ҚазҰУ ғалымдары мен оқытушылары су тасқыны кезінде қиын жағдайға тап болған жандарға көмек көрсету үшін бір күндік жалақыларын аудару жөніндегі жоғары оқу орны басшылығы мен кәсіподақ комитетінің ұсынысын бірауыздан қолдады.
«Біз күнделікті жаңалықтардан апат салдарының қалай жойылып жатқанын көріп отырмыз, өңір тұрғындары үлкен қиыншылыққа тап болды. Адамдар баспанасыз қалды, мүліктерінен айырылды. Осындай қиын тұста ел болып қолдау танытуға тиіспіз», деп атап өтті философия және саясаттану факультетінің деканы Әлия Масалимова.
Университеттің барша қызметкерлері, бөлімдері бұл шарадан тыс қалған жоқ. Материалдық көмек арнайы қаражат есебіне аударылды, қаражат жинау жұмысы одан әрі жалғастырылады.
«Біз зардап шеккендерден алыстамыз, алайда осы жиналған қаражат оларға қандай да бір жәрдем болар деп үміттенеміз. Су тасқынынан зардап шеккен аудандарда біздің кейбір оқытушыларымыздың туысқандары мен таныстары тұрады», деді журналистика факультетінің доценті Марлан Негізбаева.
Арман ОКТЯБРЬ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ