ірі қара малы бар. Олар ауылдық жерде кәсіпкерлікті табыс­ты жүргізіп келеді. Дайын өнім Ақтөбе қаласының базарларына жеткі­зіледі. 

Сенатор Мұхтар Жұмағазиевтің жұмыс сапары Мұғалжар ауданында жалғасып, бұл жерде де бірқатар кездесулер өткізді. 

* * *

Сенатор Манап Көбеновтің Павлодардағы кездесулерінің біріне дә­рігерлер шақырылды. Аталған басқосуда Ертісті жағалай қоныс­танған ауыл-аймақта қатерлі ісіктің өршіп тұрғандығы айтылды. Сол себепті депутат Павлодарда онкологиялық аурухана салудың маңыз­дылығына тоқталды. 
Сенатор барлық маңызды мәселелер мен ұсыныстарды Денсаулық сақтау министрлігіне жеткізетінін және Президенттің бес әлеуметтік бас­тамасы тікелей халықтың әл-ауқатын жақсартуға қатысты екен­дігін баяндады. 

* * *

Орал қаласындағы мұнай-газ және салалық технологиялар колледжіндегі 2100 студенттің 1400-і мемлекеттік грант негізінде оқып жатқанымен, жастардың біршамасы пәтер жағалап жүр. Аталған оқу орнында кездесу ұйымдастырған сенаторлар Ерболат Мұқаев пен Нариман Төреғалиев енді бұл қиыншылықтардың Елбасы бастамаларының негізінде өз шешімін табатынын айтты. 

Депутаттар еліміз төртінші өнеркәсіптік революция аясындағы міндеттерді жүзеге асыруы үшін білікті мамандар қажет екенін еске сала келіп, мемлекет тарапынан көптеген гранттар берілуі жастардың қалаған мамандықтарын игеруге жол ашатынын айтты. 

* * *

Жаңаөзен қаласына жұмыс сапарымен барған Мәжіліс депутаттары Тарас Хитуов, Ирина Унжакова, Геннадий Шиповских, Бақытгүл Хаменова «Жанарыс» ЖШС ұжымымен кездесіп, оның жұмысымен танысты. Кездесу барысында депутаттар Елбасының бес әлеуметтік бастамасын жан-жақты түсіндіріп, ұжым мүшелерінің сұрақтарына жауап берді. Уақытында дүркіреген Жаңаөзен тігін фабрикасы 1996 жылы «Жанарыс» ЖШС болып қайта құрылып, бүгінгі таңда 600-ге жуық адамды жұмыспен қамтып отыр. «Жанарыс» тігін фабрикасының арнаулы жұмыс киімдеріне мұнайшылар, құрылысшылар, коммуналдық және медицина саласында қызмет көрсетушілер арасында жоғары сұранысқа ие болып отыр. 

* * *

Ал Мәжіліс депутаттары Ирина Аронова, Бақытжан Ертаев, Гүл­нар Бижанова, Нұрлан Әбдіров, Альберт Рау және Арман Қожах­метов Қостанай облысындағы жұмыс сапарының шеңберінде еліміз­дің ең ірі өнеркәсіп орындарының бірі «Соколов-Сарыбай кен байыту өндірістік бірлестігі» АҚ құрамына кіретін Қашар кен басқармасында болды. Аталған кен орнында жылына 14 млн тонна руда өндіріледі. Жұ­мыс­шылардың орташа айлық еңбекақылары 190 мың теңгеге жеткен. 

Мұнан соң Мәжіліс депутаттары Рудный индустриялық институтының студенттерімен және профессорлық-оқытушылар құрамымен жүздесіп, Рудный қалалық ауруханасының заманауи медицина құралдарымен жабдықталған хирургиялық, реанимациялық және рентгенологиялық бөлімдерін аралап көрді. 

Өз кезегінде медицина саласының қызметкерлері Елбасының әлеуметтік бастамаларын ерекше қабылдағандарын және бұл бастамалардың кеншілер қаласы тұрғындарының тұрмыстарына оң әсер тигізетініне сенімділіктерін білдірді. 

* * *

Мәжіліс депутаты Роман Ким Жамбыл облысындағы сапары барысында Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметовпен және облыстағы этномәдени бірлестіктердің жетекшілерімен, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы өкілдерімен, Қазақстанның корейлер қауымдастығы мүшелерімен, Тараз мемлекеттік университетінің профессорлық-оқытушылық құрамымен кездесті. 

Сондай-ақ Жамбыл облысындағы іс-шаралар барысында елдегі ветеринарлық-санитарлық қауіпсіздік саласындағы проблемалық мәселелер көтерілді.

* * *

Мәжіліс депутаттары Дархан Мыңбай, Балайым Кесебаева, Фахриддин Қаратаев, Амангелді Дәуренбаев, Абзал Ералиев және Наталья Жұмаділдаева Сыр өңіріндегі жұмыс сапары барысында Шиелі ауданындағы бірқатар әлеуметтік нысандарды аралады. 

Халық қалаулылары алдымен «Мөлдір и К» серіктестігінің құс шаруашылығы жұмысымен танысты. Бұл шаруашылық 2016 жылы ашылған. Оған 165 млн теңге көлемінде инвестиция салынған. Бүгінде құс фермасы тәулігіне 20 мың дана жұмыртқа өндіріп, өңір тұрғындарын қамтамасыз етіп отыр. 
Жалпы, жұмыс сапары барысында халық қалаулылары жұмыс­шы­лар тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді.